«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚА ҚАШАЛҒАН ХАТ

Айыртау ауданы Константиновка елді мекенінде майданға аттанып бара жатқан жігіттің сүйіктісіне арнап жазған хаты сақтаулы. Оның ерекшелігі – тасқа қашалып жазылуында.

Күннің көзінде, желдің өтінде жетпіс жылдан астам уақыт жатқан бұл тасты жергілікті тұрғын, «Константиновка-2004» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас инженері Виталий Новгородцев ойда-жоқта тапқан.

– Константиновка елді мекені Бабық-Бұрлық өзенінің сол жақ жағасында орналасқан. 1936 жылы оның оң жағалауында Үкіметке қарайтын диірмен салынды. Көп ұзамай бірнеше үй тұрғызылған. Өзеннен өтетін жалғыз аяқ өткел бар. Мен бұл тасты осы жолдың бойында байқадым. Анықтап қарасам, жазулары бар екен, – дейді Виталий Новгородцев.

Ерекше тастың үстіне жұлдыз салынған. Қасында «13 октябрь, 1941» деген жазуы бар. Одан төмен «Жди и помни меня» деген сөз қашалған және жауынгердің аты-жөнінің бас әріптері жазылған. Жәдігер бірнеше жыл жергілікті мектептің музейінде сақталды.

– Ауылда өлкеміздің тарихынан сыр шертер, құнды жәдігерлер сақталған мұражай бар. Бұл тас та осы мұражайда тұрды. Оқушылармен бірге оны зерттеп, кімнің жазып қалдырғанын анықтамақ болдық. Нәтижесінде елді мекеннен соғысқа кеткен бірнеше адамның есімі сәйкес келді. Кейін бұл тасты ауылдағы Жеңіс саябағына апарып қою туралы шешім қабылданды, – дейді Константиновка орта мектебінің директоры Василий Мантариди.

Осы тастың негізінде Константиновка елді мекенінде ескерткіш пайда болды. Ол соғысқа барған барлық жандардың құрметіне арналды. Ескерткішті жергілікті шебер Александр Антонов жасады.

«Бұл оқиға ешкімді бейжай қалдырмайды. Бәрімізді тасқа жазған адамның кім екені қызықтырғанымен, бірақ елді мекенде көпті көргендер қалмаған. Сондықтан ескерткіш жасарда жарын күткен әйелді және тырналарды бейнелегенді жөн көрдім», – дейді Александр Антонов.

Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp