Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Ғабит Мүсірепов атындағы ауданға іссапары кезінде көктемгі су тасқынына дайындық бойынша кеңес өткізді.
Өңір басшысы алдымен мамандандырылған техниканың табиғаттың айтып келмес апатына қарсы әзірлігімен танысты. Аудан әкімі Руслан Аңбаев су басуға бейім учаскелер және ықтимал апаттың алдын алу үшін қандай шаралар қабылданып жатқандығы туралы баяндады. Ауданда барлығы 60 елді мекен бар болса, 13-і су шаю ықтималдығы жоғары аймақтарда орналасқан. Көпшілік назарына жүк тиегіш, экскаватор, КамАЗ, «Жедел жәрдем», өрт сөндіру, тағы басқа 54 техника ұсынылды.
Қажеттілік туындаған жағдайда мамандандырылған жасақтар да көмекке келмек. Медициналық көмек, қозғалысты қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіп, апаттық-қалпына келтіру жұмыстары, тамақтану орындары талапқа сай жасақталған. Қуаттылығы сағатына 160 текше метр болатын 20 су сору және жүк тиегіш техника сатып алынған. Ғауез Торсанұлы барлық бөлімшелерге техниканы даяр күйде ұстау, тез әрекет ету, тұрғындарды қауіпсіз жерлерге көшіруді жедел түрде ұйымдастыру бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
Өңір басшысы аудан орталығында салынып жатқан құрама жем зауытының құрылысымен танысты. Жобаның құны– 4,1 млрд. теңге, жылдық қуаттылығы – 720 мың тонна. Негізгі жұмыстарды маусым айына дейін аяқтау белгіленген. Мұнда жасанды интеллект көмегімен ұн мен мал азығы өндіріліп, 150 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
Ал «Қазақстан бидайы» серіктестігі жарма шығаратын зауытты қыркүйек айында іске қосуды жоспарлап отыр. Жылдық қуаттылығы 24 мың тоннаға тең. Жабдықтар Украинадан әкелінген.
Бұдан кейін облыс әкімі Шал ақын, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тимирязев және Айыртау аудандары басшыларының, сондай-ақ, аумақтық және облыстық мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен кеңес өткізді.
«Қазгидромет» РМК облыстық филиалының директоры Қымбат Мерғалымованың айтуынша, Айыртау, Ғабит Мүсірепов атындағы және Шал ақын аудандарына тасқын су төндіретін қауіп басым. Есіл өзені тасыса, оған құятын шағын өзендер мен көлдер де арнасынан асып, бой бермей кетуі әбден ықтимал.
Жиында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Жомарт Асқаровтың есебі тыңдалды. Бүгінгі таңда елді мекендерден 700 мың текше метр қар сыртқа шығарылған. Тимирязев пен Айыртау аудандарында бұл жұмыс сылбыр жүргізілуде. Басымдық тек аудан орталықтарына ғана берілген. Наурыз айында су өтетін арналар мен құбырлар тазартылмақ.
Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ерден Шортыбаев 1,5 мың тонна инертті материал мен 2 мың қап құм дайындалғанын, маңызды науқанға 95 техника жұмылдырылғанын жеткізді. Бұдан бөлек, механикаландырылған бригада мен 37 техника бар. Қауіпті жағдай туындаса, аудандарға экскаваторлар мен тиегіштер жіберіледі.
Төрт аудан әкімдерінің сөздеріне қарағанда, жергілікті жерлерде су тасқынына қарсы іс-шаралар белсенді жүргізілуде, қар шығарылуда, инертті материалдар қоры жасақталуда, өзен-көлдерде мұз жару жұмыстары қолға алынбақ.
Өңір басшысы орын алған олқылықтарды шұғыл түрде түзетуді міндеттеді.
«Іс-қимыл жоспарын күні бұрын құрып, жедел әрекет ету жайы басты назарда ұсталуы тиіс. Малды су жетпейтін дөңес жерлерге көшірген жөн. Кейбір адамдар ауруханада ем-дом алатын болса, оған да ертерек қамдану қажет. Қар шығару жұмыстарын жеделдетпей болмайды. Жауын-шашын еріген қар суына қосылса, елді мекендердегі ахуал күрт шиеленісіп кететінін естен шығармау керек», – деді жиынды қорытындылаған Ғауез Нұрмұхамбетов.
Байболат ҚҰЛТАНОВ.