«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

«ТАСҚЫННЫҢ КЕСІРІ: КЕЙ ЖОБАЛАР КЕЙІНГЕ ҚАЛДЫ»

Қызылжар ауданындағы Прибрежное ауылдық округі орналасуы бойынша аудан орталығына да, облыс орталығына да жақын. Сондықтан мұнда алыс-жақын ауылдан көшіп келген ағайын қалың қоныстанған. Бұл округ тұрғындары 2017 жылғы су тасқынында да, былтырғы табиғи апатта да қатты зардап шекті. Көктем сайын қарғын сумен күресіп келе жатқан елді мекеннің тұрмыс-тіршілігі жайлы ауыл әкімі Дәурен Рамазановпен әңгімелестік.

– Дәурен Сәкенұлы, әкімдерге қоятын алғашқы сұрағым: сіз тағайындалған әкімсіз бе, әлде сайландыңыз ба?

– Осы қызметті атқарып келе жатқаныма бес жылға жуықтады. 2020 жылы Прибрежное ауылдық округінің әкімі болып тағайындалдым. Қызылжар ауданы бойынша тағайындалған әкімнің соңғысы менмін. Өткен жылы әкімдік мерзімім аяқталып, тамыз айында сайлау өтті. Сол сайлауда бағымды сынадым. Сайлаушылардың басым дауысын жинадым. Қазір халық сайлаған әкімдердің бірімін.

– Жергілікті тұрғындардың тыныс- тіршілігіне қандай баға бересіз?

– Прибрежное ауылы облыс орталығынан 5 шақырым жерде орналасқан. Ауылдық округтің құрамында үш ауыл бар. Олар – Прибрежное, Тепличное және Шаховское. Үш ауылдағы тұрғындардың саны үш мыңнан асады. Өткен жылғы су тасқынынан кейін 150-дей үй жарамсыз болып қалды. Иелеріне облыс орталығынан пәтер, жаңа салынған Бірлік шағынауданынан, Бескөл ауылынан үй берілді. Осының салдарынан округтегі тұрғындар саны айтарлықтай азайып қалды.

Ауылдарда ірі шаруашылық жоқ. Сондықтан тұрғындардың дені облыс орталығына барып-келіп жұмыс істеп жүр. Тепличное ауылында 700-ден астам адам тұрып жатыр. Екі жыл бұрын облыс әкімінің қолдауымен Шаховскоеге дейінгі 15 шақырым жолға асфальт төселді. 1985 жылдан бері жөнделмеген жолдың машақатын тұрғындар біраз жыл тартты. Қазір тұрғындар облыс орталығына 10 минутта жетеді.

– Қандай әлеуметтік нысандар жұмыс істеп тұр?

– 2022 жылы Прибрежноеде дәрігерлік амбулатория салынды. Аумағы – 500 шаршы метр. Бұрын Тепличное ауылында амбулатория болатын, көрші ауылда жаңасын салғасын оны жаптық. Шаховскоеде ФАП жұмыс істеп тұр. Аудандық аурухана сондағы шаруашылықтың ғимаратын жалға алып отыр. Прибрежное, Шаховское ауылдарында шағын футбол мен жаттығу алаңдары салынды. Шаховскоеде балалардың ойын алаңы бар. Ауылдық округтің аумағында екі орта мектеп жұмыс істеп тұр. Екеуі де аралас мектеп. Озерный орта мектебінде 250-дей оқушы білім алып жатыр. Жанында шағын орталық бар. Шаховскоедегі орта мектепте 100-ге жуық оқушы бар. Онда да шағын орталық жұмыс істейді. Тепличное ауылына шағындау ФАП салмақшы едік. Бірақ су тасқынынан кейін бұл ойымыз жоспар күйінде қалды. Аудандық әкімдікпен де, облыстық денсаулық сақтау басқармасымен де келісілген. Ел аман, жұрт тыныш болса жүзеге асырылар.

– Сізге сұхбат алу жайында хабарласып, жағдайыңызды сұрағанымда «жаман» дедіңіз. Шынында да қазір өткен жылғы жағдай қайталана ма деген үрей басым. Былтыр Прибрежное ауылы су құрсауында қалды. Биыл осының алдын алу үшін қандай қам жасап жатырсыздар?

– Қазір су тасқынының алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Прибрежное мен Тепличное былтыр суда қалғандықтан, биыл да жағдай қайталанып қала ма деп қауіптеніп отырмыз. Былтыр Прибрежное ауылында 217 үйді су басып, 94-і апатты деп танылды. Тепличноеде 400-ге жуық үйді су басып, соның 64-і жарамсыз болып қалды. Тұрғындардың баспаналарын, мүлкін аман алып қалу үшін қолдан келген шаралардың барлығын жасап жатырмыз.

– Өткен жылы келтірілген шығынның көлемі есептелді ме?

– Жоқ. Шынымды айтсам, қанша шығын келгенін толық есептейтін мүмкіндік болмады.

– Су басқан үйлердің тұруға жарамдылары жөнделді. Биыл сол үйлер қайтадан су астында қалса не істейсіздер?

– Былтыр Прибрежное ауылының шеткі көшелеріндегі үйлерді су басты. Олар апатты деп танылып, бұзылды. Тиісті қаражат бөлініп, тамыз айынан бастап судан қорғайтын дуалдар көтерілді. Прибрежноеда – 5, Тепличноеда 4,6 шақырым ақ балшықтан бөгет салынды. Бөгетті биіктеткенде өткен жылғы судың деңгейі есепке алынды. Қызыл судан қорғар деген сенім бар. Биыл аудандық әкімдік қаржы бөліп, Есіл бойындағы бұрылыстарда мұз жарылды.

– Сонда да үрейленіп отырған сияқтысыз ғой?

– Иә, су да – тілсіз жау ғой. Былтыр оған көз жетті.

– Су тасқынына дейін ауылдық округті дамыту үшін қандай жоспарларыңыз болды?

– Прибрежное және Шаховское ауылдарының ішкі жолдарын жөндеу керек еді. Былтыр су басып, бұл жұмыстар істелінбей қалды. Биыл тиісті құжаттарды даярлап қойдық. Егер ауданнан, облыстан қаражат бөлінсе, ауылдардың ішкі жолын жөндейміз. Прибрежное мен Тепличное ауылы сапалы ауызсумен қамтылған. Шаховское ауылы ұңғыманың суын ішеді. Былтыр жөндеу жұмыстары жүргізіліп, сүзгілері ауыстырылды. Прибрежноеде тұрғындар бос уақытын тиімді өткізетіндей демалыс ойын-сауық орталығын, Мәдениет үйін салуды жоспарлаған едік. Қазіргі жағдайға байланысты барлық жоспарларымыз кейінге қалды.

Прибрежноеде 2022 жылы 1,5 шақырым көшеге асфальт төселді. Ал жалпы 4,5 шақырым жол салуымыз керек-тін. Материалдар қымбаттап, бағасы бойынша мердігермен келісе алмай, ақыры оларды сотқа бердік. Қазір жұмыс тоқтап тұр. Шаховское ауылының көшелеріне асфальт төсету үшін қажет құжаттар даяр.

Былтыр 12 сәуірде ауылға су кіріп, мұз жарық бағандарын қиратты. Бірқатар инфрақұрылымға зақым келді. Су кеткеннен кейін барлығы қалпына келтірілді. Жаз бойы ауылдың тыныс- тіршілігін қалпына келтіру үшін қыруар жұмыс атқарылды. Былтыр су астында қалғанда жан-жақтан көмек келді. Бір ай бойы қайықпен қатынадық. Сол кезде бірінші рет тікұшаққа міндім. Оның барлығы тұрғындарға оңай тиген жоқ. Су тартылғанда қоқысты шығарудың өзі ауқымды жұмыс болды. Егер жаппай көмек болмаса, біз өз күшімізбен оның барлығын еңсере алмас едік.

– Тепличное ауылында дүкен бар ма?

– Ол ауылда екі дүкен жұмыс істеп тұр. Тұрғындар бірінші тұтынатын азық- түлікпен қамтылған.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдердің жаңа санаты – сайланбалы басқарушылар пайда болғанын, олардың арасында мұғалімдер, дәрігерлер және мемлекеттік қызметте тәжірибесі жоқ басқа да мамандар бар екенін атап өтті. Оларды оқыту үшін елімізде «Әкімдер мектебі» жобасы іске асырылуда. Сіздерге не үйретіп жатыр?

– Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын қолдаймын. Қазір ауылдық округ әкімдерін ел бойынша оқытып жатыр ғой. Екі апта барып оқыдық, ары қарай қашықтан білім алып жатырмыз. Пайдасы көп. Мәселесін айта келген тұрғындармен сөйлесе білудің өзі шеберлік қой. Сонымен қатар әкімдер ауыл экономикасын дамыту үшін өз жобаларын әзірлейді және оларды қорғауға міндетті. Бұл – біздің теориялық білімдерімізді тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар маркетингтік зерттеулер, кооперация жобаларын жасау, шикізатты өңдеу мүмкіндіктері сияқты экономикалық өсу факторларын да зерттейміз. Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мен салықтық базаны кеңейту бойынша нақты шешімдер ұсынуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, сайлауалды бағдарламамда халықтың әлеуетін көтеруге басымдық беремін деп уәде берсем, «Әкімдер мектебі» арқылы оны жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін меңгеріп жатырмын.

– Әкім болғанға дейін қай салада еңбек еттіңіз?

– Мен бұрын құқық қорғау органдарында жұмыс істедім. 2018 жылы подполковник шенімен зейнет демалысына шықтым. Қартайып тұрған жоқпын, сондықтан әлі еңбек ете тұрайын, халыққа қызметімді көрсетейін деген оймен осы салаға ауыстым. Оның үстіне бұрын да халықпен жұмыс істеген адаммын ғой, тәжірибе бар.

– Осы ауылдың тұрғынысыз ба?

– Жоқ. Мен – Аққайың ауданындағы Дайындық ауылының тумасымын. Бескөлде жұмыс істедім. Сондықтан жергілікті халықты жақсы білемін.

– Яғни келіп-кетіп жұмыс істейсіз ғой.

– Иә, бірақ екі ортада ары-бері жүрмес үшін Прибрежное ауылында үй жалдап тұрамын. Уақытымның көп бөлігі осында өтеді.

– Құқық қорғау органдарынан зейнет демалысына шыққандар не ауылдық округтің әкімі, не болмаса Мәдениет үйлеріне директор болып орналасады. Бұл не қылған үрдіс?

– Мен 47 жасымда зейнет демалысына шықтым. «Зейнеткермін» деп төрт қабырғаға қарап отыратын жаста емеспін. Еңбек етіп, елге қызмет етуге әлі де күш- қуат бар. Мен осында әкім болып тағайындалғанда Прибрежноеде 9 шам ғана жанып тұрды. Қазір Прибрежное мен Тепличноеде 300-ге жуық шам көшелерді жарықтандырып тұр. Бала күнімізден ауылда тұрдық. Мал жайлап, шөп шапқан адамбыз ғой. Шаруашылықтан хабарым бар.

– Ел ішінде ауылдық округ орталығының атауы екі түрлі айтылып жүр. Бірі Озерный десе, екіншісі Прибрежное дейді. Ауылдың орысша атауын қайтадан орысшалағаннан не пайда?

– Бұл ауылдың атауы кеңес үкіметі кезінде Озерныйдан Прибрежноеге ауыстырылған.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан

Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp