Ұлт қайраткері, қаламгер Смағұл Сәдуақасұлының 125 жылдық мерейтойына орай елордада «1925 жыл: ұлт мұраты шыңдаған қайраткерлік» атты халықаралық конференция өтті. Шараға қатысушылар алдымен Астанада жерленген жалғыз Алаш қайраткерінің бейітіне барып, рухына тағзым етті. Бабалар қорымында Смағұл Сәдуақасұлы мен ұлт-азаттық қозғалыс жолында мерт болған Кенесары жасақтарына құран бағышталып, ескерткіш маңына тал егілді.
Еуразия ұлттық университетінде өткен шара Мемлекет басшысының құттықтауымен ашылды. Президенттің мерейтойға арнаған лебізін академик Бауыржан Омаров оқып берді. «Смағұл Сәдуақасұлы – халқымыздың біртуар перзенті. Ол күрделі кезеңде маңызды мемлекеттік қызметтерді абыроймен атқарып, көптеген игі бастамаларға ұйтқы болды. Тұғырлы тұлға, төл руханиятымызды өркендетуге зор еңбек сіңірді. Тұңғыш қазақ драма театрының ашылуына, Қазақ педагогика институтының іргелі оқу орнына айналуына ықпал етті. Бүгінгі «Егемен Қазақстан», «Ақиқат» сынды бірқатар басылымның тарихи бастауында тұрды. Қазақ баспасөзін дамытуға белсене атсалысты. Халқымыз Смағұл Сәдуақасұлының есімін ешқашан ұмытпайды. Оның өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа әрдайым үлгі» делінген құттықтау хатта. Бұдан бөлек конференцияға орай бірнеше министр мен өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтау хат жолдапты.
Шарада Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, академик Зиябек Қабылдинов, профессор, филология ғылымдарының докторы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай, профессор Серік Негимов, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл сынды зерттеушілер Смағұл Сәдуақасұлы тұлғасы мен шығармашылығының әр қырына тоқталып, тың тұжырымдар жасады.
– Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, журналист, жазушы, экономист, басқа да көптеген салалардың бастауында тұрған Смағұл Сәдуақасұлы біздің сапалы дамуымызға, елдің жаңа деңгейге көтерілуіне көп қажыр-қайрат жұмсады. Мемлекеттік қызметте бар болғаны жеті жыл ғана қызмет еткен екен. Жеті жылдың ішінде оның атқарған қызметі ұшан- теңіз, – деді шарада сөз сөйлеген академик Дихан Қамзабекұлы.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».