Үстіміздегі жылдың 1 сәуірі күні қардың күрт еруі салдарынан Аққайың ауданы Смирново ауылының шеткі көшелеріндегі үйлердің қора-қопсысы суда қалды.
Тұрғын үйлерді су басу қаупі төнді. Смирново ауылына Астана қаласынан “Өрт сөндіру қызметі мен апаттық-құтқару жұмыстары” мемлекеттік мекемесінің 8 адамнан құралған жеке құрамы және 3 бірлік техникасы көмекке келіп, суды сору жұмыстарына кірісті.
Өрт сөндіру-сорғы станциясы және арнайы техникамен тәулік бойы жүргізілген жұмыс барысында 1600 текше метр су сорып алынды. Соның нәтижесінде судың деңгейі айтарлықтай төмендеп, тұрғын үйлерді сел басуына жол берілмеді. Сондай-ақ, тұрғындар басқа жаққа көшірілмеді. Астана қаласының №11 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғаныс подполковнигі Марат Бажекеновтің айтуынша, жұмыс штаттық тәртіпте жүргізілуде, тұрғындарды апаттан қорғау міндетін атқаруға құтқарушылар дайын.
Астана қаласының “Өрт сөндіру қызметі және апаттық-құтқару жұмыстары” мемлекеттік мекемесінің 15 адамнан құралған жеке құрамы мен 3 бірлік техникасы бар екінші топ Шал ақын ауданының Сергеевка қаласына келіп, кешенді шаралар өткізді. Құтқарушылар белуардан келетін мұзды суда 30 метрлік субұру каналының арнасын тазартты. Соның нәтижесінде су тасқынына тойтарыс берілді. Қазіргі таңда жұмыс күшейтілген тәртіпте жүргізілуде.
Евгений ЖУРАВЛЕВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің
баспасөз хатшысы.