«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХ ЖОЛЫ – ТАҒЫЛЫМ БАСТАУЫ

Соңғы жылдары жарық көрген ғылыми еңбектерде Қазақ хандығының тарихы біржақты көрсетіліп жүр. Әсіресе, газет-журналдарда жарияланған мақалаларда қазақ хандарымен соғысқандар халқымыздың бітіспес жауы ретінде баяндалады. Көшпелі түркі тайпаларының жері есебінен жер көлемін ұлғайтқан қазақ хандары алдымен қазақ даласының солтүстігін мекендеген қазақ тайпаларымен қақтығысты. Оларды билеген Шибан әулеті туған жерін тастап, Орта Азия жеріне қоныс аударуға мәжбүр болды. Бүтін Ноғай ордасы екіге жарылып, оңтүстігі Қазақ хандығының құрамына кіріп, қалған жартысы Мәскеу бодандығына өтеді. Алтын Орда кезеңінде “Сібір хандығы” атанған қазіргі Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақмола облыстарының жеріндегі саяси бірлестік қазақ тарихында өз орнын тапқан жоқ.

Ібір-Сібір ұлысының негізін қалаған Тайбұға екендігіне дәлел жетерлік. Г. Миллер өзінің атақты еңбегінде Тайбұға туралы үш бірдей аңызды келтіреді.  

Бір аңызда Тайбұға Мамықтың ұлы және Қазақ ордасының ханзадасы ретінде айтылады. Ол Шыңғыс ханның қол астына өткен соң Ертіс, Есіл, Тобыл мен Тұра өзендері алқабын одан билік құруға өтініш білдірген.

Белгілі татар тарихшысы М. Сафаргалиевтің болжамы бойынша, Сібір жылнамаларында қателіктер кеткен. Онда Тоқтамысты Он хан деп, ал Шыңғысты Едіге ретінде көрсетеді. Едіге қарапайым адамдар қатарына жатпаса да, оның Шыңғыс тұқымына қатысы жоқ еді.

Кейбір ғалымдар жоғарыда көрсетілген аңыздарды негізге ала отырып, моңғол шапқыншылығына дейін Батыс Сібірде тәуелсіз мемлекет болғандығын, оның билеуші әулетінің соңғы өкілі Он хан деп есептейді.

Деректерде моңғолдардың қыпшақтармен соғысқаны туралы мәліметтер жиі кездеседі. 1221 жылы Жошы Сыр бойындағы қалаларды жаулап алған соң Торғай, Ырғыз аңғарына бет алады. Қыпшақтармен соғыс 1223 жылға дейін жалғасады. 30 мыңдық корпуспен Сүбедей, Көкетай бастаған моңғолдар қыпшақтармен 1229 жылы тағы кездеседі. Осыдан кейін Торғай-Тобыл бойы Шыңғыс империясының құрамына енді. Ал моңғолдар бар күшін Еділ бойын жаулауға салған сияқты.

“Шыңғыснаманың” жарияланбаған үзіндісін арқау еткен түркітанушы, башқұрт ғалымы Ахмет Зәки Валиди Тайбұғаны моңғол руы салджиуттан шықты дейді. Ал Шыңғыстың руы борджигин мен салджиут бір әкеден туады деп дәлелдейді. Бұл пікірді Сібір хандығын көптен бері зерттеп жүрген татар ғалымы Д. Исхаков та қолдайды. Ол Тайбұғаның өмір сүрген кезеңін ХV ғасырдың алғашқы жартысы деп көрсете отырып, оны Шах Мұрадтың ұлы деп санайды. Бұл пікірге авторлар жаңадан табылған жазба деректер негізінде келгендігін айтады.

Сібір аңыздарындағы Он ханның прототипі Ван хан екендігі дәлелдеуді қажет етпейді. Аңыздардың сюжеттік бағыты тарихи дәйектерге сай келеді. Атап айтсақ, Шыңғыс ханның вассалдық тәуелді, өзінің сюзерені Он ханға қарсы келуі, оның кіші ұлының қашуы, бұрынғы хан баласының жаңа билеушіге тізе бүгуі барлық аңыздарда айтылады. Бір ескеретіні Ван хан есімінің моңғолдық нұсқасы “Онг хан” сібірлік тарихи аңыздарындағы Он ханға қатты ұқсас. Сол себепті сібір ауызша тарихи дәстүрі бойынша Ібір-Сібір ұлысының іргесін қалаған Тайбұға Ван ханның ұрпағы болуы әбден мүмкін.

Моңғол империясының әкімшілік құрылымы ұлыстық жүйеден тұрған. Сол себепті орталығы – Түмен қаласы, негізгі тұрғындары керей тайпасы болған Батыс Сібір де – сондай ұлыстардың бірі. Империяның басқа аймақтары секілді тұрғындар салық төлеуге міндетті болды. Аталмыш ұлыс Ібір-Сібір немесе Түмен атанған.

Сібір ханы Сейдақ Ибрагим тарихта Ибақ хан ретінде көбірек белгілі. Ол Ван ханның ұрпағы – Тайбұға әулетінің өкілі. Сібірдегі қазақ рулары керей, найман, қыпшақ, қоңырат, тұралы, бараба руларының арқа сүйеуімен тайбұғалықтар ханты мен манси тайпаларын қол астына бағындырады.

Ибақ бас кезінде Алтын Орданың бұрынғы даңқын қайта жаңғыртам деп барынша намысқа тырысып, маңғыттармен одақ жасасып, бір кезде “ноғай патшасы” атанса да, ханның империялық амбициясы 1481 жылы Еділ бойындағы Ахмет ханды жеңіп, оның отырған ордасын жаулап алуымен тынады.

Сібірдегі билігін нығайтпақ ойымен Ибақ Тайбұға әулетінің сыйлы тұлғасы – Ұмар бидің қызына үйленді. Дегенмен, билік әлсіз болып қала береді. 1495 жылы тайбұғалықтар көтеріліске шығып, ақырында Ибақты өлтіреді. Оның ұлы Мамық Чимги Тұра маңайындағы елді мекендерге ғана билік жүргізе алды. Ал Сібірдің басқа аймақтары оған бағынудан бас тартты. Тайбұғалықтардың көсемі Мұхаммед билеуші атанып, орданы Тобыл аңғарындағы Қашлық қаласына көшіреді. Одан кейін билік немере ағасы Ағыс, содан соң ұлы Қазының қолына көшеді. ХVІ ғасырдың 50-ші жылдары Сібір хандығының билігін Қазының ұлдары Жәдігер мен Бекболат өз қолдарына алады.

Шайбандар Сібірде ұзақ тұрақтай алмайды. Мамық Қазанды жаулап алмақ ойда болады, бірақ, өкінішке қарай, ол ойы іске аспайды. Ағасы Құлық сұлтан Чимги Тұраны ХVІ ғасырдың бас кезінде тайбұғалықтарға толық беруге мәжбүр болды.

Шыңғыс тұқымының бір легі оңтүстікке бет алса, екінші легі маңғыт пен сібір иеліктерімен шекаралас Тобыл аңғарына бет түзейді. ХVІ ғасырдың ортасында қарымын қайтармақшы болған Ибақ ханның жиені Мұртазаның иелігі дәл осы жерде еді.

1563 жылы шайбанид Көшім Қашлықты жаулап алып, Тайбұға бектері Жәдігер мен Бекболатты өлтіріп, өзін Сібір ханы ретінде жариялайды. Ғылымда шайбанидтерге негізгі көмек көрсеткен Бұқар хандығы мен маңғыт деген пікір қалыптасқан. Ескеретін бір жайт, дәл сол кезеңде маңғыттарда тайбұғалықтарға жорық жасау жоспарының болмағандығы белгілі. Исмаил би мен тайбұғалықтардың көсемі Жәдігер Мәскеу мемлекетімен одақтас болған.

Бұқар хандығы шайбанидтерге әрқашан қолдау білдірген. Алайда, оның географиялық алшақ орналасуы оларға дер кезінде көмек беру мүмкіншілігінен айырды. Әрі Бұқар мен Сібір арасында жатқан Қазақ хандығы сол уақытта өрлеу шыңында еді. Сібірді жаулап алу барысында Хақназардың көмегінсіз Көшім өз ойлағанын сәтті жүзеге асыра алмас еді. Көптеген зерттеушілердің пікірінше, Көшім қазақ сұлтаны, А. Левшин Көшім ханның жанындағы жақтастарының қазақ ішінен шыққандығын тайға таңба басқандай қылып жазады.

ХVІ ғасырдың 80-ші жылдары қазақ сұлтандары Сығайдың хандық құрған уақытында Бұқар хандығына тәуелді болғандығы белгілі. Тіпті, сол заманғы деректерде қазақтарды “бұқарлықтар” деп те жиі атаған. Сондықтан ХІХ ғасырға дейін қазақ қоныс тепкен Оралдың сол жағалауын “бұқарлық жақ” деген түсінік қалыптасқан. Қазақ хандары сібірлік шайбанидтермен туысқандық қатынаста болғаны белгілі. Тарихи әңгімелерде 1580 жылы Шығай ханның бір қызына Ахмет Керей үйленсе, оның екінші қызы Лелипак ханымды Көшім хан алады.

Сібір аңыздары бойынша Көшім ғана емес, оның үлкен ұлы Ахмет Керейді де Сібір ханы деп атаған. Бір нұсқаларда Ахмет Керей Көшімнің ісін жалғастырушы, ол 1573 жылы қайтыс болғаннан кейін таққа ағасы отырады. Басқа бір деректерде хан Көшім 1572 жылы билік тізгінін өз еркімен ұлы Ахмет Керейге береді, бірақ ол 4 жылдай ғана билеп, өзінің қайын атасы Шығайдың қолынан қаза табады. Сөйтіп, билікке Көшім қайта оралады.

Ахмет Керей шынымен де хан болуы мүмкін. Алайда, Сібірдің тағында емес, деректерде шайбанидтерге тәуелді аумақтың бірінде билік етуі айтылады. Сібір хандығы Тобыл өзені мен Жайықтың жоғары ағысы арасындағы жерлерді қамтыған. Ахмет Керей мен Көшім Бұхар және қазақ сұлтандарымен тығыз байланыста болған.

Ахмет Керей есіміне байланысты ескерте кететініміз, есімнің екінші бөлігі “керей” трибонимімен сай келуі бекерден бекер емес. Ресейлік шығыстанушы В. Бартольд Қырым сұлтаны Қажы Керейдің екінші есімі жоғарыда келтірілген әулеттің ханзадаларының аталықтарының (тәрбиеші) руы керей болғандығын растайды. Олай болса Ахмет Керейдің аталығы Қазақстанның солтүстігінде көп тұратын керей руынан шықты деген қорытынды жасауға болады.

1571 жылы Сібір мен Мәскеу арасында қарым-қатынас ушыға бастайды. Мәскеуді қырымдықтар өртке орағаннан кейін орыс мемлекетін әлсіз деп санаған Көшім Оралдағы антиресейлік көңіл күйге қолдау көрсетіп, күшін черемис, остяк пен башқұрт көтерілістеріне бағыттайды. Қарым-қатынастың ушығуына Ресейдің шығыс елдері жөніндегі ұстанған саясаты себепші болды. 1572 жылы ауқатты өндірісші Строгановтар мың казакты жалдап ұстауға жоғарыдан келісім алды. Өзінің әскери жойқын күшіне сенген Строгановтар Орталық Оралдағы жергілікті тұрғындарды қырып салып, Мәскеуге тәуелді емес жерлерге патшадан грамота сұрайды.

1582 жылы Көшім ұлы Әли Арслан бастаған сібір жасағы Чусовой өзені бойындағы орыс елді мекеніне шабуыл жасайды. Олардың Сібірге жүргізген белсенді саясаты 1580 жылы Хақназар ханның қайтыс болып, Қазақ хандығының әлсіреуіне байланысты еді. Хандықта талас-тартыс орын алып, құт-береке қашады, сол себепті Орал мен далалық Тобыл маңы маңғыттар қолына көшеді. Хақназардың мұрагері Сығай Бұқар ханының қол астына көшуге мәжбүр болады.

Алайда, Көшім жағдайды өз пайдасына қарай шеше алмайды. Әли Арслан Чусовойдағы Строгановтар бастаған казактар жасағын жеңе алмады. Сібірде әскердің жоқтығын пайдаланып, Строгановтар мен казактар атаман Ермактың бастауымен 1582 жылдың күзінде Искерге шабуыл жасайды. Көшімнің уақытша жеңілісін пайдаланып, ханты мен мансылардың әскері орыстарға қосылды. Ермакқа тойтарыс бере алмаған Көшім Искерді тастап, Қазақстанның солтүстік даласына кетуге мәжбүр болды.

Әйтсе де, 1584 жылдың тамызында Ермак қаза болады. Десе де, Көшім жеңістің жемісін көре алмады. 1585 жылы Искер қаласын Қадырғали Жалайыр би мен тайбұғалық Сейд Ахмет бастаған қазақ жасағы басып алады. Бұл іс-шараны маңғыттар не қазақ ханы Тәуекел ұйымдастырды ма – ол жағын айту қиын. Бірақ төменде келтірілетін екі жайт бізге 1585 жылғы Искер қаласының жаулап алынуы Қазақ хандығы билеушісінің іске асқан ойының дәлелі бола алады. Біріншіден, маңғыт Ораз Мұхаммед Тайбұға ұлысының иесі болып жарияланған соң, Тайбұғаның шын ұрпағы Сейд Ахмет басқа жерден одақтас іздеуге мәжбүр болды. Екіншіден, Қадырғали бидің қасында жүрген Тәуекел ханның жиені он бір жасар Ораз Мұхаммед сұлтан Сібір ханы атануға үміткер болды.

Сонымен қатар, Мәскеу Сібірді жаулап алу ойынан еш бас тартқан жоқ. 1585 жылы Сібірге Мансуровтың жасағы аттанса, 1586 жылдың басында оған жәрдемге В. Сукин мен И. Мясновтың жасағы жіберілді. 1586 жылдың жазында орыстар Түмен бекінісін салады, ал бір жыл өте келе Данила Чулков Тобыл бекінісінің негізін қалайды.

1588 жылы Қадырғали, Ораз Мұхаммед пен Сейд Ахмед Тобыл бекінісіне тұзаққа түсіру мақсатында қонаққа шақырылып, сол жерде тұтқындалады. Тәуекел хан сол мезетте Бұхар хандығымен күресіп жатқан соң, сібірлік шаруаға белсенді араласа алмайды. Сөйтіп, қысқа мерзімде Қазақ хандығының қол астында болған Сібір қайтадан Мәскеу мен Көшім хан арасындағы ұрыс даласына айналады.

Сібірдің тайгасы мен орманды аумағы түпкілікті мәскеулік мемлекеттің қолына көшті, ал оның орманды дала және дала өңірлері қазақ, қалмақ пен маңғыт билеушілерінің шайқас алаңына айналды. ХVІ ғасырдың соңы мен ХVІІ ғасырдың басында қазақтан басқа, сол аумақта қалмақтар, башқұрттар, тобылдықтар мен барабиндықтар қоныс тепсе, Сібірдің Ресейге қосылуынан кейін ондағы көшпенді тайпалар дала өңіріне көшіп келеді. 1601 жылы Сібірдің жаңа ханы Тобыл мен Обаған арасында орда тіккен Әли Арслан атанды. ХVІІ ғасырдың басында солтүстік-батыс Қазақстанның аумағы қазақ, қалмақ пен Ресей арасындағы қантөгіс аренасына айналды. Маңғыт жұрты осы кезде саяси дағдарысқа ұшырайды. Шейх Мамайдың ұрпақтары батыс маңғыттармен шайқаста қазақ ханымен одақ жасасады. 1601 жылы маңғыт мырзалары Шаим мен Жан Арстан қазақтармен одақтасып, Миасс пен Исет өзендерінің жағасында қыстамақшы болады. Олар уақыт өте келе Ресейге қарсы шығу үшін Әли Арсланмен одақтасуды көздейді.

Әли Арслан 1601 жылы Тобыл мен Обаған аралығында, керей тайпалары мекен еткен өлкеге өз ордасын тікті. Г. Миллердің жорамалы бойынша, Әли Шұбаркөл көлін мекен еткен. Біздің ойымызша, әңгіме Алакөл туралы болуы мүмкін, себебі екі атау да орысшаға аударылғанда “Пестрое озеро” дейтін бір мағына береді. 1603 жылы қазіргі Қостанай облысы, Меңдіғара аумағында көшіп-қонып жүрген Әлиге алты ұлы бар Орыс мырза қосылады. Сол жылдың шілдесінде маңғыттар мен Әли Тоғызұзақ өзені бойындағы Ресейге тәуелді тобылдықтар мен башқұрттарды қырып салды. Әли “көшін” немесе “меж Ишима и Тобол” аумағын тастап, маңғыт пен башқұрт құрамына кірген он мыңнан асатын сарбазды ертіп, Түменге қарай жорыққа аттанады. Әли мен інілерінің арасындағы келіспеушіліктің кесірінен жорық іске аспай қалады. 1605 жылғы деректерде мынадай мәлімет бар:

Қазақстанның солтүстігінде қалмақтардың пайда болуы Әли Арсланның әрекетін айтарлықтай қиындата түсті. Қалмақ немесе ойраттардың батыс моңғол тайпалары ХVІ ғасырдың аяғында Ертіс өзенінің жоғары жағында көшіп жүрді, ал олардың бір бөлігі қазақ ханы Тәуекелге бағынған. XVII ғасырдың басында қалмақтар бодандықтан шыққысы келіп әрекеттенді, бірақ 1604 жылы жеңіліске ұшырады. Сол кезде олардың батысты бетке алып көшуі басталды. 1607-1614 жылдары қалмақтар одақтас ретінде Көшім ханның ұрпақтарының әскери-саяси шараларына белсене қатыса бастады.

1607 жылы көктемде Әзім, Есім, Күнсүйер сұлтандар қалмақтармен бірге Түмен уезі (Кыныр) Қыңыр қаласының маңайына шабуыл жасады, ол кезде Әзімнің қонысы Обағанда еді. Сол кезде олардың ағасы Қанай маңғыттың Пен мырзасымен одақтасып, Тобыл болыстығына шабуыл жасады, ал Әли Арсланның өзі Сібір мен Башқұртқа жорық жасауды жоспарлады.

Осылайша біз ХVІІ ғасырдың 10-20-шы жылдары қалмақтар Тобыл бойына айтарлықтай орнығып қалғанын көреміз. Әйтсе де, бұл жергілікті халықтың ол жерді тастап кеткенін білдірмейді. Қалмақтар жергілікті халықты жойып жібермей, оның ішінде жоғары билеуші топтарын өздеріне бағындырып алды. “Қалмақ хандарының тарихы” атты, авторы жасырын еңбекте 1618 жылғы өзінің батыс жорығында торғыт тайшысы Қазақстанның солтүстігі мен Орал маңындағы қазақ пен башқұрттар қалмақтар үшін “тегі жат халықтар” болғаны мәлім.

Ұзаққа созылған қазақ пен қалмақ арасындағы қантөгіс бірде біріншісінің, бірде екіншісінің жеңісімен аяқталып отырды, сол себептен Тобыл маңы қалмақтардың тылына айналады. 1616 жылы қалмақтар қазақ ханы Есімді талқандады және өздерінің билігін Ұлы жүзге орнатты. 1627-1628 жылдары Есім хан қалмақтардың бытшытын шығарды.

Соның әсерінен қалмақтар жаппай орыс шекарасына қарай ығыса бастады да, соңынан Мәскеудің қол астындағы сібір татарлары мен башқұрт жасақтарына шабуыл жасады. Оған қоса бұл жеңіліс олардың ішкі жағдайларының шиеленісуіне әкелді. Осыған орай қалмақтарға Қазақстанның солтүстігіндегі өзінің билігін жеңілдетуге тура келді, сондықтан да олар Көшім әулеттерін қолдап, солар арқылы өздерінің Көшім ханның мұрасын иемденуге деген талаптарын білдіріп отырған.

1629-1635 жылдар аралығында Сібірдегі орыс иелігіне шабуыл жасаған қалмақ әскерінің басшысы болған Есімнің ұлы Абылайкерей 1628 жылдан кейін Сібір ханы деген лауазым алады. Оған қоса Абылайкерей мен оның жиені Дәулеткерейдің көші Солтүстік Қазақстан даласында қоныстанады. 1636 жылы Дәулеткерей Сібір хандығының номиналды басшысы және Солтүстік Қазақстандағы қалмақтардың сюзерені болды. Оның биліктегі жағдайы екіұшты болды, өйткені қалмақ тайшыларының ішіндегі ең құдіреттісі Хаара – Хулы Батур 1635 жылы ұлы қонтайшы лауазымын қабылдап, шығыс қалмақтарын біріктіруге белсене кірісті. Шын мәнісінде жаңа мемлекет – Жоңғар немесе Ойрат хандығы пайда болды. Тіпті, Шыңғыс ұрпағы деген атақ Батурға керек болмай қалды. Өйткені, ойраттар қазақтың қанды соғысынан босай алмады.

Дәулеткерей Қазақстанның солтүстігіндегі Батурға бағына қоймаған “кіші” тайшының көмегін пайдаланды. Оның үстіне қазақ-жоңғар соғысы кезінде 1643 жылы ықпалды қалмақ тайшысы Күнделен Жоңғар және Еділ қалмақтарының дұшпаны – қазақ сұлтаны Жәңгірдің одағына одақтас болып кіргенді. Күнделен мен Талай тайшының балалары Тобыл мен Тоғызақта көшіп жүрген Көшімнің ұрпақтарын қолдап жүрді. Дәулеткерейдің Батурдан Мәскеуге қарсы әскери көмек сұрауы сәтсіз болды.

XVII ғасырдағы 40-шы жылдардың ортасында Орал мен Тобылдың жоғары жағын иеленген Ерден тайшы қонтайшы лауазымына ие болды. Ол орыс шекарасына бірнеше рет шабуыл жасаған Дәулеткерей мен оның жиендері Күшік пен Бұқаны қолдауын жалғастыра берді. Олардың соңғы жорығы қалмақ тайшысының Көшім әулетінің әскеріне қарсы күші жылдан-жылға әлсіреп бара жатқан уақытта XVII ғасырдың 50-ші жылдарында болды. Бұқа мен Күйіктің Бараба татарларының басым бөлігін тұтқынға алған 1659 жылғы жорығынан кейін оларға қонтайшының елшісі келіп, Барабаны өз ұлысы деп санағандықтан, тұтқындарын босатуын талап етті. 1661 жылдан кейін Көшім әулеті туралы мағлұматтар шежіре беттерінен көрінген жоқ және Сібір хандығы Азияның саяси картасынан жоғалып кетті.

Аманжол КҮЗЕМБАЙҰЛЫ,

тарих ғылымдарының докторы, профессор.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp