«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ ПЕН ДОСТЫҚТЫҢ ҰЙТҚЫСЫ

Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 2015 жылды Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы деп жариялағаны мәлім. Ел тәуелсіздігімен қатар дамыған қоғамдық институтымыз биыл жиырмажылдық мерейтойын кең көлемде атап өтпек. Себебі, бірнеше ұлт өкілдеріне ортақ шаңырақ бола білген еліміздегі ұлтаралық достық пен татулықты насихаттауда Ассамблеяның алар орны ерекше. Қоғамдық институттың маңыздылығы мен ел дамуындағы алар орнын бүгінде өзге мемлекеттер де жоққа шығармайды.

Екі онжылдықты еңсерген Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісімнің қазақстандық моделінің негізгі бөлігіне айналды. Оны одан әрі дамытуда Елбасы қазақстандықтарға “Мәңгілік Ел” жалпыұлттық идеясын ұсынған болатын.

“Мәңгілік Ел” – бұл елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі! Тәуелсіздігіміздің рухани сенімді тірегі! “Мәңгілік Ел” – бұл қазақстандық мемлекеттілігіміздің көне тарихынан бастау алатын жалпыұлттық идея! “Мәңгілік Ел” – бұл өз Отанын сүю, қазақстандық патриотизмнің, күш-жігердің жоғары дәрежесі. “Мәңгілік ел” “Менің елім” ұғымымен тығыз байланысты. Бұл санаттарда біздің халықтың, қоғамның, мемлекеттің өмірлік философиясы жатыр.

Олардың барлығы ел халқын біріктіретін және болашақтың іргетасын құрайтын Мемлекет басшысының “Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ” және “Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол” Жолдауларында көрсетілген басты құндылыққа негізделген. Бұл құндылықтар – уақыт тезінен өткен, тарихпен дәлелденген Қазақстан жолының тәжірибесі.

Өз жұмысын бастаған күннен бері Ассамблея төзімділік, татулық және туыстық идеялары Қазақстан халқы үшін ғасырлар бойы сақталып келген басты құндылықтар екенін сенімді көрсетті.

Ассамблеямыздың ұстанған бағыты бейбітшілік пен рухани келісімнің тұғырын одан әрі биіктетіп, халықтар арасындағы достықты одан әрі нығайту болып табылады. Бүгінде мерейтойлық датаны кең көлемде атап өту үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, бекітілді.

Ол 2015 жылдың 25 қаңтарында республика бойынша барлық облыстарда, аудандарда бір уақытта Ассамблея жылы жалауының көтерілуімен басталады. Сондай-ақ, “Ассамблея – 20 игі іс” эстафета шеруі ұйымдастырылады. Оның символы – “От жанған Шаңырақ” Астанадан жол тартып, облыстардың картадағы орналасуына қарай бір өңірден екіншісіне өтіп, барша Қазақстанды аралап шықпақ. Оның барысында жер-жерде қоғамдық институттың 20 жылдығына арналған түрлі әлеуметтік маңызы бар акциялар да ұйымдастырылмақ. Ассамблея мерейтойы осылайша дәріптелетін шараның қорытындысы 2015 жылдың сәуір айында өтетін Ассамблея сессиясында жасалмақ.

Дина ӘБІЛМӘЖІНОВА,

“Қоғамдық келісім” КММ басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp