«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ — ТІРЕГІМІЗ

Қазақстанның Тәуелсіздігі қазақ жұртының ғана емес, осы ұлан-байтақ жердің иесімен бірге тыныштық бесігінде тербеліп өмір сүріп отырған 100-ден астам этностардың да басты байлығы, қымбат қазынасы. Өйткені, тұғырлы тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін еліміздегі этностар өздерінің ұлттық бітім-болмысын айшықтайтын мәдениетін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, тілін қайта түлетіп, тарихын тануға ие болды. Сондықтан да Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық мерекесін тілі басқа болса да, тілегі бір барша Қазақстан халқы бір атаның баласындай тойлауға, сақтауға, нығайтуға міндетті. Облыс орталығындағы Достық үйінде өткен “Тәуелсіздік – демократиялық мемлекеттің басты байлығы” атты конференцияның діттеген мақсаты осыған саяды.

– Ассамблея қазақ халқының жұмылдырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизмді, тұтастықты дамытуды мақсат етеді, – деген Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Наиль Салимов осы бағытта өңірімізде атқарылып жатқан бірқатар жұмыстарға тоқталды. Үстіміздегі жылы Достық үйінің жанынан ашылған эт-номәдени бірлестік өкілдерінің ұйымдастыруымен ел дамуының өзегі – этносаралық татулық пен конфессияаралық келісімді арттыруда алты жүзге жуық іс-шара өткізіліпті.

Ел бірлігін сақтауда “Нұр Отан” партиясының рөлі орасан. Осы орайда “Нұр Отан” партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздегі бірлікті нығайтудағы ерен еңбектері жайында әсерлі баяндады.

Конференцияда баяндама жасаған күрдтердің “Барбанг” этномәдени орталығының басшысы Рашид Надиров пен “Ұрпақ” қазақ мәдени-ағарту орталығының төрайымы Гүлбақша Мұсабаеваның еліміздің этносаралық саясаты мен ұстанған бағыты жайында айтқан орамды ойлары тәуелсіздікті нығайтуда өзара татулық пен келісімнің маңызы зор деген пікірді қуаттайды.

Нұргүл ОҚАШЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp