Түркітілдес халықтардың ортақ тарихының бір дәлелі саналатын Наурыз мерекесі барша жұртты бір мақсатқа үндеп, татулық пен бірлікке шақырады. Дегенмен, әр елдің салты басқа дегендей, Наурыз мейрамын түбі бір түркі халықтары әрқалай қарсы алады. Біз әңгімеге тартқан Абдулали Гурбанов 1958 жылы Әзірбайжанның Ленкоран ауданында дүниеге келген. Орта мектепті тамамдағанша туған жерінің топырағына аунап, ата-баба салт-дәстүріне қанығып өскен. Ержетіп Ресейдің Ленинград қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп, біраз жылдар Украинада тұрып жұмыс істесе де, бала күнгі көріп, көңіліне түйгені көз алдынан кетсе де, жүрек түкпірінде сақталып қалған.
Кейін кіндік қаны тамған туған еліне қайта оралып, отбасын құрған кезінде ұмытыла бастаған дәстүрлердің санасында қайта жаңғырғанын айтты. “Новруз байрамы – әзірбайжан халқының ең сүйікті мерекелерінің бірі. Бұрындары аталмыш мейрамды халқымыз алты күн қатарынан тойлайтын. Тәуелсіздік алған соң бұл мереке ресми түрде аталып өтіле бастады. Қазір Әзірбайжанда да Қазақстандағыдай 21-і мен 23 наурыз аралығында тойланады”, – дейді Абдулали Абдулоғлы.
Оның айтуынша, әзірбайжандықтар наурыз мерекесіне дайындықты өтіп бара жатқан ескі жылдың соңғы сәрсенбісі, яғни “ахыр чершенбе” күнінен бастайды. Жаңа жылды қарсы алу қамына сол күннен кірісіп, алдымен үй-ішін жинастырып, ыдыс-аяқтарды тазалайды. Бұл дәстүрді барша ағайындары сияқты Гурбановтар отбасы да берік ұстанған.
Жаңа жыл кірген күні әзірбайжандықтар ерте тұрып, өзенге немесе бұлақ басына барып шомылады. Осылайша Жаңа жылдың бірінші күнін таза ниетпен, ақ пейілмен қарсы алады. Сондай-ақ, Жаңа жылдың алғашқы күнінде әзірбайжандықтар оразасын балмен немесе қантпен ашады. Бұл – өмірі бал мен шекердей тәтті болсын деген ниеттері. Тағы бір айта кетерлік жайт, олар сол күндері үйлерін жұпар иісті шөп түтінімен аластайды. Осылайша үйді жын-шайтаннан, өздерін теріс пиғылдан тазалайды. Артынша тәтті-дәмді тағамдардан дастарқан жайып, туған-туыс, көрші-қолаңдарға дәм татырады.
Ас мәзіріне 7 түрлі ұлттық тағам қосылған “йедилевин” міндетті түрде енеді. Ол қазақтың наурызкөжесіне ұқсас. Сондай-ақ, мейрам күндері бұл елдің дастарқанынан атауы “с” әрпінен басталатын дәстүрлі тағамдар “сумах”, “скедті”, сүт, сірке суы, бидай мен ұннан әзірленген “семени” ботқасын көре аласыз. “Наурыз айы кірген уақыттан бастап әр аптаның екiншi күнi, табиғат құбылыстары – су, жел, жер, отқа арнап алау жағылады. Соңғы төртiншi алау жер, топыраққа арналады. Яғни, бұл “ақырғы сейсенбi” күні Алла мен Жер-Анадан тілек тілеу дәстүрі десе болады. Бұл – елді табиғаттың тосын құбылыстарынан сақтап, молшылық тілеуге арналған рәсім”, – дейді Абдулали Абдулоғлы.
Наурыз айы басталғанда әзірбайжандар бір ыдысқа бидайдың тұқымын егеді екен. Дәннен өнген бидайдың өскініне қарап келген жылдың қаншалықты берекелi болатынын болжайды. Оны қызыл таспамен көмкерiп байлап, дастарқан үстiне қояды. Дәнді дақылдардың өскіні үйде 13 күн тұруы керек, содан кейін ол өзенге тасталады.
– Сонымен қатар, біздің халықтың салтында дастарқанға айна мен балауыз және боялған жұмыртқаны да міндетті түрде қояды. Өйткені, айна мен жұмыртқаның бұл күні атқарар рөлі ерекше. Бұл дәстүрге әзірбайжан халқының ежелден келе жатқан аңызы негіз болған. Ол аңызға сүйенсек, жер үлкен өгіздің мүйізінде тұр. Жаңа жыл кіргенде бұқа жерді бір мүйізінен екінші мүйізіне ауыстырады. Дәл сол кезде жер қозғалып, көптен күткен жаңа жыл да келеді. Міне, сол жердің қозғалған сәтін қалт жіберіп алмау үшін айнаның үстіне боялған жұмыртқаны қояды. Жұмыртқа орнынан сәл қозғалса немесе қимылдаса, жаңа жылдың келгенінің белгісі, – дейді ол.
Абдулали зайыбы Назилямен Рашат есімді ұл, Сабина атты қызды дүниеге әкелген. Қазақстанға 1987 жылы отбасымен көшіп келген Гурбановтарға Саумалкөл құтты мекенге айналған. Өкінішке қарай, Құдай қосқан қосағы Назиля немерелері мен жиендерінің қызығын көре алмай, үш жыл бұрын дүниеден озыпты.
Соңғы отыз жылға жуық уақытта қазақстандық түрлі этнос өкілдерімен етене араласып кеткен Абдулали Гурбанов сөз арасында Әзірбайжандағы туған-туысқандарына қонақтап барғанда Қазақстанға қайта кеткенше асығатынын жасырмады. Өйткені, осы елде көптеген достар тауып, балаларын өсірді, айналысатын сүйікті ісі бар. Туған елінен жырақта жүрген азамат өз халқының салтын ұмытпай, балалары мен немере-шөберелеріне айтып, ол дәстүрлерді отбасында ұстануға тырысады. Алайда, өмірінің тең жартысын табиғаты сұлу Айыртау өңірінде өткізген оған бүгінде екінші Отанына айналған қазақ халқының мерекелері мен салт-дәстүрлері етене жақын. Наурыз мейрамында отбасыларымен бірге үйіне келген жора-жолдастарын мол дастарқан жайып қарсы алып, иық түйістіріп, бір-біріне ізгі тілектерін арнайды. Ол тілек – елдің тыныштығы мен бірлігі.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.