«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ

Кез келген отбасында әженің алар орны ерекше. Өйткені, әже – татулық пен бірліктің ұйытқысы. Ол кейінгі жастардың, келіндердің тәрбиешісі әрі ақылгөйі. Әженің тәрбиесін көріп, өнегесін ұқса, ертеңгі күні ұрпағымыздың болашағы жарқын боларына менің сенімім кәміл. Осы ретте балаларыма жақсы тәрбие беріп, ұрпағыма өнегелі қасиеттерімен үлгі болып отырған енем Күлбаршын Рахимова туралы өзімнің азды-көпті ойларыммен бөлісуді жөн көрдім.

“Пайғамбар да күйеу баласын сыйлаған” деген аталы сөз бар қазақта. Бірақ бүгінде мұны жоққа шығаратындар да болуы керек. Ананың ақ сүтімен бойымызға сіңген тәрбиенің бірі – үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету. Сондықтан мен туған анама қандай құрмет көрсетсем, енемді де барынша құрметтеймін. Менің ұрпағымның анасы, Құдай қосқан жарымды өмірге әкеліп, жақсы адам қылып тәрбиелегені үшін енеме айтар алғысым шексіз. Күлбаршын Есләмқызының менің екінші анам болғанына қуаныштымын. Жаны жақсылықтан жаралған жақсы адамдардың ортамызда жүргені – нағыз бақыт.

Күлбаршын Есләмқызы 1948 жылы Омбы облысында дүниеге келді. Қайын атам Амангелді Ысқақұлы екеуі 1969 жылы шаңырақ көтеріп, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Рахимовтар әулеті 1980 жылдары Мағжан Жұмабаев ауданының Возвышенка ауылына қоныс аударып, ел дамуына бір адамдай атсалысты. Анам Күлбаршын ауылда есепші, кітапханашы болып түрлі жұмыстар атқарды. Атам Амангелді де шаруашылықтан ешқашан қол үзген адам емес. Балаларына жақсы тәрбие беріп, жоғары білім алулары үшін қолдарынан келгенше жағдай жасады.

Салтанат екеуміздің шаңырақ көтергенімізге бірталай жылдың жүзі өтті. Осы уақыт аралығында мен Күлбаршын анамнан еш жамандық көрмедім. Ол кісінің келіні мен күйеу балаларына деген сыйластығы, құрметі ерекше. Бір рет те ауыр сөз айтып, отбасылық мәселелерге араласқан емес.

Мен 4 баланың әкесімін. Әсем, Айзат есімді бойжетіп қалған қыздарым мен 8-сыныпта оқитын Асхат, Асан дейтін егіз ұлдарым бар. Құдайға шүкір, бақытты әкемін. Жарым Салтанат ұлдарымды дүниеге әкелгенде біраз абдырап қалдық. Бір баланы бағып-қағу үйреншікті жағдай болғанымен, егіздерді өсіру өте қиын. Сол кезде қиналғанда қасымыздан табылған, қол ұшын созған енеме ризамын. Ол кісінің алдында біз мәңгілік қарыздармыз. Тіпті, ұлдарым ауырып қалғанда ауруханаға бірге жатып, оларға қамқор болды. Қос анамның болғанына бақыттымын. Сондықтан оларға көмектесіп, қарайласып тұру – менің міндетім. Анам Тиыштық Қожанқызына аналық ақ сүтін беріп, мені аялап-мәпелеп өсіргені үшін өмір бойы қарыздармын. Бүгінде құдағилар өте жақсы қарым-қатынаста. Жиын-тойларда бірге жүріп, қуанышымызға әрқашан ортақтасады. Екеуінің жас шамалары бірдей болғандықтан, бір-бірлерімен ақылдасып, мұңдасып, өткен-кеткенді айтып сырласады. “Әзілің жарасса, атаңмен ойна” демекші, ара-тұра енемді сөзге тартып, көңілін көтеремін.

Қазір ол жалғыз ұлы Талғаттың қолында тұрады. Немерелерін жанындай жақсы көретін анамыздың әрбір айтқан сөзінен біздер де тәрбие алудамыз.

Ол отбасындағы ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән береді. Көзі ашық, көкірегі ояу Күлбаршын Есләмқызы ағайын-туыстың арасында, өзінің ортасында құрмет пен беделге ие. Барлығы оны құрметтейді, сыйлайды. Отағасы өмірден өткен соң отбасының ендігі үлкені, ақылгөйі – Күлбаршын анам. Отбасының ұйытқысына айналып, әулеттің ажарын келтіріп отырған ананың жүрегі кең. Өнегелі өмірінде көрген-білгенін, көкейге түйгенін ұрпағына айтып, бір әулеттің ақылшысы, дариясы, қариясы болып отырған әжей барлық саналы ғұмырында отағасы екеуі балаларына тәрбие беріп, ел қатарына қосуды мақсат тұтты. Бүгінде сол арман орындалғандай.

“Қарты бар үйдің қазынасы бар” демекші, енем немерелерінің саналы азамат болып өсуі үшін ұлттық салт-дәстүрге ерекше мән береді. Қазыналы қария немерелеріне бесік жырын айтудан еш жалыққан емес. Өйткені, ол “Бесік жыры” ұлттық тәрбиеміздің қайнар көзі болып саналатынын айтады. Өзі де отбасында жөн-жоралғылардың орындалуын қадағалап отырады. Кез келген ата-ана ұл-қызының бақытты болғанын қалайды. Сондықтан ол кісілер біздерге ешқашан жамандық ойламайды. “Қыз жат жұртқа жаралған” демекші, әрбір ата-ана қызым барған жерінде жыламай, түскен жеріне тастай батып, судай сіңсе екен деп тілейді. Менің де енем ұл-қызына жақсы тәрбие берумен қатар, олардың өмірде өз орындарын табуларына барынша жағдай жасады.

Ана туралы әлі талай жыр-дастан, ғибратты әңгіме, үзік сыр жазылатын болады. Өйткені, ана алдында біз бәріміз де мәңгілік қарыздармыз. Жер бетіндегі барлық ана бақытты болса екен деп тілеймін.

Мұхамеджан ЖАҚСЫБАЕВ,

кәсіпкерлер палатасы

Шал ақын аудандық

филиалының директоры.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp