«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫНҒА ТОСҚАУЫЛ – БАСТЫ ТАЛАП

“Tikeleı baılanys” айдарының қонағы – облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің бастығы Рамиль Камалов тұрғындардың сауалдарына жауап беретінін газетіміздің өткен сандарында хабарлаған болатынбыз. “Soltústik Qazaqstan” газетінің электронды поштасына және WHATSAPP желісіне көктемгі су тасқынының алдын алуға қатысты сұрақтар көптеп түсті. Оқырмандар назарына осы сауалдарға департамент басшысы берген жауапты ұсынып отырмыз.

Асхат ОЛЖАБАЙҰЛЫ,
Петропавл қаласының тұрғыны:

– Жыл сайын су тасқынының маша­қатын көріп жүрген солтүстікқазақ­стандықтардың көктем жақындаған сайын көңілдері алаң. Биыл елді мекендерге қызыл судан келетін қауіп қандай болмақ?
– Биыл қар әдеттегіден 2-2,5 есе қалың түсті. Сондықтан облыс аумағында көк­темгі су тасқыны жылдық орташа көрсет­кіштен жоғары болады деген болжам жасалуда. Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент мамандары тас­қын­ның алдын алып, зардабын азайту мақ­сатындағы шараларды жыл бойы жүзеге асыруда. Кешенді жоспарға сәйкес қыс­тың алғашқы айынан бастап әзірлік шара­лары қолға алынды. Біз биыл адам және мал шығынын болдырмау мақсатында елді мекендерді және облыс орталығының су басу қаупі жоғары шағынаудандарын аралап, тұрғындарды ескертіп, жа­ды­намалар тараттық. Сондай-ақ, облыс және аудан орталықтарында арнайы штаб­тар құрылды.
Көктемгі су тасқынының алдын алу және оның зардаптарын жою жұмыстарын жоспарлаған уақытта ауа райын бақылай­тын “Қазгидромет” республикалық мемле­кеттік кәсіпорны облыстық филиалы ма­мандарының болжамдарына да сүйене­міз. Алдын ала болжам бойынша наурыз айының екінші онкүндігінде ауа райы күрт жылынады деп күтілуде. Ал ай соңы жа­уын-шашынды болмақ. Сондай-ақ, кей жер­лерде сынап бағанасы 10 градусқа де­йін көтерілуі мүмкін. Бүгінгі күні Есіл өзені мен оның салаларындағы мұздың қалың­дығы өткен жылдың сәйкес мерзі­мімен салыстырғанда 15-30 сантиметрге жұқа.
Биыл қызыл судан келетін қауіптің ал­дын алу және жою жұмыстарына облыстық бюджеттен 504 млн. теңге қаржы бөлінді. Атап айтқанда, мұз жару жұмыстарына – 4,5 млн. теңге, ғарыштық мониторинг жүргі­зуге – 6,5 млн., ал қар суы кірген ауылдарды әуеден тікұшақпен бақылауға 13,4 млн. теңге бағытталды.
Мақсат ҚОСПАНОВ,
Есіл ауданының тұрғыны.

– Негізгі қауіп өзен-көлдердегі мұз­дың еріп, судың ернеуінен асуынан бо­ла­тыны белгілі. Үйдегі көк жәшіктен өзен-көлдердегі мұз ерте еріп, биылғы тас­қын 2017 жылғыдай қарқыны қатты болады дегенді естідім. Бұл ақпарат қаншалықты рас?
– Бұқаралық ақпарат құралдары арқы­лы таратылып жатқан ақпаратқа құлақ асқан жөн. Су тасқынына қарсы шара­ларды ұйымдастыру барысында қар көп түскен, су айдындарының жанында орын тепкен 92 елді мекен бақылауға алынды. Бұл ауылдарда он мыңға жуық тұрғын бар. Атап айтар болсақ, Ақжар ауданында Шат өзенінің бойында орналасқан Талшық пен Ленинград ауылдары, сондай-ақ, Ақсары, Ащыкөл, Қулыкөл және Ақжарқын елді ме­кендеріне су кіруі мүмкін. Тайынша ауда­нында Шағалалы өзенінің тасуының нәти­жесінде он ауыл, Ғабит Мүсірепов атын­дағы және Айыртау аудандары арқылы ағатын өзендерді жағалай орын тепкен ауылдарға да су кіреді деп күтілуде. Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғыл көлі алаң­даушылық тудыруда. Жыл сайын осы ау­мақ­та судың деңгейі көтеріліп, жақын маң­дағы үйлерге қауіп төнеді. Қазіргі таңда көлде судың деңгейін төмендету мақса­тындағы барлық шаралар атқарылуда. Тө­тенше жағдайдың алдын алу үшін наурыз айының соңына қарай суды ағызып жіберу жұмыстары қолға алынатын болады. Бұ­дан бөлек алқаптарға қардың қалың түсуі­не байланысты Аққайың, Жамбыл, Мам­лют, Мағжан Жұмабаев аудандарында об­лыс­тық маңыздағы автожолдарды су шаю қаупі байқалуда. Ал Есіл өзенінің бойын­дағы 19 елді мекен, Петропавл қаласының Копай, Береке, Ойқала шағынау­дан­дарында, Былғары зауыты және Зареч­ный кенттерінде жер үйлер бақылауға алы­натын болады.
Төрт ауданда мұз жару жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, бұл жұмыстарды Ғабит Мүсірепов атын­дағы ауданда Жембарақ, Шарық, Ақан-Бұрлұқ, Бабық-Бұрлұқ, Айыртау ауда­нын­да Бабық-Бұрлұқ, Иманбұрлұқ, Тайынша ауданында Шағалалы және Уәлиханов ауданында Сілеті өзеніндегі мұзды жару жоспарланған. Бұл жұмыс­тарды жүргізетін “Көкше-Бұр” жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасалды. Мұз жару 12-25 наурыз аралығында жүргізілмек. Ай соңына қарай тікұшақпен су тасқыны қаупі жоғары аймақтарды тексереміз.
Қорған ҒАЛЫМОВ,
Шал ақын ауданының тұрғыны:

– Осыдан екі жыл бұрын Сергеевка және Петропавл су тораптарына жөн­деу жұмыстары жүргізілген еді. Облыс бойынша тасқын қаупі бар жерлерге қосымша су өткізу құбырлары салы­нып, бөгеттер жөнделді. Мұндай қа­уырт жұмыстар үстіміздегі жылы атқа­рылды ма?
– Өңіріміздегі ірі су қоймаларындағы ахуал департамент мамандарының жіті бақылауында. Мамандарымыз облыс ау­ма­ғында барлығы 23 гидротехникалық құры­лыс нысанын назарда ұстауда. Жы­лы­на екі рет техникалық жағдайы тексері­ліп, анықталған ақаулары жөнделеді. Биылғы тексеріс өткен аптада аяқталды. Тексеріс нәтижесіне сәйкес Ғабит Мүсіре­пов атындағы аудандағы Шарық гидро­торабы мен Уәлиханов ауданындағы “Сегіз көз” су жіберу нысаны апаттық жағдайда екені анықталды. Тұрғындардың қауіпсіздігі үшін бұл нысандар транзиттік режімге ауыстырылды.
Сондай-ақ, облыстық жұмылдыру да­йындығы және азаматтық қорғау басқар­масының және аудандық әкімдік мамандары су қоймаларының толу барысын бақылап, мониторинг жүргізеді. Соңғы дерек бойынша, Петропавл және Сергеевка су қоймалары 87 және 95 пайызға толған. Қазіргі уақытта бұл гидро­торабтардан секундына 15,8 және 15 тек­ше метр су ағызылуда. Ал Сілеті мен Ша­ғалалы су қоймалары әзірге тек 57,7 және 54,3 пайызға толған. Сондай-ақ, су мөл­шері артқан Шағалалы өзенін де бақы­лауға алдық. Қалың қардың еруінен Есіл өзеніндегі су деңгейі де біртіндеп көтерілетіні белгілі. Сол себепті ай соңына қарай облыста күшей­тілген жұмыс режімі жарияланып, тұрғын­дардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларына ерекше назар аударылатын болады.
Ойрат АЮПОВ,
Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Төтенше жағдайдың алдын алу жұмыстарын ойдағыдай жүргізуге департаментте мамандар мен арнайы техника, басқа да құрал-жабдықтар жеткілікті ме? Қажетті материалдар қоры жасалды ма?
– Көктемгі су тасқынының алдын алу жә­не зардабын жоюдың 2017-2020 жыл­дарға арналған Жол картасына сәйкес 3,5 млрд. теңгенің 24 іс-шарасы жүзеге асы­рылды. Бұл қаржыға ағын судан зақым­данған автокөлік жолдары жөнделіп, су өткізу құралдары, бөгеттер салынды. Сондай-ақ, су басу қаупі жоғары 60 ауылда қолдан жасалған бөгеттер нығайтылып, 74 шақырым арық қазылды. Соңғы жылы аудандардағы бөлімдердің материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 355 млн. теңге жұмсалды. Былтыр 29 трактор, 5 мотопомпа, 15 сорғы сатып алынды. Төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 204,1 тонна жанар-жа­ғар­май, 35,9 мың тонна инертті мате­риал және 46,5 мың қап әзірленді.
Су тасқынының алдын алу және оның зардабын жою жұмыстарына облыс бо­йынша азаматтық қорғаныстың 16 қызметі және 14 жедел әрекет ету жасағы жұ­мылдырылатын болады. Жасақтың жеке құрамы екі мың адамнан тұрса, оған бар­лығы 1,5 мың техника бірлігі бекітілген. Олардың еншісінде 345 су сорғыш техника мен 122 жүзу құралы бар. Жауапты істе бізге облыстық полиция департаментінің 482 маманы мен 158 техникасы көмекке келеді. Ал Ұлттық ұлан әскери институты­ның басшылығы 60 курсант бөлуге әзір. Аудандарда инертті материалдар және жанар-жағармай қорынан бөлек, жергілікті шаруашылықтардың иелігіндегі экскова­торлар мен бульдозерлерді тасқын суға қарсы күреске жұмылдыру көзделген.
Сәуір айының алғашқы онкүндігінде ауа райының күрт жылынуына байланысты ойпат жердегі жолдар, көпірлер, су өткізгіш құбырлар мен су тораптары бақылауға алынатын болады.
Бақыт СМАҒҰЛОВ,
Уәлиханов ауданының тұрғыны:

– Өткен жылдардағы су тасқыны көп­теген адамды жылы орындарынан айы­рып, әуре-сарсаңға салғанын ұмыта қойған жоқпыз. Әсіресе, Қулыкөл мен Қаратал ауылдарының тұрғындарына ауыр тиген болатын. Биылғы жылы да бұл елді мекендер су астында қалады деген хабарды естідік. Не істеуіміз керек?
– Қулыкөл округінен 150 шақырым қа­шықтықта жатқан Ақмола облысына қа­райтын қоймадағы артық суды ағызған кез­де Сілеті өзені де арнасынан асып, ай­дынға жақын орналасқан ауылдарға жайылады. Осының салдарынан 2014, 2015 және 2019 жылдары Қулыкөл мен Қаратал ауылдарын су басып қалған болатын. Былтырғы қыркүйек айынан бастап департаменттің жұмыс тобы Уәлиханов ауданының аумағында орналасқан Сілеті өзенінің арнасына және су қоймасына тексеріс жүргізді. Топ мүшелері “Сегіз көз” және “Екі көз” гидротехникалық ғимараттарына баса назар аударды.
Былтырғы жағдай қайталанып, Қулыкөл мен Қаратал ауылдары тағы да судың астында қалуы әбден мүмкін. Қазіргі уақытта Сілеті су қоймасындағы судың деңгейі әдеттегіден 1,5 есе көп. Алдағы аптада қоймадан су жіберу жұмысы басталады. Осылайша, қар ерігенше қойма босатылады. Төтенше оқиға орын ал­ған жағдайда округтің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшіру, орналастыру, та­мақтандыру мәселелері ойластырылады. Біздің мамандар жергілікті тұрғындарға төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздік ере­желерін түсіндірді.
Наталья ПЕРШИНА,
Петропавл қаласының тұрғыны:

– Қазіргі уақытта облыс орталығы­нан қарды сыртқа шығару жұмыстары жүргізілуде. Су басу қаупі жоғары Копай шағынауданында қар әлі де көп. Уақытында шығарылып жатқан жоқ. Қала әкімдігіне шағымданудан шаршадым. Қар тазалау жұмыстарына департаменттің мамандары тартылып, көмек көрсетсе, нұр үстіне нұр болар еді.
– Өкінішке қарай, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент маман­дары қаланы қардан тазалау жұмыста­рына қатыспайды. Бұл жұмыстар қала әкімдігінің құзырында. Облыс әкімдігінде өткен отырыстардың бірінде қыс басынан бері облыс орталығынан қар шығару жұ­мыс­тарына 10 кәсіпорынның тартылғаны, 150-ден астам техниканың көмегімен 988 мың текше метр қар шығарылғаны туралы айтылды. Бүгіндері “Коммунхоз” жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің маман­дары автомобиль жолдарындағы су өткіз­гіш құбырларды тазарту жұмыстарын жүр­гізуде. Қазір коммуналдық қызметтер қызыл су басуы мүмкін “Береке” мен Ойқала шағынаудандарында, Жұмысшы кен­тінде арықтар мен каналдарды тазалауда. Арнайы бригадалар суағарлардың мұзын жаруда. Бұл жұмыстарды 11 техника мен 40-тан астам адам атқаруда. Кейін еріген суларды сору жұмыстары қолға алынбақ.
Әсел ОРАЗБЕКОВА,
Есіл ауданының тұрғыны:

– Есіл ауданында Үлкен және Кіші Тораңғыл деген көлдер көктем келісі­мен тасып, жұртты әбігерге салады. Жыл сайын жақын маңайдағы ауыл­дарға су кіреді. Бұл жолы көлдің дең­гейін төмендету, төтенше жағдайдың алдын алу бойынша жұмыстар жүр­гізілді ме?
– Қауіпті деп саналатын барлық су айдындары департаменттің жіті наза­рында. Мамандарымыз аудан әкімдік­терімен бірлесіп, елді мекендерде топырақ үю, арықтар қазу және оларды тереңдету, су ағатын құбырлар орнату, сондай-ақ, облыс аумағындағы өзен-көлдердегі су­дың деңгейін төмендету жұмыстарын ат­қарды. Есіл ауданындағы Үлкен Тораңғыл және Кіші Тораңғыл көлдері арнасынан асса, тұрғындарға шынымен де қауіп төндіруі мүмкін. Әсіресе, соңғысында су деңгейі көтерілсе, Алқа және Ново­пок­ровка ауылдарына қауіп төнеді. Сон­дықтан биыл көлдің деңгейін төмендету мақсатында су ағатын арналары тазар­тылып, тереңдетілді. Былтыр тұрғызылған бөгет нығайтылды.
Апаттың алдын алу мақсатында облыс­тық жұмылдыру даярлығы, азаматтық қорғаныс, апаттар мен зілзалалардың алдын алу және жоюды ұйымдастыру жөніндегі басқарманың мамандары қала мен аудандарда бөгеттерді нығайту жұмыстарын жалғастыруда. Бүгінге дейін Заречный кентінде және аудандарда жал­пы 19 шақырым бөгет нығайтылды.
Біз биыл наурыз айы басталысымен ай­тып келмейтін апаттың зардабын азайту, адам мен мал шығынын болдырмау, тұр­ғындардың қалыпты өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында облыс аумағында жүз­ден астам эвакуациялық қосын ұйымдас­тырамыз. Оларда жылы киім, көмір, жанармай қоры жеткілікті болады. Есіл өзені тасыған жағдайда жапа шеккен Петропавл қаласының тұрғындары №12, 13, 14 және 40 орта мектептерде уақытша ор­наластырылады. Олардың әрқайсы­сында 70-ке жуық жатын орын бар. Бұдан бөлек облыс орталығында үй жануар­ларына арналған эвакуациялық бекет ашылады. Егер жағдай ушығатын болса, қосымша тағы жеті эвакуациялық қосын ашуға әзірміз.


Дайындаған
Қанат АТАМАНОВ,
“Soltústik Qazaqstan”. 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp