“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінде де Ұлыстың ұлы күні – Наурыз тойын атап өтпекшіміз. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» атты мерекелік іс-шарамыз 17 наурыз бен 27 наурыз аралығында өткізіледі. Бұл мерекелік іс-шара кіші буын оқушыларға арналған. Іс-шараның өткізілу мақсаты – оқушыларды Отанын, елін сүюге тәрбиелеп, патриоттық сезімдерін ояту. Ойын арқылы балаларға Наурыз мейрамы туралы мағлұмат беріп, оларға ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу. Қазақ халқының “Алтын сақа” ертегісі желісіне сүйене отырып қойылатын көрініс барысында оқушыларды ұлттық ойынның түрлерімен таныстырамыз. Ертегі арқылы оларды жақсылыққа, мейірімділікке баули отырып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетуге тәрбиелеуді мақсат тұтамыз.
Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлері бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелігіне, күнделікті тұрмыс-тіршілігіне тығыз байланысты туындаған. Біздің мерекелік іс-шарада “Арқан тарту”, “Тақия алу”, “Қол күресі”, “Теңге алу” және тағы басқа ұлттық ойын түрлері өткізілмек. Осы ойындар арқылы балаларды зеректілік, ұшқырлық, зейінділік сияқты жақсы қасиеттерге баулу – біздің негізгі көздеген мақсатымыз. Сонымен қатар, мұражай қызметкерлері қазақ халқының ертегілеріндегі кейіпкерлерді сомдай отырып, балаларды ұлттық салт-дәстүрлермен және әдет-ғұрыптармен таныстырады.
Қазақстан халқы үшін бұл мейрам – көктемгі жаңарудың, махаббаттың, мейірім мен достықтың мерекесі. Қазақстанда көптеген ұлыстардың татулық пен келісімде тұрмыс кешуі, қоғамдағы барша азаматтардың этностық және тілдік ерекшелігіне қарамастан, тең құқыққа ие болуы Наурыздың ежелден келе жатқан қағидаттарымен сәйкеседі. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының ту тіккеніне – 20 жыл. Көпұлтты еліміз үшін бұл – үлкен мереке. Қазақстан қазіргі таңда іргесі бекіген, халықаралық қауымдастық таныған беделді ел болды. 20 жылдық тарихы бар ұйым елдің саяси жүйесінің маңызды бір бөлігіне айналып, ол Қазақстанды мекендейтін барлық этностардың мүдделерін, құқықтарын бір арнаға түйістіреді. Қазақстан халқы Ассамблеясы бүгінде елді біріктіруде, этностар арасындағы бейбітшілік пен келісімді, татулықты нығайтуда аса маңызды қызмет атқаруда.
Наурыз – достық пен еркіндіктің мерекесі. “Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің ұжымы барша солтүстікқазақстандықтарды ортақ думан – Наурыз тойымен құттықтап, тәуелсіз елдің аспаны ашық, жұртымыз тыныш болуын тілейді. Әз Наурыз құтты болсын, құрметті халайық!
Жансұлу ЖАНАТҚЫЗЫ,
“Абылай хан резиденциясы” мұражай-кешенінің экскурсия жүргізушісі.