Халқымыздың аяулы жазушысы Мұхтар Әуезов ұлтының ұлылығына, халқының қадір-қасиетіне сүйсінген бір тұста: “… Шалқайса – тарих шыңы бар, еңкейсе – иен елі бар”, – деген екен. Иә, бізді төрткіл дүниеге танытып отырған сол тарихымыз бен тәуелсіздігіміз. Елбасымыз оны өзінің “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласында дәйектей түсті. “Аң стилі”, “Алтын адам”, “Атқа міну мәдениеті” – бәрі Ұлы даланың тағылымы мол тарихы бар екенін, түп-тамырымыздың тереңде жатқанын айғақтайды.
Мемлекет басшысы ұлт тарихындағы кеңістік пен уақытты сарапқа сала отырып, тек қазақтың ғана емес, түбі бір түркі елінің тарихын түгендеп, оған қазіргі ғылымның биігінен қарауды және нақты ғылыми деректерге сүйене отырып, жаһандық тарихтағы өз рөлімізді пайымдауды ұсынып отыр.
Биыл ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың 125 жылдығына орай Түркияның Кастамону қаласында болдым. Әлемнің бірнеше мемлекетінен жиналған мағжантанушылар, әдебиет зерттеушілері қазақ халқының ұлы перзентінің өмірі, шығармашылығы жайлы сыр шертті. Түрік жұртының Мағжан ақынды қалай қастерлейтінін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Елбасымыз айтып отырған “Ұлы даланың ұлы есімдері” атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағы елінің азаттығы жолында бастарын бәйгеге тіккен осындай тұлғаларға арналса керек. Өзім жетекшілік етіп отырған мұражайда бес жүзден астам жәдігер бар. Олардың қатарында Мағжан ақын тұтынған құнды заттар аз емес. Мәселен, 1894 жылы жарық көрген Құран кітап пен жайнамазды Мағжан Жұмабаев пен жары Зылиха пайдаланған. Ақынның 1923 жылы жарық көрген өлеңдер жинағы да – құнды мұра. Осы сияқты тарихи жәдігерлерді мұражай сөресінде сақтап қоймай, алдағы уақытта, Елбасымыз айтқандай, олардың негізінде білім мен әдебиетті, түрік жұртына ортақ тұлғаларды дәріптеуге және туризмді дамытуға баса мән беруіміз қажет.
Тағы бір айтатыным, Елбасымыз мақаласында қазақ әдебиетінің көкжиегін кеңейтуге баса назар аударды. Өткен ғасырдың бірінші жартысында өндірте жазған авторлардың, қаламгерлердің туындыларын жастар біле бермейді. Оларды жарыққа шығару маңызды. Қазақстанның арғы және бергі өркениет негізін, бүгінгі айрықша құбылысын салиқалы салмақтаған Елбасының бұл мақаласы білім жүйесінің сұранымына, отаншылдық сипаттың одан әрі артуына әсер етеді деп есептеймін. Халқымыздың төлтума мәдениетін сақтап қалу және оны заманауи жетістіктермен байланыстыру – бүгінгі уақыт талабы.
Айгүл ЖҮНІСПАЕВА, Мағжан Жұмабаев мұражайының директоры.