
Петропавл медицина техникумы, Петропавл фельдшерлік-акушерлік мектебі, Петропавл фельдшер мектебі, Петропавл медицина училищесі, Солтүстік Қазақстан медицина колледжі – бұл 86 жылдық тарихы бар оқу орнының өсіп-өркендеу кезеңдері. Сонау 1930 жылдары Қаз АССР денсаулық сақтау Халықтық Комиссариатының ұсынысымен және Петропавл қалалық кеңесінің сол жылғы нұсқауымен “Сырқаттарды жалпы күту техникасы”, “Физиотерапевтер және ренгенотехниктер” деген екі бөлімнен тұратын Петропавл медициналық техникумының іргесі қаланған еді. Осы кезеңнен бастап бүгінгі Солтүстік Қазақстан медицина колледжі өңіріміздің емдеу-алдын алу мекемелерін білікті кадрлармен қамтамасыз ете отырып, кәсіби білім беру жүйесінде лайықты орнын ойып тұрып алды. 1932 жылы алғашқы 37 түлегі өңіріміздің түкпір-түкпіріндегі ауылдарға барып, қызметтерін бастады. Ал соғыс жылдары көптеген түлектер Отан алдында қасиетті борышын өтеп, оқ пен оттың ортасында жүріп, жараланған жауынгерлерге көмек көрсетті. Мәселен, оқу орнының 1939 жылғы түлегі Виктор Быковскийге Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал еңбектегі қайсарлығы үшін орден-медальдармен марапатталғандары қаншама?! Олардың қатарында И.А. Моложенко, С.П. Антилогова, В.Д. Тимошенко, И.П.Плясунова, Г.И. Илюхина, тағы басқалары бар.
Ұлы Отан соғысынан кейінгі қиын кезеңдерде де колледж ұжымы білікті мамандарды даярлауда өздеріне жүктелген міндетті мүлтіксіз орындады. Осы дәстүрді бүгінге дейін сақтай білген оқу орны өзінің бай тарихымен де, түлектерімен де мақтана алады. Былтыр 85 жылдығын атап өткен колледж осы уақыт ішінде 21159 орта білімді медициналық және фармацевтикалық қызметкерді даярлады. Олар еліміздің медицина саласында түрлі лауазымда жемісті еңбек етіп жүр.
Қазіргі таңда жоғары медициналық, фармацевттік және педагогикалық білімдері бар педагогикалық ұжым “Емдеу ісі”, “Фельдшер”, “Акушер”, “Мейірбике ісі” бойынша “Жалпы тәжірибедегі медициналық бике”, “Стоматология” бойынша “Дантист”, “Диагностикалық зертхана” бойынша “Медициналық лаборант”, “Фармация” бойынша “Фармацевт”, “Ортопедиялық стоматолог” бойынша “Тіс технигі” мамандықтарына оқытады. Колледж білім беру саясатында нарықтық жағдайда кәсіби ұтқыр, білімін және өзін тұрақты жетілдіріп отыратын тұлғаны даярлауға басымдық беріп отыр. Болашақ орта буын медицина қызметкерлерін даярлау заманауи жабдықтармен жарақтандырылған дәрісханаларда жүргізіліп, студенттер медицина биологиясы және генетикасы, қалыпты және патологиялық анатомия, физиология, гинекология, акушерия және басқа да пәндер бойынша сапалы білім алуда. Студенттер көрнекі құралдармен, аудио және бейнетехникамен жабдықталған колледждің клиникаға дейінгі тәжірибе кабинеттерінде және зертханаларында тәжірибелік дағдыларын шыңдайды. Сабақтар тек колледжде ғана емес, сонымен қатар 29 емдеу және алдын алу мекемелерінің базасында өтеді. Студенттер облыстық аурухана, Кардиологиялық орталық, 1 және 3 қалалық аурухана, облыстық перинаталдық орталық, облыстық балалар ауруханасы, балалар стоматологиялық емханасы, онкологиялық диспансер және тағы басқа медициналық мекемелерде теориялық білімдерін тәжірибеде жетілдіруде. Осылайша, дуалдық білім беру жүйесінің біртіндеп енгізілуі облысымыздағы медициналық ұйымдар оқыту үдерісіне толыққанды қатысып, мазмұнды білім беруге үлестерін қосуға, ал колледжге тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасына оң серпін беруге жол ашты.
2014 жылы енгізілген симуляциялық орталық клиника алдындағы тәжірибе жөніндегі сабақтарда инновациялық симуляциялық әдісті пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Сонымен қатар, колледж республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының денсаулық сақтау саласындағы мамандардың кәсіби даярлығы жөніндегі бағалауы бойынша аймақтық симуляциялық орталық болып табылады. 2015-2016 оқу жылы өңіріміздің 500-ден астам дәрігері мен орта медициналық қызметкері колледжде біліктілік сынынан өтті.
Қазақстанда енгізіліп жатқан мейірбике ісін дамыту тұжырымдамасы еліміздегі аталмыш саланы халықаралық деңгейге жеткізуді талап етіп отыр. Ал мейірбике ісі жүйесін жаңғыртып, сапасын жоғары деңгейге көтеру үшін заманауи материалдық-техникалық база қажет. Осы орайда 2014-2016 оқу жылдары республикалық бюджеттің есебінен 51,016 млн. теңгеге симуляциялық орталық жарақтандырылды. Сондай-ақ, оқыту жабдықтары мен компьютерлік техникаларды алу үшін 7 млн. теңге қарастырылды. Кітапхана қоры 3,1 млн. теңгенің қажетті оқулықтарымен толықты.
Соңғы жылдары оқытушылар мен студенттер түрлі байқауларға белсене қатысып жүргендігін айта кеткен жөн. Өткен екі жылдың ішінде олар 49 жүлделі орын алды. Одан басқа 40-тан астам облыстық, республикалық және халықаралық іс-шараларға қатыстық. Сонымен қатар, колледжде облыстық, республикалық маңыздағы шаралар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Облысымыз құрылғанға дейін шаңырақ көтерген Солтүстік Қазақстан медициналық колледжі өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға өзінің зор үлесін қосқаны сөзсіз. Облыс орталығы мен ойдағы, қырдағы ауылдарды білікті медициналық қызметкерлермен қамтамасыз етіп отырған оқу орны заманның талабына сай жаңғырып, жаңарып, өңір тұрғындарына сапалы қызмет көрсетер кадрларды даярлай береді деген сенімдемін.
Марина АХМЕТОВА,
Солтүстік Қазақстан медицина колледжінің директоры.