Облыстық тарихи-өлкетану мұражайында петропавлдық мектептер мен колледждердің оқушыларына Тәуелсіздік күніне орайластырылған арнайы сабақ өткізілді. Онда балалар 1991 жылы еліміз егемендік алған күннен бүгінге дейінгі тарихынан құлағдар болды. Оған биыл – 23 жыл. Осы аралықта Қазақстан өзін әлемге жас та болса серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде таныта білді.
Тарихтан сыр тарқатар жәдігерлер арқылы түсіндірілген сабақ барысында оқушылар арнайы қойылған сұрақтарға жауап беріп, азаттығымыздың кей тұстарын нақты дәлелдермен толықтырып отырды.
– Балалардың тәуелсіздік жайындағы ой-өрістері кең. Еліміздің жүріп өткен жолынан хабардар. Өскелең ұрпақ елдің болашағын нұрландырарына сенім мол, – дейді экскурсия-сабақты жүргізген мұражай қызметкері Михаил Вервикшин.
Өрімдей жігіт жасындағы Қазақстан бүгінде еңсесі тік, тәуелсіздік тұғыры нық елге айналды.
Басты құндылығымыз – халықтар арасындағы достық, дінаралық, этносаралық татулық. 23 жыл ішінде бағындырған асуларымызда олардың әрқайсысының тамшыдай болсын үлестері бар. Сабақ барысында осы жағына айрықша көңіл бөлініп, мұның бәрі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған салиқалы саясатының жемісі екендігі айтылды.
Өскелең ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарытатын мұндай сабақтар алдағы уақытта да жалғасын таппақ.
Самат ЕСМАҒИ,
“Солтүстік Қазақстан”.