«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚПЕН ТҰҒЫРЫМЫЗ БИІК

Тың игеру жылдары Қазақстанға қоныс аударған ата-анам Мағжан Жұмабаев ауданындағы Аралағаш ауылына ат басын тіреген. Басқа ортадан келген біз жергілікті халықтың ділін түсініп, мәдениетін үйрене бастадық. Ауыл тұрғындары бізді жатсынбады. Керісінше, жақсы қарсы алып еді. Әсіресе, әлі күнге дейін Рақымовтар отбасын ұмытқанымыз жоқ. Қазақ жеріне қадам басқан сәттен-ақ олар біздің отбасымыздың қамқоршысы, досы, сенімді серігі бола білді. Қазақстанға көшіп келген кезде мен 11 жаста едім. Ал ең кіші сіңлім Татьяна қазақ жерінде туды. Отбасымыздағы бес қыз – мен, Людмила, Раиса, Лариса, Татьяна осы жерде бойжетіп, жоғары білім алып, білім беру саласында еңбек еттік.

Бүгінде әже атанған жасқа жетіп, ұрпақтарымызға тәлімді тәрбие беру үшін қоғамдық жұмыстармен айналысып жүрміз. Осы орайда осыдан 11 жыл бұрын “Кали ласка” белорус этномәдени бірлестігін құрдық. Оны құруыма облыс орталығындағы “Радзіма” этнобірлестігінің әсері зор болды. Аталған бірлестік өткізген фестивальға барған кезде: “Өз ауылымызда да неге осындай этномәдени орталықты ашпаймыз”, – деген ой келді. Үйге келген соң бауырларыммен ақылдасып, ақыры 2005 жылы “Кали ласка” белорус этномәдени бірлестігін құрдық. “Кали ласка” сөзі белорус тілінен аударғанда “Қош келдіңіз” деген мағынаны білдіреді. Атауы айтып тұрғандай, бүгінде бұл бірлестікке біз ғана емес қазақ ұлты мен неміс, орыс, украин этносының өкілдері де мүше болып, үлкен отбасыға айналдық.

Белорустың ғана емес, өзге этнос өкілдерінің басын біріктіргендіктен, біз бірнеше тілде өнер көрсетіп, татулық пен бірлікті сөзбен емес, іспен көрсетіп жүрген бірлестікке айналдық. Алғашында ауыл сахнасында өнер көрсетіп жүрсек, уақыт өте бірлестікке келушілер саны артып, бүгінгі таңда аудан, облыс орталығына жиі шығамыз. Осындай белсенділігіміздің арқасында болар, үстіміздегі жылы Астана қаласында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясына қатысып, зор әсерге бөлендім. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қазақстан халқы Ассамблеясы біздің Тәуелсіздігіміздің ұлы құндылықтарының бірі екенін атап өтті. Шынында да, өткен 25 жылдың ішінде әй-шәйсіз тату-тәтті өмір сүріп, тәуелсіздігімізді тұғырлы, ел басына қонған бейбітшілікті баянды ете білдік. Менің ендігі мақсатым – елімнің тыныштығын сақтап, этносаралық бірлікті нығайтуда елеулі үлес қосып, жас ұрпақты осы рухта тәрбиелеу. Осы орайда балаларымды ғана емес, немере-жиендерімді де қоғамдық жұмысқа тартып, аға ұрпақ сақтап келген бейбітшілікті, татулық пен келісімді одан әрі нығайтуға баулып жүрмін. Этномәдени бірлестіктің жұмысын дамытуға жұбайым Володя да көмектесіп, “бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып”, қолғабыс жасап жүр. Бұл аға буынның ел ертеңі болар өскелең ұрпақ алдында атқарар міндеті ғой деп ойлаймын.

Тамара ТКАЧЕНКО,

“Кали ласка” белорус этномәдени бірлестігінің

төрайымы.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp