«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУЛЫҚ – ТҰРМЫС СӘНІ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған “Мерейлі отбасы” ұлттық конкурсы биыл да өз жалғасын табуда. Отбасы институтын нығайту, ата-аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыру, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған байқауға қатысуға тілек білдірушілер қатары жыл сайын арта түсуде.

Сайыс үш кезеңде өтеді. Оған еңбектегі, спорттағы, шығармашылық, зияткерлік, ғылыми жетістіктері жоғары отбасылар қатыса алады. Аудандық сайыста мерейі асып, жоғары деңгейден көріне білген Қызылжар ауданындағы Бескөл ауылының тұрғындары Естановтар отбасы да облыстық кезеңде бақтарын сынауға мүмкіндік алды.  

Отағасы Асқар Қабешұлы мен зайыбы Күләш Сапарқызы 1985 жылы отау құрған. Арада өткен 30 жыл ішінде олардың бір-біріне деген ақ-адал сезімі уақытпен шыңдалып, бақыт кілті бірлікте екеніне көз жеткізген.

Еңбекке етене араласып, сөзімен де, ісімен де қоршаған ортасына, отбасындағы бала-шағасына үлгі-өнеге көрсете білген отағасы Асқар Қабешұлы «Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет етеді. Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, профессор, білікті маман, жұмыспен қатар, бала тәрбиесін де назардан тыс қалдырмайтын қамқоршы әке. Отағасы – өнегелі, зиялы адам. Оның алдына қойған мақсаттарының бірі – отбасындағы береке-бірлікті, өзара татулықты одан сайын нығайтып, өнегелі ұрпақ тәрбиелеу. Бұл жағынан алғанда, әрдайым жұбайының қасынан табылып, ақыл-кеңесімен бөлісіп, ер-азаматының қадірін түсіне білетін зайыбы, отанасы Күләш Сапарқызының орны бөлек, әрине.

Шаңырағының шамшырағы – қыздарын “айналайын” сөзімен аялап, жүректеріне ақылмен жол таба білген асыл ана Бескөл ауылындағы аудандық орталық кітапхананың директоры болып жұмыс істейді. Олар Эльвира, Ұлжан есімді қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, өсіріп, жеткізді. Ата-ана үмітін ақтауға тырысып-баққан үлкен қыздары Эльвира жоғары оқу орнын тамамдап, қазір политолог мамандығы бойынша Қарағанды қаласында ұстаздық жолда еңбек етуде. Ата-анасының кенже қыздары Ұлжан да бала кезінен мұғалім болуды армандаған. Сөйтіп, қатарластарынан қалмай, мектептен кейін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны ойдағыдай тамамдап шыққан. Математика пәнінің мұғалімі Ұлжан қазір кәріс тілін меңгеру мақсатында Оңтүстік Корея мемлекетінде білімін жалғастыруда. Қыздарының қол жеткізген жетістіктеріне ата-аналары дән риза. Кішкентай кезінен оларды оқу оқып, еңбек етуге баулыған ата-ана “Бірге болсақ, биік белестерді бағындырамыз” деген қағидаға сүйенеді. Осындай жолмен олар қыздарын көпшіл болуға, үлкенді құрметтеп, кішіге қамқорлық жасауға, жұмысқа үлкен жауапкершілікпен қарауға тәрбиеледі. Мұның барлығы балаларына қажет нәрселер екенін ата-ана жақсы түсінді. Өйткені, бүгінгі қыздар – болашақ аналар. Ұрпақ сабақтастығын жалғастырушы алтын көпір. Сондықтан да, олардың тәрбиесіне ерекше мән беру керек екенін ана ретінде Күләш Сапарқызы әсте естен шығарған емес.

– Отан отбасынан басталады. Сондықтан да, болашағымыз жарқын болып, жас мемлекетіміз көркейе берсін десек, балаларды елді сүюге тәрбиелеуге тиіспіз. Дәстүрімізді дәріптеп, ата-баба салтын сақтау – біздің азаматтық парызымыз. Ал осының барлығы тәрбиеден бастау алады, – дейді аудандық мерейлі отбасы байқауының жеңімпаздары.

Эльмира АХМЕТОВА,

журналист.

Қызылжар ауданы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp