«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫННЫҢ АЛДЫН АЛУ — КӨКЕЙКЕСТІ МӘСЕЛЕ

Кеше Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко Қызылжар өңірінде болып, облыс әкімі Ерік Сұлтановпен бірге Сергеевка, Петропавл су қоймаларының, су басуы мүмкін елді мекендердің жағдайымен танысты.

Облыс аумағындағы қардың қалыңдығы орташажылдық көрсеткіштен жоғары, ал Есіл мен Сілеті өзендерінің арнасындағы топырақтың ылғалдылығы нормадан 1,5-3 есе артық. Көктемгі су тасуы кезінде Сергеевка су қоймасының көлемі – 2600 млн.-нан 3400 млн. текше метрге, Сілетінікі 150-230 млн. текше метрге дейін жетеді деп болжануда. Қазіргі кезде су қоймаларының қалыпты деңгейін ұстап тұру үшін гидрожелілер арқылы өзендер арнасына су ағызылуда және су қоймаларының деңгейіне үнемі мониторинг жүргізілуде.

Петропавл су торабында “Қазводхоз” РМК облыстық филиалының директоры Аманжол Қожағұлов вице-министрге Сергеевка және Петропавл су қоймаларының су тасқынына әзірлігі жайын баяндады.

– Өңір басшысымен бірге Сергеевка су қоймасында болып, онда су тасқынынан қорғануға байланысты атқарылып жатқан шаралармен таныстық. Қар еріп біткен жоқ, өзендегі мұз құрсауы да толығымен бұзылмаған. Аудан әкімінің қаланы су тасқынынан қорғау жөніндегі шаралары көңілге қонады. Облыс бойынша төтенше жағдайларды жою үшін 1167 техника, қажетті дәрежеде жанармай мен инертті материалдар қоры әзірленіпті. Ертең Сілеті су қоймасы аумағындағы ауылдарды су басудан қорғау шараларымен танысатын боламыз, – деді Ішкі істер министрінің орынбасары.

БАҚ өкілдерінің Заречный кентіне байланысты сауалына облыс әкімі Ерік Сұлтанов жауап берді.

– Заречный кентіне байланысты жағдайды Владимир Карповичпен бірге талқыладық. Оны алдағы уақытта су басудан қорғау үшін бөгет тұрғызуға биыл жобалық-сметалық құжат әзірлемекпіз. Ол келер жылдары жүзеге асады, – деді Ерік Хамзаұлы.

Осы күні Владимир Божко мен Ерік Сұлтанов “Достық” алаңында облыстың шұғыл әрекет ету отрядының әзірлігін байқады.

Нұрсайын ШӘРІП,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp