Астанада халықаралық “KazAgro/KazFarm – 2016” ауыл шаруашылығы көрмесі өтті. Үшкүндік шараға отандық компаниялармен қатар, Грузия, Финляндия, Дания, Египет, Иордания, АҚШ, Тәжікстан, Украина сияқты 20-дан астам шет мемлекеттің тауарөндірушілері де қатысты.
“Қазақстанда жасалған”, “Халық маркасы”, “Алтын сапа” сынды брендтік марка иегерлері де осы көрмеге қатысып, өз өнімдерін жұртшылыққа ұсынды.
Солтүстікқазақстандық “КазТехМаш” зауытының өкілдері көрмеге қатысушыларды “Сампо-Азия” комбайнымен таныстырды.
– Біздің бірлескен жобамыз өз жемісін беруде. Жасалған комбайндар көптеген өңірлерден келген ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің көңілінен шықты. Әрине, осындай көрмелер – зауыттар үшін өз өнімдерін іркіліссіз өткізудің жақсы мүмкіндігі. Сондықтан жұмыс істеуге дайынбыз, – дейді жерлес компанияның Финляндиядағы серіктестері “SAMPO ROSENLEW” компаниясының сату және маркетинг жөніндегі директоры Михаил Кулик.
Әлемге танымал “Класс”, “Есіл”, “ДжонДир” комбайндары қойылған шараға теріскейлік тағы бір компания қатысты. Ол – ауыл шаруашылығы техникасын жасайтын “Avagro” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Зауыттың асығы алшысынан түсіп, көрмеге жеткізген барлық техникасы сатылып кетті.
Мағжан АХМАДИНА,
журналист.