«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚТЫҢ ТІЛІ ОРТАҚ

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесі “Менің Қазақстаным” атты облыстық музыкалық фестиваль ұйымдастырды. Оған Петропавл қаласы мен аудандардан өзге этнос өкілдерінің 12 үміткері қатысты.

Шара мақсаты қазақ музыкасы мен әндері арқылы достықты нығайту, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту болып табылады.

– Еліміз көпэтносты болғанымен, Отанымыз бір. Түріміз бен тіліміз, дініміз әртүрлі болғанымен, жүрегіміз Қазақстан деп соғады. Оны бұл жолғы жиын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Мұны сіздердің қазақ еліне, тіліне, мәдениетіне деген құрметтеріңіз деп түсінемін. Татулығымыз бен достығымыз мәңгілік болсын! – деді жиынды ашқан Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов.

Фестиваль талаптарында әр өнерпаз қазақ тілінде бір ән айтуға немесе ұлттық аспаптарымызда бір музыкалық шығарма орындауға міндетті делінген.

Байқауға төрелік еткен қазылар алқасы, сондай-ақ, әр үміткердің әнді орындау шеберлігі мен таза сөйлеуіне де назар аударды. Шара соңында фестивальға қатысушылардың бәрі арнайы дипломдармен марапатталды.

Самат ЕСМАҒИ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp