«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ – БЕРЕКЕ БАСТАУЫ

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында өткен баспасөз мәслихатында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушiсi Наиль Салимов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында айтылған “Мәңгілік Ел” патриоттық жобасының жүзеге асырылуы, бұл бағытта өңіріміздегі этномәдени орталықтардың атқарған жұмыстары жайлы, сондай-ақ, олардың ұлттық бірлік пен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы рөлі мен маңызы жөнінде әңгімеледі.

Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан халқы облыстық ассамблеясында 24 этномәдени орталық, өңіріміздің барлық аудандарында 154 этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Өткен жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы өз дәрежесінде аталып өтіліп, оның аясында 600 мың адамның қатысуымен 3760 іс-шара ұйымдастырылыпты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайынғы Жолдауларында, “100 нақты қадам” Ұлт жоспарында айтылған тілдің үштұғырлылығы саясатын жүзеге асыру бағытында біршама жұмыстар атқарылыпты. Мәселен, жыл сайын ұйымдастырылатын тіл апталықтары мен фестивальдарды, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге этнос өкілдері арасындағы байқауларды, “дөңгелек үстел” отырыстарын айтуға болады. “Достық” үйі жанында қазақ, поляк және неміс тілдерін үйрететін курстар жұмыс істеуде. Бірқатар республикалық жобалар аясында атқарылған жұмыстар да көңіл қуантады. “Мың бала” жалпыұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында 300-ге жуық іс-шара жүзеге асырылған. Халқымыздың “Бірлік болмай, тірлік болмас” деген мәйекті мақалымен әңгімесін түйіндеген Наиль Салимов алдағы уақытта ел Тәуелсіздігінің – 25, қасиетті Қызылжар өңірінің 80 жылдық мерейтойларын өз дәрежесінде атап өтуге арналған жоспарларымен де бөлісті.  

Содан кейін “Қоғамдық келісім” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жетекшісі Әсемгүл Есқожа мен М. Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Людмила Гривенная сөз алып, атқарған жұмыстарына тоқталды.

Шара соңында брифингке қатысушылар жергілікті БАҚ өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp