Қазақстан 1930-1940 жылдардағы жаппай қуғын-сүргін кезінде кеңестік мемлекеттің тоталитарлық жүйесінен зардап шеккен халықтардың екінші үйіне айналды. Жер аударылғандар арасында Қазақстанға бірінші болып қоныс тепкен поляктар болды. Құжаттарға талдау жасай отырып, зерттеушілер кеңестік кезеңдегі поляктардың жер аударуын бірнеше кезеңдерге, яғни, 1936-1937 және 1939-1940 жылдарға бөліп қарастырады. Украинадан қоныс аударған поляктар, немістер саны бойынша жүргізілген құжаттардың бірінде 1936 жылы 4-21 маусым аралығында алғашқы эшелондар Тайынша станциясына 26778 адамды жеткізгені туралы жазылған. Поляктарды еріксіз қоныс аударту екінші дүниежүзілік соғыс, содан кейінгі тың игеру жылдарында да тоқтаған жоқ. Осы уақыт аралықтарында да мыңдаған поляк Қазақстаннан пана тапты.
Поляктарға қатысты арнайы қоныстандыру режімі билік ауысқан соң ғана тоқтатылды. 1956 жылдың 17 қаңтарында 1936 жылы қолданысқа енген Украина КСР-нің Польшамен шекаралас аудандарынан поляк ұлтының өкілдерін арнайы қоныстандыру жөніндегі шектеулерді алып тастау туралы қаулы қабылданды. Алайда, бұл құжат поляктарға туған елдеріне оралу, дүние-мүлкін қайтару құқығын бермеді. Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау, заңсыз қудаланған азаматтардың құқығын қалпына келтіру үдерісі өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары ғана бастау алды. Қазақстанға жер аударылған поляктардың нақты санын ешкім білмеді. Тек 1959 жылғы халық санағы кезінде елімізде 53102 поляк тіркелгені белгілі болды. Бүгінгі таңда біздің облысымыз поляктардың ең үлкен этностық тобы тұратын өңір саналады.
Сөзімді тарихи деректерден бастауым бекер емес. Бүгінде Қазақстанда тұратын поляктар өздерінің ата-бабасы басынан өткерген қасіретті жылдар жайлы осындай дерек-дәйектерден, әңгіме-жазбалардан біледі. Онымен қоса тарихи жадынамалар қазіргі бейбіт аспан астындағы қамсыз өмірімізді бағалап, маңызын түсінуге үйретеді.
Иә, Қазақстандағы жүзден астам этнос өкілінің әрқайсысы алаңсыз өмір сүріп, білім алып, жарқын болашаққа жоспар құру мүмкіндігіне ие. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының арқасында мемлекетімізде құқықтық теңдік орнап, баршамыздың жайлы ортада күн кешуімізге жағдай жасалды.
Тұңғыш Президенттің бастамасымен дүниеге келген Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздегі этносаралық келісім мен достықты нығайтуға айрықша септігін тигізуде. Бұл институттың құрылуы еліміздегі жарқын оқиғалардың бірі болды. Алғашқы күннен-ақ Ассамблея көпэтносты еліміздің бірлігі мен татулығының айнасына айналды. Әрбір этнос өкілі өз мәдениеті мен туған тілін жаңғырту мүмкіндігін алды.
Осыдан 22 жыл бұрын негізі қаланған “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы – бүгінде жергілікті ассамблеяның құрамындағы белді бірлестіктердің бірі. Қоғамдық бірлестік туған тілі мен мәдениетін танып, үйренем деген поляктар мен өзге этнос өкілдерін қуана қарсы алады. Бұдан бөлек ол облыстағы қоғамдық маңызды іс-шараларға ұйытқы болуда. Өнерпаз жастар мен ересектерге бірдей қолдау көрсететінін де айту қажет. Мәселен, орталық осы күнге дейін 14 көркемсурет өнері көрмесін ұйымдастырды. Олардың арасындағы ең үздік деп танылған “Поляк халқының костюмы: замандас көзқарасы” атты көрме Тұңғыш Президент мұражайында көрсетілгені біз үшін үлкен мақтаныш.
Мәдени орталық мүшелері жүргізетін ғылыми-зерттеу жұмыстарының негізіне ХІХ және ХХ ғасыр басындағы қазақ-поляк халықтары қарым-қатынасының орнауы, екі елдің тарихындағы ұқсастықтар алынып келеді. Осы күнге дейін Қазақстанның геологиялық, геофизикалық, этнографиялық тұрғыда зерттелуіне атсалысқан қоныс аударушылар туралы бірталай деректер жиналып, олар әдістемелік құрал ретінде жарық көрді. Орталықтың осындай жан-жақты жұмыстарының нәтижесі қазақ пен поляк арасындағы көпжылғы байланыс пен ынтымақтастықты бұдан әрі нығайта түсетініне кәміл сенемін.
Валентина КОРНЕВА, “Коперник” облыстық поляк мәдени орталығы төрағасының орынбасары.