«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫННЫҢ БЕТІ ҚАЙТА БАСТАДЫ

Газет оқырмандары облыс аумағындағы сегіз аудан мен Петропавл қаласының кейбір шағынаудандарын тасқын су басуы салдарынан табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланғанынан хабардар деп ойлаймын. Жалпы сел басқан 513 ауланың 403-і – тұрғын үй. Бүгінгі күні олардың 372-сі су құрсауынан құтқарылды, 31-і әлі суда тұр.

Суда қалған елді мекендерден көшірілген 797 адамның 700-і үйлеріне оралды. Қалған 6 адам эвакуациялық қосындарға орналастырылса, 91-і туысқандарын паналауда. Сондай-ақ, қауіпсіз жерге шығарылған 1884 ірі қара мен ұсақ малдың 65-і шығын болды.

Дер кезінде тиісті шаралар қолданылмаса, тасқын судың зардабы бұдан да зор болар еді. Жиырма елді мекеннің маңына ұзындығы 16770 метр топырақ үйіліп, 50 километрден астам жерде арықтар қазылды. Төрт мыңнан астам құм салынған қаптардан бөгет қойылды. Селге қарсы шаралар мен апаттық-құтқару жұмыстарына 1305 адам, 321 техника, 43 су сору қондырғысы және 13 жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар жөніндегі комитетінің және төтенше жағдайлар жөніндегі департамент бөлімшелері жеке құрамының 270 адамы мен 55 техникасы тартылды.

Қазіргі таңда Есіл ауданындағы жағдай алаңдаушылық туғызып отыр. Үлкен Тораңғыл көлінің ернеуінен шығып, тасуы салдарынан су айналма канал арқылы Аққайың ауданына қарай ағып жатыр. Ол республикалық маңыздағы Петропавл – Астана тасжолын және осы бағыттағы темір жолды бұза ма деген қауіп бар. Бұдан басқа Аққайың ауданының ойпаңда тұрған Рублевка, Аралағаш, Амангелді, Көктерек ауылдарын су басуы мүмкін. Рублевка ауылындағы тұрғын үйлерге су кіргізбеу үшін ұзындығы 6300 метр шұңқыр қазылды. Сонымен қатар инертті материалмен толтырылған 800 қап үйілді. Қауіпті аумақтарда Алматы (24 адам және 3 техника) және Тараз (22 адам мен 2 техника) қалаларынан келген азаматтық қорғау қызметкерлері жұмыс істеуде. Жергілікті атқарушы органдар оларға қосымша көмек көрсетуге тұрғындардың арасынан тағы 15 адамды тартты.

Сергеевка су қоймасындағы су деңгейінің соңғы тәуліктерде 2 сантиметрге төмендегені байқалады. Есіл өзені алқабындағы 19 саяжайды су алып қалды. “Лесовод” саяжай қоғамында тасқын су автожолға шығып кетті.

Есіл ауданының аумағындағы облыстық маңыздағы Покровка-Корнеевка-Горное тасжолының 28 километрінде ұзындығы 15 және ені 6 метр асфальт жабындысын Тораңғыл көлінің суы шайып әкетті. Қазір аталмыш аумақта шұңқырларға 560 тонна шойтас төселді. Петропавлдың республикалық маңыздағы Челябі – Новосібір автожолының 528 километрінде (Заречный кенті маңында) Есіл өзені ернеуінен асып кетуі салдарынан көлік қатынасы тоқтап қалды. Полиция қызметкерлері осындай қауіпті жерлерге ескерту белгілерін орнатып, кезекшілік атқаруда.

Евгений ЖУРАВЛЕВ,

облыстық төтенше жағдайлар

жөніндегі департаменттің

баспасөз хатшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp