
“Өткенін білмегеннің болашағы бұлыңғыр” дегендей, жас ұрпақты тәрбиелеуде Қазақстан тарихының маңызы зор. Сабақ барысында, сыныптан тыс іс-шаралар кезінде осы жағдайды ұмытпаған жөн. Қазақстан тарихының қай кезеңі, қай бөлімі болсын жеткіншек санасына әсер ету мүмкіншілігі мол. Мысалға, сақ дәуіріндегі Томирис патшайым бастаған массагеттердің Еуразияны дүр сілкіндірген Кир патшаның әскерін талқандауы баланың өз жерін мекендеген ұлы тайпалардың ерлігіне деген сүйіспеншілік пен мақтаныш сезімін оятары сөзсіз. Сол сияқты XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың басындағы қазақ хандығының алауыздығы салдарынан қазақтың халық ретінде жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған кезеңін алсақ, елдің бірлігі мен бүтіндігі қай заманда болсын ең биік мақсат екендігін айқындайды.
Сталиндік зобалаң кезеңіндегі күшпен ұжымдастыру, репрессия, заңсыздық пен адам құқығының аяққа басылуы оқушыға қалай әсер етуі мүмкін? Бұл оқушының азаматтық ұстанымының қалыптасуына, шынайы демократиялық құндылықтарды бағалауына, жан-жақты дамыған тұлғаның қалыптасуына игі ықпал етеді. Осы сияқты тарихтың әрбір тақырыбынан тәрбиелік мағына табуға болады.
Өз тәжірибемде бастауыш және орта буын кезеңінде оқушыларды халқымыздың материалдық және рухани мұрасымен таныстырамын. Ол үшін мектеп мұражайларында кездесетін өткен ғасырдың қолданбалы өнер бұйымдарын және аудандық, облыстық өлкетану мұражайларындағы жәдігерлерді балалардың танымдық деңгейін арттыруға пайдаланамын. Абылай хан резиденциясы, Қожаберген жырау кесенесі, Шоқан Уәлиханов мұражайлары – оқушыларға таныстыруға тұратын тарихи орындар.
Мектеп мұражайлары – оқушыларға отаншылдық, адамгершілік, эстетикалық, азаматтық, ұлтжандылық тәрбие беру құралы. Біз өз тәжірибемізде мектебіміздегі мұражайдың материалдарын сабақта, сыныптан тыс жұмыстарда, оқушыларды ғылыми-шығармашылық жұмысқа баулуда кеңінен пайдаланамыз.
Жоғары сынып оқушыларының жас ерекшелігіне және біліктілік деңгейіне байланысты тарих сабағында тәрбиелік мағынаны тереңдете түсемін. Еліміздің ерекшелігі оның көпэтносты және көп-конфессиялығы ескеріліп, Қазақстан халқының бірлігі біздің ең басты жетістігіміз екенін оқушы санасына сіңіру абзал. Көпэтносты Қазақстан үшін отансүйгіштік сезімнің мемлекеттің материалдық негізін нығайтуға тікелей ықпалы бар.
Кейде бір өзіне бірнеше мемлекет сыйып кететін ұлан-байтақ жерді ата-бабамыз сан ғасырлар бойы қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай қалай аман сақтаған деп таңданамыз. Шынында, талай зобалаң кезеңді бастан кешірген қазақ елі найзаның ұшымен, білектің күшімен өз жерін сақтап қалған. Ұлы бірлік – отансүйгіштік рухтың аса бір қасиетті тірегі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік жолында ту етіп көтерген реформаторлық идеяларының бірі қазақстандық патриотизм ұғымымен астасып жатуының терең мәнін де содан іздеген жөн.
Бұрын-соңды даму үдерісінде отансүйгіштік ұғымы бізде, негізінен, біртекті халықтың басын біріктіріп, бір мақсатқа жұмылдыруға қызмет етіп келгені белгілі. Сонау Мөде, Жәнібек пен Керей, Тәуекел мен Тәуке, Есім мен Қасым, кейінгі Абылай мен Әбілқайырдың тұсындағы ахуал да осындай болатын. Ал қазір елдік мақсаттар көпэтносты қоғам жағдайында шешілуі керек.
Төл тарихы, мәдениеті мен өнері, экономикалық қуаты жоқ ел басқаларға қызықсыз. Ал оларды кең таныту үшін алдымен қадір-қасиетіңді өзің жақсы білуің, мақтаныш ете алуың керек. Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өту барысында оқушыларымызға осыны ұғындырсақ, игі.
Бекет БАЯХМЕТОВ,
М.Ахметбеков атындағы орта мектептің
тарих пәнінің мұғалімі.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.
Шал ақын ауданы.