«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ ПЕН БІРЛІКТІ НАСИХАТТАДЫ

Корейлік “Чосон Ильбо” газетінің “Оne Korea New-Eurasia” велосипедшілер экспедициясы Еуразия кеңістігінде татулық және бірлік идеяларын ілгерілету мақсатымен ұйымдастырылған. Германияның астанасы – Берлин қаласынан бастау алған шара Корей Республикасы Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен өтуде.

Аталмыш велоэкспедиция жүз күнде тоғыз мемлекеттің (Германия, Польша, Литва, Латвия, Эстония, Ресей, Қазақстан, Моңғолия, Қытай) аумағынан өтіп, Корей Республикасының Сеул қаласына барады. Экспедиция мүшелері сапар барысында Каменный Брод, Кирилловка ауылдарындағы мектеп оқушыларымен, Саумалкөл ауылында аудан әкімі Ағзам Тастеміров бастаған жұртшылықпен кездесті.

Кездесуде аудан басшысы Шығыс елі қонақтарының татулық пен бірлікті насихаттаған ынтымақтастық ниетіне сәттілік тіледі. “Оne Korea New-Eurasia” велосипедшілер экспедициясының бас өкілі Джо мырза айыртаулықтардың жылы жүзбен қарсы алғандарына алғысын жеткізіп, аудан басшысына өздерінің әлем елдері бойынша жүріп өтетін бағыттары бейнеленген шағын картаны сыйлады. Сол картадағы көрсетілген бағыттардың ішінде біздің Саумалкөл ауылы да бар екен.

Қонақтардың назарына жетім және ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған Айыртау мектеп-интернаты тәрбиеленушілерінің орындауында кәріс халқының тамаша биі ұсынылса, ауданымызда танымал әнші Зәуреш Шаяхметқызы қазақ әнін құйқылжыта шырқады.

Бағлан ҚОЖАҚОВ.

Айыртау ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp