Облыс орталығында Алғыс айту күніне және Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл толуына орай «Туған жерім – Қазақстаным» атты форум өтті. Бұл маңызды іс-шарада әртүрлі этнос өкілдерінің, қоғамдық ұйымдардың және этносаралық келісімді нығайтуға, дамытуға белсене үлес қосып жүрген жандардың басы қосылды.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ассамблеяның 30 жылдығына арнаған құттықтауын оқыды. Онда Қазақстан халқы Ассамблеясының елдің бірлігі мен келісім үлгісін қалыптастырудағы жетекші рөлі, көпэтникалық қоғамымыздың тыныштығы, тұрақтылығы мен дамуына қосқан үлесі айтылған.
«Парламентте өкілдері бар Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекет пен қоғам арасында ашық диалог орнатқан тиімді құрылымға айналды. Ұйым мүшелері маңызды бастамалар көтеріп, елге қажетті жобаларды жүзеге асырып жатыр. Қазақстандағы өзгерістерге де барынша атсалысып келеді. Ассамблея отаншылдық пен ынтымақтастық, жасампаздық пен жауапкершілік сияқты басты құндылықтарды дәріптеу жолында айрықша рөл атқарады. Алғыс айту күні адамдарды сыйластыққа шақырады. Бұл күн – қазақ халқына деген құрметтің белгісі», – деді облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов.
Қазақстан Халқы Ассамблеясының өкілдері мемлекеттік тілдің дауына да өз үлесін қосып отыр. Достық үйінде қазақ тілін оқытатын курстар бар. Оған келгендер тілді тегін үйренеді.
«Тіл білген адамның дүниетанымы кең. Қазақтың мақал-мәтелдері, әндері, күйлері, сондай-ақ, ақын-жазушылардың шығармалары – рухани байлық. Сол дүниемен танысу үшін біз тілді білуіміз керек. Қазіргі таңда барлық ұлттар бірігіп, тілдің даумына өз үлесін қосып жатыр. Белгілі жазушы, жерлесіміз Герольд Бельгердің: «Ұлтым неміс болса да жүрегім қазақ» деген сөзі бар. Сол секілді біз де бәріміз қазақпыз», – деді «Барбанг» күрдтер қауымдастығы» РҚБ облыстық филиалының белсендісі Рашид Надиров.
Форумда облыстың құрметті азаматы Анатолий Башмаков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының жетекшісі Дариға Смаилова сөз сөйледі.
Қоғамдық институттың мерейтойына орай «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігі «30 қадам ізгілікке» атты челлендж ұйымдастырған болатын. Белсенділер бір ай бойы түрлі қайырымдылық іс-шараларын өткізді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».