Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаментте өткен баспасөз мәслихатында Есіл өзеніндегі су тасқыны, оның алдын алуға байланысты атқарылып жатқан шаралар туралы әңгіме қозғалды.
Ведомствоның азаматтық қорғау саласындағы апаттар тәуекелін төмендету және бақылау басқармасы бастығының міндетін уақытша атқарушы Серік Наурызбаев соңғы күндері жағдайдың тұрақтала бастағанын тілге тиек етті.
– 24-26 сәуір күндері Есіл өзенінің ең биік нүктесі тіркелді. Нәтижесінде қатты жел тудырған екпінді толқындар Тепличное ауылының маңындағы бөгетті бұзып кете жаздады. Сондықтан құм салынған қаптармен бекіту жұмыстары жүргізілді. Елді мекенге Ұлттық ұлан әскери институтының курсанттары мен №6637 әскери бөлімінің қызметшілері, жергілікті атқарушы органдардың мамандары тартылды. Дәл осындай жағдай Заречный кентінде де қалыптасқан, – дейді Серік Наурызбаев.
Сергеев су қоймасының ернеуінен асқан судың биіктігі 85 сантиметрді құрайды. Ал “Западное – Тоқсан би” гидрологиялық бекетінің мамандары өзен деңгейінің төмендегенін тіркеді. Петропавл гидроторабындағы судың деңгейі де тәулігіне 3-4 сантиметрге төмендеуде. Ал Қызылжар ауданындағы Соколовка ауылының жанында, керісінше, су деңгейі көтерілуде. Мамандардың болжамынша, тасқынның екінші толқыны келе жатыр. Алайда, ол біріншісіне қарағанда әлдеқайда әлсіз болмақ.