Облысымызға су тасқынының алдын алу үшін еліміздің әр өңірінен 800-ге жуық маман келген болатын. Олар бір айға жуық уақыт бойы елді мекендерді тілсіз жаудан қорғап, жергілікті мамандарға көмек көрсетті. Өткен аптада өзге өңірлерден көмекке келген құтқарушылар мен әскерилер үйлеріне аттанды. Петропавлдықтар оларды салтанатты түрде шығарып салды.
– Сіздердің барлықтарыңыздың қандай қиын жағдайда еңбек еткендеріңізді көрдім. Бұл – нағыз ерлік пен батырлықтың, Отанға деген сүйіспеншіліктің үлгісі. Халық алдындағы міндеттеріңізді адал атқарғандарыңыз үшін алғыс айтамыз, – деді Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов.
Құтқарушылар мен әскери қызметшілер су басу қаупі бар аймақтарда жұмыс істеді. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығаруға көмектесіп, бөгеттерді нығайтты. Құбылмалы ауа райына қарамай, күндіз-түні қауіпсіздікті қамтамасыз ету іс-шараларымен айналысты.
– Бүгін біз сіздерді ерекше ризашылықпен шығарып салғалы отырмыз. Қиын-қыстау сәтте жанымыздан табылып, көмектеріңізді аямадыңыздар. Елдің амандығы жолында еткен еңбектеріңіз ерлікпен пара-пар, – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Құтқарушылар марапатсыз қалмады. Олардың кейбірін Төтенше жағдайлар министрі медальдармен марапаттады. Бірқатарына облыс әкімінің Алғыс хаты табыс етілді.
Қостанай облысынан өңірге көмекке 40 маман, 11 техника жіберілген. Жігіттер су басу қаупі бар аймақтарда инертті материал салынған қаптарды тасып, бөгеттерді нығайтты.
–Біз өзімізбен бірге су деңгейін бақылауға арналған құрылғы алып келіп, жергілікті құтқарушыларға онымен қалай жұмыс істеу керектігін үйреттік. Елді мекендерден тұрғындарды эвакуациялау жұмыстарын атқардық. Қазіргі таңда тасқынның қаупі сейілді, – деді Қостанай облыстық төтенше жағдайларды жою басқармасының инженері Жалғасбек Маратов.
Рабиға ЕРАЛЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».