Тəуелсіз ел екенімізді танытатын, азаттықты білдіретін, құқығыңды сақтайтын, мемлекеттің, елдің егемендігін, демократиялық құндылықтарын айқындайтын Ата Заңның төл мерекесі қарсаңында облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің өрт сөндіру және апаттық-құтқару қызметінде “Конституция – тұрақтылық кепілі” тақырыбында “дөңгелек үстел” өтті.
Аталған шараға Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының өкілдері, жедел-құтқару жасағының мамандары қатысып, олар мемлекеттің барлық құрылымдарының, жеке азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, əлеуметтік топтардың мақсаттары мен міндеттерін, құқықтарын қамтамасыз етіп отырған Ата Заңға қатысты пікірлерін білдірді.
“Дуслык” татар-башқұрт қоғамдық бірлестігінің мүшесі Зулейха Бикметова еліміз тәуелсіздік алған жылдары Ата Заңның қалай қабылданғаны жайлы баяндады.
– Конституция – мемлекетіміздің мызғымас алтын қазығы, бірлігі мен ынтымағы жарасқан еліміздің айнымас бағдары, кемел келешегіміздің кепілі. Тағдыр тоғыстырған, тарих табыстырған түрлі этнос өкілдері Ата Заң қағидаттары төңірегіне топтасты. Əрбір азаматы өзін тең сезінетін, татулығы жарасқан Қазақ елінің қарымды істері бүгінде əлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды, – деді Зулейха Мұсаевна.
Шара барысында Ата Заңның зайырлы, құқықтық мемлекеттің қалыптасуындағы маңызы жайлы баяндалған деректі фильм көрсетілді.
Арайлым БЕЙСЕНБАЕВА, “Soltústik Qazaqstan”.