«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАУАР ТАҢБАСЫ

Кез келген адам дүкеннен тауар сатып алғанда оны шығарған фирманың атауына, ерекше белгілеріне назар аударары сөзсіз. Яғни, көпшілігіміз өзімізге бұрыннан таныс, яки жарнамасы жақсы тауарларды сатып алуға тырысамыз. Тауар таңбасы тауарларды немесе әртүрлі қызмет көрсетулердің сапасын айыру және бірегейлендіру үшін пайдаланылатын айрықша белгі болып табылады. Бастапқы кездері мұндай таңбалар тауар өндірушінің қызметін бірегейлендіру құралы ретінде пайдаланылды, яғни ол өз тауарларына айрықша белгілер қою құқығына ие болды. Қоғамдық өмірдің шаруашылық саласының жақсы дамуына байланысты өндірісшілер арасында бәсекелестік туындады, соған байланысты тауарлар мен қызмет көрсету таңбалары саны айтарлықтай өсті. Олардың көпшілігі өз белгілерімен шығарылған тауарлардың, көрсетілген қызметтердің сапасына көп көңіл бөлді. Соның нәтижесінде сатып алушылар, тұтынушылар аясын кеңейте отырып, тауарлар сатылатын, қызметтер көрсетілетін нарық аумағы елімізден тысқары жерлерге тарады. Бүгіндері Қазақстан Республикасының аумағында және одан тысқары жерлерде «Халық», «ҚАЗКОМ-МЕРЦ», «COCA-COLA», «SPRITE», «FANTA», «MARLBORO», «Арарат» және басқа да 16 тауар таңбалары кеңінен танылған.

Бұл, сондай-ақ, бір заңды немесе жеке тұлғаның тауарларын, яки көрсететін қызметтерін басқалардың осы тектес тауарларын немесе көрсететін қызметтерінен ажыратуға мүмкіндік беретін таңба болып саналады.

Тауар белгісі өнімді бірегейлендіру тәсілі болып табылады, ол зияткерлік меншікке жатқызылады. Тіркелген тауар таңбасына куәлік беріледі. Тауар таңбасы ретінде сөз, бейне, көлем және басқа таңбалар немесе олардың құрамдастырылған түрлері тіркелуі мүмкін. Мемлекеттік рәміздерді, тулар мен эмблемаларды, халықаралық ұйымдардың қысқартылған немесе толық атауларын; ресми бақылау таңбаларын, кепілдікті және сынамалық таңбаларды, мөрлерді, наградалар мен басқа да айырым белгілерін білдіретін таңбалар тіркеуге алынбайды. Дегенмен, осы құзырлы органдардың немесе иелерінің келісімі болса, олардың тауар таңбасына қорғалмайтын нышандар ретінде енгізілуі мүмкін.

Тауар таңбасы заңмен қорғалады және оны тауар үшін тауар таңбасы ретінде тіркелген бүкіл тауарға немесе оның бір бөлігіне қатысты жасалған шарт бойынша басқа бір заңды және жеке тұлғаларға беруге болады. Сонымен бірге тауар таңбасының иесі (лицензиар) оны пайдалану құқығын лицензиялық келісім бойынша басқа тұлғаға (лицензиатқа) беруі мүмкін. Тауар таңбасымен қатар белгілі бір фирманың бір тауарын емес, барлық тауарларын таңбалау үшін символ – белгі түріндегі сауда таңбасы (кейде оны фирмалық таңба деп те атайды) мен шығарылатын өнімге емес, шығарушы фирмаға тиесілі сауда атауы да пайдаланылады. Заң жүзінде қорғалған тауар таңбасы әдетте дөңгелек сызықпен қоршалған латынша “R” әрпімен таңбаланады. Тауар таңбасын иеленушінің оны пайдалануға заңмен қорғалған айрықша құқығы болады.

Тауар таңбасы (сауда таңбалары) фирмалық тауарларға‚ орамаларға‚ сызбаларға‚ анықтамалықтарға‚ шоттарға‚ бланкілерге‚ затбелгілерге және тауарлармен‚ жұмыстармен‚ қызметтермен қоса жүретін басқа да құжаттамаларға соғылады. Тауар таңбасы зияткерлік белгілерге жатады және негізгі құрал-жабдықты ақыға сатып алған жағдайда айналымнан тыс активтердің құрамында есептеледі. Егер тауар таңбасын субъектінің өзі әзірлеген болса‚ онда мұның өзі оның өнімі‚ тауары деп саналады‚ оны өткізу сәтінде және тек оны сатып алған тарапта ғана оның бейматериалдық актив деп бағалануы мүмкін. Тауардың арналуы (жеке бастың пайдалануына немесе қайта сатуына арналуы)‚ ал статистика мақсаты үшін – есеп айырысу сипаты (қолма-қол есеп айырысу немесе қолма-қол ақшасыз есеп айырысу) заң жүзінде бөлшек сауданың басты белгісі болып табылады.

Бейбіт ҚАЗБЕКОВ,

облыстық әділет департаменті зияткерлік меншік құқығы жөніндегі бөлімінің басшысы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp