«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАСҚЫНҒА ҚАРСЫ ШАРАЛАР

Бүгінде өңір бойынша өзен-көлдердегі су көлемі артып, тасқынның үшінші толқыны жүріп жатыр. Мәселен, соңғы тәулікте Сер­геев су қоймасындағы су деңгейі 31 санти­метрге жоғарылап, 237 сантиметрді құраған. Петропавл су торабында да су деңгейі сағат сайын көтерілуде. Заречный кентіне апара­тын жолды су басып, көліктің барлық түр­леріне шектеу қойылған. Ғабит Мүсірепов атындағы аудандағы Шөптікөл, Есіл ауда­нындағы Петровка ауылдары маңында жа­йылымдарды су шайып кеткен.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбе­тов су тасқыны қаупі бар учаске­лерді әуеден бақылады. Қызылжар ауданының ауылдары, Петропавл қаласынан Долматово ауылына дейінгі аумақ, Үлкен және Кіші То­раңғұл көлдері, Сергеев су қоймасы, сондай-ақ Есіл өзені бойында орна­ласқан елді мекендер тексерілді. Ұшу барысында су деңгейіне, гид­ротехникалық құрылыстардың жай-күйіне және су басу қаупі бар ай­мақтарға визуалды бағалау жүргізілді. Қала және аудан әкімдерінің су тасқынына әзірлік жайлы есеп­тері тыңдалды.

Ғауез Торсанұлы қазіргі уақытта су тасқынының үшінші толқыны жүріп жатқанын, ол елді мекендерге қауіп төндірмейтінін, оның шарық­тау шегі сәуір айының соңында об­лыс орталығында күтіліп отырға­нын жеткізді.

«Тасқынға қарсы кешенді шара­лар жүргізілуде. Бөгеттер нығайтыл­ды, айналма арналар салынды. Жағ­дай тұрақты бақылауға алынған», – деп атап өтті өңір басшысы.

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Soltüstık Qazaqstan».

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp