«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСТАУ ҚИЫН ЕМЕС

Халқымызда “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген сөз бар. Тіршілік болған соң сол “аурумен де”, “әдетімен де” кездесіп жүрміз. Шынында да, аурудың алдын алуға, оны емдеуге, тіпті, айығып кетуге де болады. Ал әдет қалмайды екен. Осындай жабысқақ жаман әдеттердің бірі – темекі шегу.

Темекінің түтінін ішіңе қарай сорған соң ішкі құрылыстың бәрін жалап, аралап, жаралап шығады ғой. Жөтел, көк жөтел дегендерің бәрі де осы темекіден шығады.

Темекінің зиянын білгендіктен болар, бүкіл дүниежүзі оған қарсы күрес жүргізуде. Қараша айының ортасында “Темекіні тастаймыз” деп ұрандатқан арнайы бір күн бар екен. Қазақ елі де сыртта қалып жатқан жоқ. “Оян, қазақ!”, “ойлан, қазақ”, – деп осы қараша айында онкүндік жариялайды.

Қоғамды бір алаңдататын жағдай, ер-азаматтармен қатар жасөспірім қыздар, жас келіншектер де темекі шегуді сәнге айналдырған. Көрген көзде кінә жоқ.

Әлем бойынша, тіпті, біздің бір Қазақстанды алсақ, осы темекі тартудың салдарынан ауруға шалдыққандар тіпті өмірлерін қиып кеткендер саны өте көп, төбе шашың тік тұрады. Қысылғаннан кейін ағайын-туыстары (әкесіне, ағасы-інісіне, т.б.) көмек қолын соза бастайды. Балгер-бақсыларға жетелеп, тіпті, аластап, ұшықтап, үркітіп, қорқытып, әйтеуір, темекісін тастаса екен деп істемейтіндері жоқ. Алайда, әлгі аузың уланып қалғыр темекі атуын жалғастыра береді.

Ниет болмаған соң бәрі де құр бос әуре. Бір қимыл болу керек қой. “Өзім дегенде өгіздей күш болмаушы ма еді?!” Біреу болмаса да біреуі: “Иә, ақылшым-ай, ақыл айту оңай, өзің не істер едің?” – деп айтуы әбден мүмкін. Ешкім де етегіне намаз оқып жүрген жоқ шығар. Соның біріміз. Бір данышпан айтқандай, “Бұл пәлені алдымен бастау қиын. Бастаған соң жарықтықты тастау қиын”. Біздің де бастауымыз сол еріккеннің ермегі секілді болды-ау.

Жалындаған жастық шақ…

Ішкен-жегеніміз алдымызда, уайым-қайғы жоқ, көйлек көк, тамақ тоқ. Әлі есімде әдемі (козырный) сигареттерге әуеспіз де. Ол кезде “тәуірлердің” қатарында “Қазақстан”, “Медео”, “Космос”, “Опал”, “Родопи”, “Союз Аполлон”, т.б. Осы тәуірлердің бәрін тартқанымызға тұптура 36 жыл. Ал темекіні тастағаныма 136 күн болды. Ерінген жоқпын, керілген жоқпын алдым да тастадым. Аузыма темекіні не алған, не салған жоқпын.

Біріншіден, өзім үшін.

Екіншіден, қазақ елінде жүріп іс-шараларға менің де қосқан үлесім болсын деп. Қазір көшеде біреу темекі сұрай қалса: “Мен темекі тартпаймын ғой”, – дейтін болдық. Соған да жеттік-ау…

Өзім дегенде өгіздей күштерің болсын!

Сұратай ӘЙТІМОВ.

Аққайың ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp