«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ – ТҰМАРЫМЫЗ

Кез келген қоғам үшін “бейбітшілік” сөзінің құны жоғары. Тыныштық орнаған заманда өмір сүріп, ұрпақ тәрбиелеп, болашаққа жоспар құру – әр адамның тілегі. Алайда, көп елдер үшін тыныштықты сақтап тұру жеңіл тиіп жатқан жоқ. Сол себепті, өзгелерден сабақ ала отыра, бүгінімізге жауапкершілікпен қарап, болашағымызды жарқын етуді мақсат тұтуымыз керек. 

Үстіміздегі жылы Алғыс айту күнінде “Сөзбен салынған суреттер” деген атаумен кездесу кешін ұйымдастырдық. 1937-1949 жылдар аралығында үш миллион адам туып-өскен алтын бесіктерінен жер аударылған. Кездесуге солақай саясаттың құрбаны болған түрік өкілдерін шақырып, олар өздерінің көргендерін, аға буыннан естігендерін баяндағанда, бүгінгі күннің қадірін түсінгендей болдық. 

Грузиядан күштеп жер аударылып, қазақ жерінен пана тапқандардың бірі – Шамо Искандаров. Грузияның оңтүстігіндегі түріктер тұратын ауылдардың тұрғындарын жақын маңдағы стансаға жеткізіп, тауар таситын вагондарға күштеп мінгізген. Қара күздің суығына қарамай жылытылмайтын вагондарға дімкәс қарттарды да, бұғанасы қатпаған бала-шағаны да малша қамап, ұзақ жолға аттандырған. “Көз алдымызда аштық пен суыққа шыдай алмай қаншама адамның өмірі қиылды, ол күндердің азабын сөзбен жеткізу мүмкін емес”, – деген Шамо Искандаровтің естеліктері жиналған қауымды қалың ойға батырғаны есімде.
Ал өңіріміздің денсаулық саласында еңбек етіп жүрген хирург-дәрігер Сабир Хинизов – жер аударылғандардың үшінші ұрпағы. Бүгінде қазақ жерінде өз шаңырағын құрып, ұрпақ тәрбиелеп отырған ол отбасы мүшелері қазақ, түрік тілдерін жетік білетінін айтты.
– Аталарым тағдырдың тәлкегімен туған жерлерінен Қазақстанға жер аударылса да, тілін, ділін ұмытпады. Әрі Қазақстанда тамырымыздан үзілмеуі үшін барлық жағдай жасалған, – деген Сабир Хинизовтің қызы Самира қазақ тілінде ән шырқағанда талай жылдан бері сақталып келе жатқан этносаралық татулық пен бірлікті жас ұрпақтың құрмет тұтқанына риза болдық.
Бүгінде өңіріміздегі этномәдени қоғамдық бірлестіктердің мақсаты – өз ділі мен тілін үйреніп, дәріптеу ғана емес, елдің қоғамдық өміріне белсене араласып, бірлік пен татулықты сақтау. Сол себепті, “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі танымдықтағылымдық мәні зор шараларды жиі ұйымдастырады. Мәселен, елімізде Аналар күні мерекесі қыркүйек айының үшінші жексенбісінде аталып өтсе, Түркияда 1955 жылдан бері 23 шілдеде мемлекеттік мереке ретінде тойланады. Бұл күні телеарналар түріктің атақты әйелдері мен олардың өнегелі өмірі жайлы бағдарламалар көрсетеді. Жалпы түрік қоғамы баланы “Жұмақтың кілті ананың табанының астында” деп тәрбиелейді. Түріктердің анаға деген құрметі жар таңдау кезінде анық көрінеді. Себебі, анасына ұнаған қыз сол шаңырақтың табалдырығын аттайды. Ана мен бала арасындағы осындай әдемі сыйластық біздің қоғамға да тән дүние. Қазақ және түрік халқы үшін ортақ түсінікті насихаттай отыра, ұлт пен ұлыстың арасындағы байланысты нығайтатынымыз анық. Жыл сайын Аналар мерекесін кең көлемде атап өтіп, оған еліміздің көптеген өңірлері мен Түркиядан қонақтар шақырамыз.
Рухани-мәдени шаралардан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстарына да ден қойдық. Осы мақсатта М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дің “Қазақстан халқы Ассамблеясы” кафедрасымен тығыз байланыс орнаттық. Өңіріміздегі мектептерге, колледждер мен жоғары оқу орны ұжымына түрлі шараларды ұйымдастыруға әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетеміз. Әр шараны өткізгеннен кейін әдістемелік құрал шығарып, тәжірибемізбен бөлісіп жүрміз. Жуырда “Солтүстік Қазақстанның түріктері” деген әдістемелік жинақ жарық көрді.
Бүгінгі таңда Достық үйіндегі “Түрік мәдениеті” қоғамдық бірлестігі қажетті әдебиеттер мен көрнекі құралдармен толық қамтылған. Өткізетін шараларымыз жұртшылыққа қызықты болуы үшін түрлі үлгіде ұйымдастырамыз. Әсіресе, өскелең ұрпақ арасында өтетін тәрбиелік және ағартушылық мәндегі кештерге ерекше көңіл бөлеміз. Себебі, танымдықтағылымдық шаралар тартымды ұйымдастырылмаса, жалықтырып жіберуі мүмкін. Өңіріміздегі білім беру ұйымдарымен тығыз байланыс орнаттық. Этномәдени орталықтың мүшелері аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға, балалар үйіне қайырымдылық көмек көрсетіп, адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. Себебі, жақсылық, адамдар арасындағы өзара сыйластық арқылы бірлігіміз бекем болады.

 

Диляра ХАСАНОВА,
“Түрік мәдениеті”
қоғамдық бірлестігі
төрағасының орынбасары.  

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp