«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАУАҒАШТА ТАРИХШЫҒА ОРЫН ЖОҚ

Газет редакциясына Петропавл қаласында тұратын зейнеткер ұстаз Жақсылық Дәуренбековтен хат келген еді. “Жуырда жолым түсіп Көкшетауға барған едім. Автобуста жол қысқарту мақсатында қасымда отырған Асхат есімді жас жігітті әңгімеге тарттым. Ол өзінің Көкшетау қаласында жоғары оқу орнын бітіргенін айтты. Сөзден сөз шығып, оның болашақта қайда қызмет ететінін сұрағанымда ол өзінің туған ауылы Тауағашта жұмыс бар екенін, алайда, зейнеткер ұстаздың орнын босатқысы келмейтінін тілге тиек етті. Шынында да ойланарлық жай екен: Асхат сияқты жас маманның туған ауылына барып, еңбек етуіне мүмкіндік жасағанымыз дұрыс емес пе?” – делінген хатта.

Хат бойынша зерттеу жүргізгенімізде Есіл ауданының Тауағаш ауылында Асхат Оспанов деген жігіттің тұратыны расталды. Ол Көкшетау қаласындағы жоғары оқу орындарының бірін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша үстіміздегі жылы бітірген екен.  

Мәселенің мәнісін білу үшін Тауағаш орта мектебінің директоры Мұрат Сибанбаевқа хабарласқан едік. Мұрат Серғалиұлы өзі басқаратын мектепте бір зейнеткердің қызметін жалғастырып жатқанын жоққа шығарған жоқ. Ол кісі мектебімізде 35 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Жоғары санатты мұғалім. Зейнеткерлікке 2015 жылы қаңтар айында шықты. “Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 240-бабына сәйкес мемлекеттік мекеменің (қазыналық кәсіпорынның) басшысы зейнеткерлік жасқа жеткен, кәсіптік және біліктілік деңгейі жоғары қызметкермен оның еңбекке қабілеттілігін ескере отырып, еңбек шартын жыл сайын ұзартуы мүмкін. Осыған орай еңбек шартын жыл сайын ұзарту еңбек заңнамасымен жұмыс берушінің құқығына жүктелген”, – делінген. Осыны негізге ала отырып, мен ұстаздың білім саласына сіңірген әлі де сіңіретін еңбегін ескеріп, бір жылға келісім жасадым. Тарих пәнінен тоғыз сағаттық жүктемесі бар. Ол жас маманға не болады? – деген басшы мектепте тағы екі тарихшы бар екенін де айта кетті. Соған қарағанда, жас маманның қызметті басқа жерден іздегені жөн сияқты.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp