Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Шыңғыс Қабдола ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде Қызылжар өңірінің қосып жатқан үлесіне тоқталып өткен Шыңғыс Қабдола бүгінде мемлекет те бизнес субъектілерін дамыту, отандық тауар өндірушілерінің қызмет аясын кеңейту мәселелеріне көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғанын жеткізді. Облыстық департамент те кәсіпкерлікті қолдау ісін басты назарға алған.
20-дан астам ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары бас қосқан кездесуде Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаменті мен “Қазақстан Фермерлер одағы” республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалы шаруашылық субъектілерінің құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау бойынша өзара ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Жиында ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының өкілдері мемлекеттік органдар мен бизнес субъектілерінің өзара тиімді байланыстарын нығайтуға қатысты ұсыныстарымен бөлісті.
(Өз тілшіміз).