
Жуырда “Бейбітшілік жүгірісі” эстафетасына қатысушылар Петропавлға ат басын тiредi. Қаламыздың басты көшелерімен жүгіріп өткен оларды қызылжарлықтар зор құрметпен қарсы алды.
Жаһандық эстафета 1987 жылы Нью-Йорк қаласынан бастау алған екен. Бүгінге дейін бұл шараға 140 елден алты миллионнан астам адам қатысыпты. Ал Қазақстан аумағы арқылы өтетін эстафетаның жалпы ұзындығы 4 мың шақырымды құрап отыр.
Ұлтаралық достық пен бейбітшілікті насихаттап, саламатты өмір салтын ұстануға шақыратын эстафетаның қазақстандық кезеңі 6 шілдеде Қытай елімен шекарадағы Қорғастан бастау алды. Осы уақыттың ішінде шараға қатысушылар 7 мың шақырым жолды артта қалдырыпты. Ресей, Қырғызстан жерлерін және еліміздің Алматы, Семей, Талдықорған қалаларын басып өткен әуесқой спортшылардың ең жасы 25-те болса, егдесі – 72-де.
– Бұл шараның мақсаты – әлем елдері арасында бейбітшілік, достық қарым-қатынас орнату. Эстафета алауын әрбір ел азаматтары бір-біріне ұсынарда амандық-саулық сұрасып, ой бөлісіп, қарым-қатынастарын нығайта түседі. Марафоншыларды Қазақстанда жылы қарсы алуда. Петропавлдан кейін Ресейдің Уфа қаласына бет аламыз. Акция 21 қыркүйек күні аяқталады,– деді марафонға қатысушы Валерий Андерсонов.
Бейбітшілік эстафетасына осымен үшінші рет қатысып отырған хорватиялық журналист Тихомир Цундич Қазақстан татулығы мен бейбітшілігі жарасқан ел екендігін тілге тиек етті.
– Халықаралық ынтымақтастықты ту еткен эстафетаға қатысып отырғаныма қуаныштымын. Загреб қаласының атынан барлық қазақстандықтарға сәлем жолдаймын. Қазақ жерінен өткенде Қазақстанның дамыған елдермен иық теңестірер деңгейге жеткендігін байқадым. Əсіресе, спортқа ерекше көңіл бөлінеді екен. Спорттық кешендер көптеп салынып, оларға барып жүрген жастардың жеңіс тұғырына көтерілсем деген ерік-жігері сүйсіндірді,– деді ол.
Шара соңында марафоншылар Спорт сарайын аралап, тұрғындарды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Нұржан СЕЙІЛБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.