«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХТЫ БІЛУ — ҰРПАҚҚА ПАРЫЗ

Биыл елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтеді. Ерекше бір айтарымыз – «Жоқтан бар болмайды, бар нәрсе өзінің жалғасын табады». Қазақ мемлекеті, кейбіреулер айтқандай, біреулердің қалауымен немесе құзыретімен кеше ғана пайда бола қалған жоқ. Оның тегі сонау біздің дәуірімізге дейінгі Сақ, Ғұндардан басталып, Үйсін, Қаңлы, Алан мемлекеттерінен тамыр тартып, VІ ғасырда Түрік қағанатынан, XІІ-XІІІ ғасырлардағы Көк Орда, Ақ Орда, Алтын Ордадан келіп шығып отыр. Солардың заңды мұрагері ретінде ғасырлар бойы өмір сүріп келген өз атақоныс мекенінде пайда болған мемлекет.

XV ғасырда Қазақ хандығы болып жеке шаңырақ көтерген. Жәнібек пен Керей хандардан бастап, XІX ғасырдағы Кенесары ханға дейін қазақ халқын 38 хан басқарған. Қасым ханның «Қасқа жолы», Есім ханның «Ескі жолы», Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» сияқты әдеп-ғұрыпқа негізделген ел басқарудың заңдары мен ережелері, ғасырлардан жалғасқан, сот жүйесін қалыптастырған Билер институты болды. Бүгінгі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» бағдарламасы осы бабалар ғұмырын жалғастырып отыр.  

Бұл айтылған деректер нақты тарихи, өшіре алмайтын шындық. Небір аласапыран қырғын соғысты басынан өткеріп, мың өліп, мың тіріліп, жойылып кетпей, ұлт ретінде сақталып, тарих көшінен қалмай, бүгінгі күнге жетті. «Қазақ – ел болсын!» – деп бүгінгі жерімізді ешкім де сыйлыққа бере салған жоқ. Білектің күшімен, найзаның ұшымен, ақыл-парасатымен қазақ халқы жерін сыртқы жаулардан қорғап қалды және біздерге мұра ретінде қалдырды. Сөйтіп, бүгін әлем таныған Қазақстан Республикасы болып отыр. Сондықтан Қазақ хандығының 550 жылдығы – еліміздің ұлы мерекесі. Осы айтулы мерекеге әрбір Қазақстан азаматы өз үлесін қосары анық. Мен де ұлт перзенті ретінде өз үлесімді қосып отырған жайым бар.

Жақында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Ғасырлар үні» атты екі дисктен тұратын үнтаспам жарық көрді, яғни ол – XVIII-XX ғасырларда ғұмыр кешкен ақын жыраулардың жыр-термелері. Оның бір ерекшелігі – мұндағы шығармалардың 99 пайызы бұрын жарыққа шықпаған тың туындылар. Бұлар менің талай жылғы еңбегімнің жемісі десе де болады, мұрағаттан, ел аузынан, ертеректегі басылымдардан жинаған құндылықтар.

Негізгі қызметім заңгерлік болғанымен, жасымнан ән салып, күй шертіп, жыр-терме айтып келемін. Қазіргі уақытта прокуратура органында жиырма бес жыл қызметтен кейін зейнетке шықтым.

Бұдан бір жыл бұрын «Ұлт рухы» атты жыр-терме, толғаулардан тұратын үнтаспам жарық көріп, халыққа таратылған еді. Соның заңды жалғасы ретінде жарық көріп отырған осы екінші үнтаспам да халыққа жол тартты.

Бұл үнтаспа Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып отырғандықтан, «Абылай хан» дастанынан басталып, Қабанбай, Райымбек, Сұраншы батырлардың ел тәуелсіздігі жолындағы сыртқы жаулармен шайқастары жайлы жырлана келіп, 1916 жылғы ұлтазаттық көтерілістен кейін қазақ халқының қырғынға ұшырап, атамекеннен ауа көшуі және 1932 жылғы ел басына түскен нәубет – ашаршылық жайында жырмен аяқталады.

Сонымен қатар, Қабан жырау, Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Бөлтірік, Асан, Кенен, Көдек, Шарғынның інжу-маржан термелері айтылады.

Бұл еңбегіме пікір жазған Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ермұрат Үсенов аталған үнтаспадағы жыр-термелерді қазақ өнеріне қосылған үлес деп жоғары бағалап, мұндай жыр-жинақтың Жетісу жыр мектебі үлгісінде тұңғыш рет жарыққа шығып отырғанын және оның жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеудің бірден-бір жолы екенін атап көрсетті.

Кезінде Жетісу өңірінде жыршылық-термешілік мектептің туын көтерген жыраулар, яғни «Мың бір түнді» 30 күн жырлаған Құлмамбеттің, қырғыздың «Манасын» күні-түні орындаған Бөлтіріктің, шығыстың лироэпостық жырларын айлап айтқан Қабан жыраудың, тағы басқа таланттардың жыршылық дәстүрі үзіліп қалды. Осы олқылықтың орнын, аз да болса, толтыру мақсатында, әрі «жас ұрпаққа үлгі болсын», – деп еңбектеніп, аталған үнтаспаны жарыққа шығардым.

Шығыс түркістандық Ә.Нәбиұлының «Абылай хан» дастанында бала Әбілмансұрдың ел кезіп жүріп Төле биге келіп, Сабалақ атанып, түйе бағуы, одан Бөгенбай батырға еріп қазақ жасағына қосылуы, жекпе-жекте жоңғар ханзадасы Шарышты өлтіруі, жауды жеңіп, «Хан Абылай» атануы көркем тілмен жырланады.

Саршауаш жыраудың Қабанбай батырмен арыздасуы халқымыздың бұрыннан келе жатқан дәстүрі, қазіргі кезде ұмыт болған. Қабанбай батырдың өмірден өтер алдында қатты сырқат екенін естіген Үйсіннің игі жақсылары, ішінде батырлардан – Наурызбай, Қойгелді, Райымбек бар, көңілін сұрауға барады. Бұл топта Қабанбайдың тұстасы албан Саршуаш жырау да болады. Жалайырдан Ескелді би бастаған ел ағалары барады. Үш күн жатып, Қабанбайдың көңілін көтеріп, өткен күндерден әңгіме-дүкен құрады. Саршауаш жырау батырдың ерлік жорықтарын жыр етіп, дәстүр бойынша арыздасқан (қоштасқан) екен. Осыдан кейін батыр басын көтеріп, атқа мінуге жарап, жайлауға көшіп барғанда дүние салады. Бұл арыздасу үш ғасыр өткен соң халқымен қайта қауышып отыр.

XVIII ғасырда өмір сүрген Сабдалы жыраудың «Райымбек батыр» дастанында Райымбек батырдың Көкпектің жазығында болған үлкен ұрыста бір күнде қалмақтың 17 батырын жекпе-жекте өлтіргені, Ағанас ханның басын алғаны, тапқырлық танытып, өткел бермес Іле өзенінен қалың жасағын аман алып өткені жайлы ерліктері және шайқаста бірге жүретін ақ бурасының Хантәңірінің баурайынан батырдың денесін бірнеше күн жол жүріп, еш жерге шөкпей, Алмалы қыстағына (қазіргі Алматы қаласы) жеткізгені жайында баяндалады.

Жамбыл бабамыздың дастанында Қарасай батырдың ұрпағы Сұраншы батырдың қырғыздың қалың қолымен жалғыз өзі шайқасып, Орман ханды найзамен түйреп өлтіретін ерлігі баяндалады.

XVIII ғасырда ғұмыр кешкен Қабан жыраудың термелері философиялық ойдың тереңдігімен, халықтың інжу-маржан сөздерімен ерекшеленеді.

Бақтыбай, Сүйінбай, Құлмамбет, Кенен, Асан, Жүсіпбек қожа, үнтаспадағы т.б. ақын-жыраулардың жыр-термелері жайлы да осылай деуге болады.

Асан Барманбекұлының «Бодандық қасіреті», «Бодан болдық жат жұртқа» дастандары, аттары айтып тұрғандай, патшалы Ресейдің ХІХ ғасырда отарлау саясатынан зардап шеккен қазақ халқының аянышты тағдыры көркем тілмен суреттеледі.

Ата-бабаларымыздың ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен қорғаған ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-байтақ даламызда ел басқарған хандар, қол бастаған батырлар мен сөз бастаған бишешендер аз болған жоқ. Олардың елін, жерін қорғаудағы ерлік істерін дәріптеп, кейінгі ұрпаққа жеткізуші ақын-жыраулар ұлттың рухын асқақтатып отырған.

Нақты оқиға желісіне құрылған батырлар жырлары мен хисса-толғауларды сіңіріп өскен ұрпақтың бойында ұлттық намыс, ұлтқа тән мінез қалыптасады. Ұлттың болашағы – ұлт рухында. Рухы мықты халықты ешкім басынбайды.

Адамның рухы жоғары болуы үшін рухани азық керек. Рухани азықты ұлттық өнерден аламыз, яғни ән-күй, терме, жыр, шешендік сөздер, айтыс – соның қайнары. Адамға ауа қандай қажет болса, рухани азық сондай қажет.

Ұлттық өнер – бабаларымыздан қалған халқымыздың асыл мұрасы. Ол жоғалмауы керек. Осы асыл мұраны дәріптеу – бізге міндет.

Қазақ халқы – дана халық. Ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен ұлтпыз. Елді басқару жүйесі де ерекше. Абақты салмаған, жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған халықпыз. 12 жасында билік айту қай халықта бар? Жеті атаға толмай қыз алыспаған, қанын қастерлеп, таза ұстаған ұлт. Уәдеге берік, досқа адал. Қайыршы деген мүлде болмаған.

Қарттарымыз қастерлі болған. Жастар үлкеннің алдын кесіп өтпеген. Жігіттің үйленбей қалуы, қыздың тұрмысқа шықпай қалуы болмаған. Қарттар үйі, жетімдер үйі деген түсінік мүлде ойына кірмеген. Мінеки, біздің бабалар осындай болған, қалай мақтансақ та жарасады.

Мынадай ұлан-ғайыр даланы қорғап қалу да – даналық.

Ерекше назар аударатын бір жағдай қазақ хандары да текті. Басқа ұлттардың хандары алтын тақ үшін баласы әкесін, ағасы інісін өлтіре береді, біздің тарихымызда ондай жоқ.

Халқымыздың тарихын білу – біздің парызымыз. Осыған орай «Біз қандай ел болғанбыз?», «Қайда тұрғанбыз?», «Қайдан шықтық, ата-бабаларымыз кімдер?» деген заңды сұрақ туады.

Тарих деген – сол елдің жүріп өткен жолы, әдет-ғұрпы, дәстүрі, өнері. Өзінің ата-тегін, елінің тарихын білу – әрбір адамның міндеті. Әрбір адамның өмірі сияқты, әрбір мемлекеттің тарихы бар. Тарихын білмеу сауатсыздыққа, ұлтсыздыққа апарып соғады. Тарихын білмеген адам азамат бола алмайды. Шыққан тегіңді, ана тіліңді білу – бабалар жүктеген міндет.

Мен айтар едім, ақыл мен парасаттылықтың белгісі – термеде. Бар жақсылықтың бастауы – имандылық та сонда. Имандылық – ұлтқа тағылым.

Даналық пен көсемдік – шешендік сөздерде. Ерлік пен елдіктің белгісі – батырлар жырында.

Ұлттық тәрбие беру дегеніміз – ұлттық өнерді және ұлттың салт-дәстүрін дәріптеу. Жас ұрпақ тәрбиесі осындай ұлттық құндылықтарға негізделуі керек.

Мақсаттың ұлысы – ұлтқа қызмет ету.

Әбіш ӘДІЛБЕКОВ,

зейнеткер-заңгер.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp