Мемлекет басшысының бастамасымен осыдан бес жыл бұрын қолға алынған “Мерейлі отбасы” ұлттық байқауы жылдан-жылға кеңейе түсуде. Бұл байқау салт-дәстүрді сақтай отырып, отбасы институтын нығайтуға бағытталған.
Кеше облыс орталығында аталмыш конкурстың екінші кезеңі өтті. Салтанатты шара барысында татулықтың берік темірқазығына айналған мерейлі отбасылар тоғыз аталым бойынша анықталды. “Отбасылық іс” аталымы бойынша Қызылжар ауданындағы Надежка ауылының тұрғындары Асташовтар, Уәлиханов ауданынан Сағындықовтар және Аққайың ауданынан Филатовтар отбасылары жеңімпаз атанды.
“Әке, ана және мен – спортқа бейім отбасы” аталымы бойынша Есіл ауданынан Тұрыбаевтар әулетінің мерейі үстем болды. Нариман Құрманғалиұлы Ж.Қизатов атындағы ауыл шаруашылығы колледжінде дене шынықтыру, ал зайыбы Дәрия Сансызбайқызы қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің ұстазы. Отағасы волейболдан облыс чемпионы, қазақша күрестен бірнеше дүркін жеңімпаз. Ынтымағы мен ырысы жарасқан отбасылар арасынан бұл аталым бойынша Тимирязев ауданынан Собкаловтар және Айыртау ауданынан Кәкен отбасылары да жеңімпаздар қатарынан орын алды. “Ата-ана мақтанышы” аталымы бойынша жүзден жүйрік шыққандар арасында Тайынша ауданының намысын қорғаған Шариповтар, Петропавл қаласының тұрғындары Бойко мен уәлихановтық Смағұловтар отбасылары көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
“Еңбекшілер әулеті” аталымында Жамбыл ауданынан келген Әдрақовтар мен Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан Дәуітбаевтар және Тайынша қаласының тұрғындары Ермұқановтар әулеттері жеңімпаз атанып, құрмет-қошеметке бөленді.
“Өнерлі отбасы” аталымында Аққайың ауданынан келген Мырзахмет Серікұлы мен Гүлмира Ермекқызы Айғожиндер жеңіс тұғырына көтерілді. Төрт бала тәрбиелеп отырған жас отбасы Қазақстан халқының тілдері фестивалі аясында өткен “Отбасы – алтын діңгек” байқауының да жеңімпаздары. Бұл аталым бойынша есілдік Қорғанбай, Мағжан Жұмабаев ауданынан келген Рыспаевтар және Уәлиханов ауданынан Иманхан әулетінің жұлдыздары жанды.
“Балалы үй – базар” аталымында сахна төріне Мамлют ауданынан келген Тілемісовтер, Мағжан Жұмабаев ауданынан Қошагелдиновтар және ақжарлық Хоршат пен Сабыровтар отбасылары шығып, көрермендер ықыласына бөленді.
“Интернационал отбасы” аталымы бойынша айыртаулық Жанғошқаровтар, Шал ақындық Шумековтар отбасылары жеңімпаз атанды.
“Қайырымды жүрек” аталымында Петропавлдық Манаповтар шаңырағы жеңімпаз деп танылды. Жасұлан Бауыржанұлы мен Алтынай Жамалқызы жүрегі кең жандар. Олар өздерінің үш баласымен қатар асырап алған екі бүлдіршінге де қамқорлық көрсетіп, мейірім шапағатын төгіп жүрген үлгілі ата-ана. Бұл аталым бойынша мамлюттік Токаревтар және тимирязевтік Молденовтар да ерекше сый-сияпатқа бөленді.
“Атадан балаға мұра” аталымында Ғабит Мүсірепов атындағы ауданнан келген Баймурзиндер, жамбылдық Галимовтар және Қызылжар ауданында тұратын Ашмай отбасылары жүлдегер атанып, мерейлері үстем болды.
“Мерейлі отбасы” ұлттық байқауына қатысуға ниет білдірген шаңырақ иелерін облыс әкімінің орынбасары Анархан Дүйсенова құттықтады.
Облыстық кезеңде бірінші орын қызылжарлық Некебаевтар және Петропавлдық Пархоменко отбасыларына бұйырды. Байқаудың жеңімпаздары Астана қаласында өтетін “Мерейлі отбасы” бауқауының ақтық кезеңінде бақ сынайтын болады.
Алма ҚУАНДЫҚҚЫЗЫ,
“Солтүстік Қазақстан”.
СУРЕТТЕ: Некебаевтар әулеті.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.