Өткен күндермен қауыштырып, тарих беттеріне сапар шектіретін мұражайлардағы құнды жәдігерлер – баға жетпес қазына. Қазіргі заман мұражайлары қоғамның түрлі сұраныс-талаптарына жауап беруі керек.
Бүгінде облысымыздағы музейлердің қызметі “Рухани жаңғыру” бағдарламасын іске асыруға бағытталып, өңірлік тарихты зерделеу, өлкетану жұмысын жандандыру, тарихи-мәдени мұраны насихаттау бойынша бірқатар жобалар айқындалған. Өңірде 12 мемлекеттік музей бар. Соның 9-ы облыстық музей бірлестігіне кіреді. Облыс орталығында тарихи-өлкетану және бейнелеу өнері музейлері жұмыс істейді. Облыстық тарихи-өлкетану музейі 1924 жылы құрылды. Бүгінде ол XIX ғасырға тән сәулет ескерткіші тарихи кешенінде орналасқан. Келушілерді ежелгі дәуірден қазіргі уақытқа дейін өлке тарихынан хабардар ететін 13 зал бар. 2012 жылы Тұңғыш Президент залы ашылды.
Мұражай қорында 350 мыңға жуық жәдігер сақтаулы. Басым бөлігі 40 мың жылдық Қазақстан тарихын қамтитын археологиялық коллекциялар. Жәдігерлер мұрағат материалдармен толықтырылған. Олар Ресей, Корея, Қытай, АҚШ, Германия, Англия елдері ғалымдарының назарын аударуда.
Облыстық бейнелеу өнері мұражайы 1989 жылы ашылды. Мұражай ғимараты – көпес Юзефовичтің үйінде орналасқан. Ол республикалық маңызы бар ХХ ғасырдың басындағы сәулет ескерткіші болып табылады. Музейде 6 мыңнан астам жәдігер бар. Ә.Қастеев, Н.Хлудов, Қ. Телжанов, Ж.Шәрденов пен тағы басқа қазақстандық белгілі суретшілердің жұмыстары музей қорын толықтырды. 2018 жылы музей бірлестігіне Шал ақын, Мағжан Жұмабаев және Есіл аудандарының тарихи-өлкетану және И.Шуховтың әдеби-мемориалдық мұражай-үйі, Сәбит Мұқановтың мұражай-үйі, Ғабит Мүсірепов пен Мағжан Жұмабаев музейлері қосылды. Қазір тұрғындар музейге тегін кіруде. Бұл өлке тарихымен жете танысуға берілген зор мүмкіндік деп ойлаймын.
Біз Қазақстан мен Ресей музейлерімен белсенді ынтымақтастық байланыстамыз. Соңғы жылдары шекаралық ынтымақтастық аясында Қорған, Омбы қалаларындағы музейлермен бірлесе көрмелер ұйымдастырылды. Биыл Ресей Федерациясының Астрахань тарихи-сәулет мұражай-қорығында “Ұлы дала тынысы” атты этнографиялық көрме ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Биыл біздің музей тұғырлы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен адамзаттың ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуына орай “Жер, адамға тағзым ет” атты халықаралық кешенді көрмеге қатысты.
Музейде Қазақстан Республикасындағы Швеция, Үндістан, Польша, Германия, Иран елшіліктерімен бірнеше халықаралық көрмелер өткізілді. Мәселен, Германия елшілігі неміс ғалымдарының зерттеу материалдары негізінде «Орталық Азиядағы археологиялық зерттеулер” көрмесін ұйымдастырды. Швеция Корольдігінің Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Христиан Камилл музейге 11 томдық “Мировая наука и приключение апостолов Линнея” энциклопедиясын тарту етті. Сондай-ақ, елшілік швед суретшісі Туве Крабоның көрмесін ұсынды. Біз Ресей Федерациясының елшілігімен және Ресейдің ғылым және мәдениет орталығымен жақсы қарым-қатынастамыз. Ленинградты қоршаудан азат етудің 75 жылдығына орай “Блокадалық альбом” фотокөрмесі мен “Холокост” көрмесі ұйымдастырылды.
Облыстық бейнелеу өнері мұражайының қызметкерлері жас суретшілер мен сәндік-қолданбалы өнер шеберлерінің шығармашылығын насихаттау мақсатында “Қызылжар Art” онлайн-жобасын қолға алды. Оның аясында Виталий Жуков, Серікжан Жалын, Әлия Мұқышева, Назира Сәдуақасова мен басқа да жас дарындар өз шығармашылықтарымен таныстырып, қашықтан шеберлік сабақтарын өткізді. мұраны насихаттау бойынша музей жұмысы жандандырылды.
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде тарихи экскурсиялар, интерактивті дәрістер мен сабақтар, мұражай акциялары мен мерекелер, “дөңгелек үстелдер”, әдеби және поэзиялық кештер сияқты бес мұражай-білім беру жобасы жұмыс істейді. Балабақша, мектеп пен колледж ұжымдары біздің іс-шараларға тұрақты қатысады.
Үстіміздегі жылы “Рухани жаңғыру” бағдарламасының “Жаһандық әлемдегі заманауи мәдениет” арнайы жобасы аясында Самарқанд қаласында (Өзбекстан) “Ботай – Ұлы дала мәдениеті” көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Мұражайларға келушілер санын арттыру – біздің негізгі міндеттеріміздің бірі. Бұл орайда, біз музейге іргелес аумақта жаңа мұражай кеңістігін құрдық. Ол театрландырылған тарихи қайта құру орны болды. Жаз мезгілінде бұл бағытта “OPEN PATIO” отбасылық демалыс кештері өткізіліп тұрады. 2020 жылы облыс басшылығы музей аумағында жазғы маусымда жұмыс істейтін “QYZYLJAR” art center” жобасын жүзеге асыруға қаржы бөлді. Орталық үш аймаққа бөлінді. Бірінші аймақ жаппай сату мен жәрмеңке өткізуге арналған. Сауда алаңында қолданбалы-сәндік өнер шеберлерінің бұйымдары сатылады. Қала тұрғындары мен қонақтарының назарына түрлі кәдесыйлар ұсынылады. Келесі аймақта көрмелер ұйымдастырылып, кинотеатр жұмыс істейді. Соңғы аймақта – арт-дәмхана, демалуға арналған орындар, балалар ойын кешені, концерттік алаң болады. Алдағы уақытта “QYZYLJAR” art center” шығармашыл тұлғалардың кездесу алаңына айналмақ. Өңіріміздің мәдени өмірінде “Ботай” сурет галереясын іске қосу да айтулы оқиға болмақ. Сурет галереясы жөндеу және безендіру жұмыстарынан кейін ашылады.
Халықаралық музей күні қарсаңында “Қызыл оба – Алтын Орда дәуірінің ескерткіші” атты көрме ашылды. Онда Уәлиханов ауданы аумағындағы археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде алынған артефактілер қатысушылар назарына ұсынылуда. Сондай-ақ, келушілер «Жыр алыбы – Жамбыл!”, облыстың 85 жылдығына орай “Уақыт. Оқиғалар. Адамдар” мен “Чернобыль туралы естелік” сынды тағы басқа көрмелерді тамашалай алады.
Гүлнәр МҰҚЫШЕВА,
Солтүстік Қазақстан облыстық музей
бірлестігінің директоры.