Өңір басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов бастаған облыстың ресми және іскерлік делегациясы Ресей Федерациясының Қорған облысында болды. Іссапар Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Дәурен Абаев пен Қазақстанның Екатеринбург қаласындағы Бас консулы Жарас Мамутбековтің қолдауымен жүзеге асты.
«Еліміз бен көршілес мемлекеттің арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық нығая түсуде. Соңғы бес жылда облысымыз бен көрші ел арасындағы тауар айналымы 1,6 есеге өсіп, 700 млн. АҚШ долларына жетті. Алайда бұл – әлеуеттің шегі емес. Қорған облысының губернаторы Вадим Шумковпен өткен кездесуде екіжақты әріптестікті одан әрі кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Осы мақсатта сауда-экономикалық, ғылыми- техникалық және гуманитарлық салалардағы ынтымақтастық туралы келісімді іске асыру жөніндегі жол картасына қол қойылды», – деп жазды өңір басшысы әлеуметтік желіде.
Сапар барысында бизнес-бастамалар мен бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Бұл тақырыптар шекаралас екі облыстың іскер топтарымен өткен диалогтың өзегіне айналды. Солтүстік Қазақстан мен Қорған облысының кәсіпкерлері B2B форматында іскерлік мәселелерді талқыға салды.
Нәтижесінде бірнеше маңызды құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда Қорған облысының сауда- өнеркәсіп палатасы мен жергілікті кәсіпкерлер палатасы арасындағы келісім, «Солтүстік» ӘКК жанындағы инвесторларды қолдау және инновацияларды дамыту орталығы мен «Агрокомплекс Кургансемена» арасындағы меморандум, сондай-ақ «Кургандормаш» АҚ мен «Қызылжар» АЭА арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум. Коммуналдық және арнайы техника шығаратын «Кургандормаш» «Қызылжар» АЭА-да кәсіпорын ашуды жоспарлап отыр.
Өндірістік әлеуетті тереңірек зерделеу мақсатында өңір делегациясы «Кургандормаш», «Курганстальмост», «Вездеходы Бурлак» кәсіпорындары мен индустриялық паркке барды. Бұл нысандар өнеркәсіптік кооперация мен технология алмасу тұрғысынан практикалық қызығушылық тудырды.
Сонымен қатар Қорғанда тұратын қазақтармен жылы кездесу өтті. Жүздесу барысында білім беру және мәдени байланыстарды кеңейту мәселелері қозғалды.
Сапар соңында облыс әкімі қорғандық әріптестерге мазмұнды сапар үшін алғысын білдірді. Қол қойылған меморандумдар мен келісімдер өңіраралық ынтымақтастықты нығайту жолындағы маңызды қадам болмақ.
Диас АЯҒАН,
«Soltüstık Qazaqstan».