Тайынша ауданындағы Макашевка елді мекенінде жаңа тауарлы-сүт фермасы іске қосылды. «Солтүстік» әлеуметтік- кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы баспасөз қызметінің мәліметінше, Тайынша ауданында орналасқан жаңа кешен 600 басқа арналған. Қажетті ірі қараның 400-ге жуығын сатып алды. Олардың 220-сы – сүтті симменталь сиырлары. Шаруашылық тайыншаларды Германиядан әкелді.
Күзге қарай үшінші нысанды іске қосқанда тағы 200 бас әкелінеді деп жоспарланған. Толық қуатқа шыққан кезде ферма жылына 18 мың тонна сүт өндіреді. Ал шикізат облыстың ірі сүт өңдеу кәсіпорнына өткізіледі.
Жаңа тауарлы-сүт фермасында 25 жұмыс орны ашылды, оның жетеуі әлі бос. Ферманың үшінші ғимараты іске қосылған кезде қосымша жұмысшылар қажет болады. Шаруашылықта жергілікті тұрғындармен қатар басқа елді мекендерден келіп жұмыс істеп жатқандар да бар. Компания оларға жатақхана беріп, тегін тамақпен қамтымақ. Жобаның жалпы құны – 1,2 млрд. теңге.
– 2024 жылы «Асар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мал және қажетті жабдықтарды сатып алуға 550 млн. теңге көлемінде несие алды. Ол жылдық 5 пайызбен 10 жылға берілді. Шаруашылық несиені тек бір жылдан кейін ғана қайтара бастайды, – дейді «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы акционерлік қоғамы департаментінің басшысы Олжас Сағандықов.
Бұл қаржы институты өткен жылы Солтүстік Қазақстан облысының тауарлы-сүт фермаларының құрылысына барлығы 17 млрд. теңге бөлді.
Ақерке ДӘУРЕНБЕКҚЫЗЫ,
«Soltüstık Qazaqstan».