
Петропавлдағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған облыстық мектеп-интернатта “Қазақстан – біздің ортақ үйіміз!” атты фестиваль өтті. Ол Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылуына орайластырылды. Шараға “Нұр Отан” партиясы облыстық филиалының, Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының, білім басқармасының өкілдері қатысты.
Мектеп-интернатқа кірген бойда “Сүйем сені, туған ел!” деген тақырыппен ұйымдастырылған стендтен әр этнос өкілдерінің тұрмыс-салты туралы мәлімет алуға болады. Кімнің болсын көз жауын алатын “Бір шаңырақ астында” деген атпен айшықталған көрмеге қойылған әр этностың тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін қолданбалы қолөнер бұйымдарын мектеп-интернат тәрбиеленушілері мен ұстаздары өз қолдарымен жасаған. Мектеп-интернаттың “Вдохновение” поэтикалық клубының мүшелері қонақтарды Қазақстан Республикасымен таныстырып, “шаңырақ” сөзінің мән-мағынасын түсіндірді. Олар бір шаңырақтан тараған Қазақстан халқының мызғымас достығын паш етіп, әрқайсысы үшін Қазақстанның маңызын өте шебер жеткізе білді. Ұлттық костюмдер киіп келген №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінің оқушылары шараға ерекше әр берді. “Достық дастарқаны” жайылып, ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы жылының ашылу салтанатына арналған фестивальдың қонақтары мен мектеп-интернат ұжымын облыстық білім басқармасы басшысының кәсіптік білім беру жөніндегі орынбасары Владимир Ткаченко құттықтап, Қазақстан халқының бірлігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздегі келісім мен бейбітшілікті одан әрі нығайтуға қосып жатқан үлестері үшін алғыс білдірді.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.