«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАТУ КӨРШІ – ТУЫСТАЙ

Жақында өңірімізге Қорған облысынан арнайы делегация келді. Гуманитарлық акция аясында “Қорған облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық бірлестігінің өкілдері, Зауралье халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшелері, Ресейдің танымал жазушылары, жоғары оқу орындарының бірқатар білікті мамандары және БАҚ өкілдері жиналған бұл кездесу өте маңызды болды. Өйткені, биылғы жыл біз үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығымен ерекшеленсе, Ресейде – “Әдебиет жылы”.

Делегация Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханада “дөңгелек үстел” өткізді. Шараға этномәдени бірлестіктер өкілдері, зиялы қауым және түрлі сала мамандары қатысты. Екі облыс арасындағы халықтар достығы мен татулығын нығайтып және одан әрі дамыту тақырыбында өрбіген кездесуде екі кітаптың тұсаукесері болды. “Қорған облысындағы қазақтардың ұлттық-мәдени автономиясы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әсет Бейісов жиналған қауымды “Казахи Курганской области” атты кітаппен таныстырды. Оның ішіне Ұлы Отан соғысы жылдары мен бүгінгі өмір жайында біраз маңызды мәліметтер жинақталған. Саяси-қоғамдық жұмыстарға белсене қатысатын бірлестік төрағасы Әсет Шоқанұлы Қорған облысында “Бірлік” газеті шығатынын да мақтанышпен жеткізді.  

Екінші кітаптың авторы, аталмыш қоғамдық бірлестіктің мүшесі Боранбай Бижігітов оқырмандарға “Естігенім елден көп” деген еңбегін ұсынды. Автор жинағына 30 жыл бойы жинаған қазақтың мақал-мәтелдерін, баталарын енгізген. Қазақша-орысша жазылған кітап 150 данамен жарық көрген.

Кітап – құнды қазына. Оның қорын көбейту мақсатында екі облыстағы кітапханалар бүкіләлемдік “Шекарадағы кездесу” бағдарламасы аясында қарқынды жұмыс жүргізуде. Кездесу барысында Қорғаннан келген қонақтар кітапхана директоры Бейбіткүл Әбілмәжіноваға және бірнеше азаматқа екі облыс арасындағы байланыстың қарқынды дамуына сүбелі үлес қосқандары үшін “Ризашылық және Алғыс” дипломы мен кітаптар табыс етті.

Тағылымы мол кездесуде Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы сияқты тарихи маңызы бар тақырыптар да қозғалып, екі жақтан сөз алғандар өз ойларын, тілектерін жеткізді.

Бұл күні Қорған облысынан келген қонақтар Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің жанындағы Тіл және әдебиет институтында болып, ұстаздар қауымымен және студенттермен кездесті.

Маңызды шаралардан кейін қонақтар облыс орталығының мәдениет ошақтарын аралап, өлкеміздің тарихымен танысты.

Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp