«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫННЫҢ ҮШІНШІ ТОЛҚЫНЫ

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздегі су тасқыны жағдайына қатысты мәселе қаралды. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов су тасқынына қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар жөнінде есеп берді.

Ғауез Торсанұлы келтірген деректер бойынша су тасқыны басталғалы өңірде үйлерді су басу фактілері тіркелмеген. Республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдарды 27 жерден су басу оқиғасы орын алып, 4-5 күн ішінде жағдай тұрақталды. Қазіргі таңда екі учаскеде су әлі тартылған жоқ.

Өңірде 8 қорғаныс бөгетін қалпына келтіру және нығайту, Петропавл су торабы маңында айналма канал қазу, Соколовка жанындағы Есіл өзенінің арнасын түзету жұмыстары аяқталды. Новоникольское ауылында су басу қаупін азайту мақсатында шаруашылық есебінен айналма канал қазылып, ол өз тиімділігін көрсетті.

Елді мекендерден 1,5 млн. текше метр қар шығарылды, 400 мың текше метр еріген су сорылды, 200 мың қап құм төселді. Бұл қадамдар тұрғын үйлер мен инфрақұрылым нысандарын су басудан сақтап қалуға айтарлықтай септігін тигізді. Су тасқыны жағдайы 8 дрон арқылы бақылануда, бұл құрылғылар өрт қаупі кезінде де қолданылатын болады.

«Өзендер мен көлдердің деңгейі тәулік бойы бақыланады. Бүгінде Петропавлда су тасқынының бірінші және екінші толқындарының шарықтау кезеңі өтуде.

Су деңгейі тұрғын үйлер мен инфрақұрылым үшін қауіпті межеге жеткен жоқ. Үшінші толқынның шарықтау шегі сәуір айының соңында, Жабай және Калутон өзендерінің Ақмола облысында тасуы салдарынан облыс орталығына жетеді деп күтілуде. Бірақ елді мекендерге айтарлықтай қауіп төндірмейді. Су тасқыны өңірде бақылауға алынған», – деді өңір басшысы.

Жиында министрліктер мен әкімдіктерге бірқатар тапсырма берілді. Атап айтқанда, Ақмола, Абай, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері су тасқынына байланысты жағдайдың ушығып кетуіне жол бермеу үшін барлық шараны қабылдауы, уәкілетті мемлекеттік органдар мен ел басшылығын хабардар ету, тұрғындармен кері байланыс орнатып, олардың өтініштеріне дереу құлақ асуы қажет. Су ресурстары министрлігі мен әкімдіктер, әсіресе еліміздің солтүстік және шығыс өңірлерінде орналасқан су қоймалары мен нысандардағы судың деңгейін ерекше бақылауда ұстау, гидротехникалық құрылыстардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қажет болса, қосымша күштер мен құралдарды жұмылдыруға міндеттелді. Көлік министрлігі өңір әкімдіктерімен бірге зақымданған жол инфрақұрылымын қалпына келтіру бойынша шаралар қабылдауы, жолдар мен көпірлердің жағдайына тұрақты түрде мониторинг жүргізуі қажет. Ал Экология министрлігі ауа райы болжамының нашарлауына қатысты ақпарат алған кезде дабылды ескертулер туралы тиісті мемлекеттік органдарды жедел хабардар етуі тиіс.

Үкімет отырысында сөз болған екінші мәселе – өңірлердің өрт маусымына дайындығы. «Қазгидромет» АҚ мамандарының хабарлауынша, биыл жаз ыстық әрі құрғақ болады. Премьер-министр өрт қаупі жоғары кезеңде барлық қызметтер шұғыл қимылдап, үйлесімді әрекет етуі маңызды екенін баса айтты. Сондай-ақ дайындық шаралары жеткіліксіз болған аймақтарға ерекше назар аударды.

«Тексеріс көрсеткендей, табиғи өрттердің алдын алу және жою жөніндегі іс-шаралар жоспары барлық өңірде бірдей тиісті деңгейде іске асырылып отырған жоқ. Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елді мекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес», – деп атап өтті Олжас Бектенов.

Осыған байланысты Үкімет басшысы өңір әкімдеріне дайындық жұмыстарын күшейтуді және бұл мәселені тікелей бақылауға алуды тапсырды.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltustik Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp