Көктемгі су тасқынына дайындық – өзекті мәселелердің бірі. Қар күрт ерісе, өңіріміздегі өзен-көлдердің жанында орналасқан отыздан астам елді мекен су астында қалуы мүмкін. Сол себепті өңірімізде табиғи апаттың алдын алуға арналған әзірлік шаралары жүргізілуде.
Синоптиктер биыл қар қалың түскендіктен, көктемде су тасқыны орын алуы мүмкін екендігін ескертеді. Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алуға, халықты апат салдарынан қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені қыркүйек айынан бастап қолға алынды. Облысымызда екі мыңға жуық су айдыны бар. Негізгі қауіп Есіл, Шағалы, Сілеті, Қамысақты өзендерінен келуі мүмкін.
Үстіміздегі жылы су тасқынына дайындық шараларына облыс бюджетінен 495 млн. теңге қарастырылған. Бұл қаражатқа төтенше жағдайларға қарсы күрес шараларына қажетті техникалар сатып алынған. Су тасқынының алдын алу бойынша кешенді жоспар құрылып, жұмыстар соған сәйкес жүргізілуде. Атап айтар болсақ, жедел әрекет ету мақсатында 484 құтқарушыдан жасақталған, 155 техника, 8 жүзу құралы және 72 мотопомпа бар топтар құрылды. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар тарапынан 1619 адам мен 1163 техника бөлінбек. Яғни, 299 су сорғыш және 109 инженерлік техника, 83 жүзу құралы бізге көмекке келмек. Жанар-жағармай мен инертті материалдар, құм салынған қаптар дайындалды.
Егер сын сағатта жергілікті мамандар немесе техника жеткіліксіз болған жағдайда, басқа өңірлердегі әріптестеріміз көмекке келуге әзір. Сондай-ақ Ұлттық ұланның күштері мен құралдары дайын тұр. Олар төтенше жағдайлардың алдын алу және салдарын жою, тұрғындарға жедел көмек көрсету жұмыстарына 60 адам мен 4 техника жұмылдырмақ.
Департамент басшылығы жеке құрамның көктемгі су тасқынына әзірлігін бақылауға алған. Жуырда солтүстікқазақстандық құтқарушылар сапқа тұрғызылып, арнайы-тактикалық оқу-жаттығу жұмыстары жүргізілді. Шара барысында өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстары қызметінің жасағы Ұлттық ұлан сарбаздарын құтқару операцияларымен, арнайы техника мен жабдықтарды пайдаланудың негізгі тәсілдерімен таныстырып, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын үйретті.
Бағлан ҰЗАҚОВ,
облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері.