Алғашқы құрылған күнінен бастап ұлтаралық бірлікті нығайту мемлекетіміздің басым міндеттерінің бірі болып табылады. Қазақстан халқы Ассамблеясы бұл бағытта талай игі істерді атқарып, елімізде тұратын әр ұлт өкілінің өз мәдени құндылықтарын, салт-дәстүрін сақтап қалуына мүмкіндік беріп отыр. Тәуелсіздік алған уақыттан бергі 25 жыл ішінде осы бағытта әр облыста, қала мен ауданда, тіпті, ауылдарда этномәдени бірлестіктер жұмыс істеп, қазақстандық патриотизм мен ұлттар арасындағы татулықты берік орнату ісін дамытып келеді. Бүгінде аудан аумағында 60-тан астам ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүруде, олар аудандық Мәдениет үйі жанынан құрылған этномәдени бірлестіктер ұйымдастыратын бұқаралық шараларға белсенді түрде қатысып, ұлттық мерекелерін кең көлемде атап өтуге мүмкіндік алған. Осылардың көш басында тұрған 2013 жылы “Дюймовочка” балабақшасы жанынан ашылған “Алтын бесік” этномәдени бірлестігі. Төрайымы Бақыт Жантасова былтыр аудан әкімінің арнайы марапатына ие болды. Бұл ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдық мерейтойын мерекелеуге байланысты этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайтуға қосқан үлесі үшін арнайы Алғыс хатпен марапатталды. Биыл бірлестік облыс орталығында Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай өткен киім дизайнерлері конкурсында 3-ші орынды иеленді.
Ауданымыз көпэтносты болғандықтан, осындай бірлестіктер қатары қалың. Мәселен, №1 Новоишим орта мектебі жанындағы “МИРАС” этномәдени бірлестігінің құрылғанына екі жыл ғана болғанымен, оның белсенділері жемісті еңбек етуде. Аталмыш ұжымның биылғы облыстық “Достығымыз жарасқан” байқауында бас жүлдеге ие болуы осының айғағы емес пе?
Жуырда Орал қаласында “Бірлік – Единство.kz” деген тақырыпта Қазақстан, Қырғызстан, Ресей мемлекеттерінің жастары арасында халықаралық форум өтіп, онда қоғамдық ұйымды басқаратын әріптестеріммен тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Қазақстан халқы Ассамблеясы ұйымдастырған шара мақсаты аталмыш саладағы халықаралық тәжірибені ұштастырып, жаңа этномәдени байланыс пен ынтымақтастықты нығайту, этносаралық келісімді дамытуда жастардың атқаратын рөлін белгілеу болып табылды. Бес күнге созылған форум өте қызықты өтті. Өзім сияқты жастармен тілдесіп, біраз тәжірибе жинақтап қайттым. Кездесулер, тренингтер мен тұсаукесерлер, Мәжіліс депутаттарымен сұхбат, жастар арасындағы пікірсайыс ұмытылмас әсер сыйлады. Әсіресе, этносаралық қарым-қатынас тақырыбындағы семинар сағаттары тартымды өтті.
Аталмыш форумда жинақтаған тәжірибемді елді мекенге келе сала жүзеге асыра бастадым. Осы күнге дейін жастарды қазақстандық ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатында бірнеше шара өткіздік. Отансүйгіштікке баулу, Қазақстан халқының салт-дәстүрі мен тарихына құрметпен қарау, жас буынның азаматтық көзқарасын қалыптастыру, ұлттық бірліктің маңызды факторы ретінде мемлекеттік тілді меңгеру қажеттілігін насихаттау да назарымыздан тыс қалған емес. Осы мақсатта біз ауылда “Менің Қазақстаным!”, “Қазақстан патриоты болу – Отаныңды жүрегіңде ұстау”, “Біз бір командадамыз” атты “дөңгелек үстелдер” мен кездесулер өткіздік. Ұлтаралық татулықты орнатуда жастар арасында пікірталас ұйымдастырудың маңызды екенін атап өткен жөн. Осы уақытқа дейін біз “Нағыз патриот кім?”, “Қазіргі заманғы Қазақстан қандай болуы керек?”, “Толеранттылық – бұл төзімділік пе?” деген тақырыпта сайыс өткізіп, қатарымызға мектеп оқушыларын тарттық.
Николай ВЕРБОВСКИЙ,
“Ұлытау” этномәдени бірлестігінің көркемдік жетекшісі.