Қызылжар ауданындағы Знаменское ауылдық округінде 40-тан астам күрд отбасы түтін түтетіп отыр.
Олар да тағдыр тауқыметімен атамекендерінен еріксіз жер аударылғанды. Басқа ұлттар секілді күрдтердің де көзі ашық, көкірегі ояу азаматтары тұтқындалып, жазықсыз ату жазасына кесілген. Бүгінгі таңда Қазақстанның әр өңірінде кезінде тағдырдың тауқыметімен қоныс аударған күрдтердің ұрпақтары өмір сүруде.
Күрдтер әлі күнге дейін ата дәстүрлерінен ажыраған жоқ. Бүгінгі ұрпақтары шілдехана, нәрестеге есім қою, сүндетке отырғызу сияқты отбасылық дәстүрлерге берік. Мұндай күндерді олар сән-салтанатпен қарсы алады. Бәрі қуаныш иесіне ізгі тілектерін айтып, үлкен-кіші болып той дастарқанына жиналады.
Ал түрлі түсті матамен көмкерілген, кең, жүріп-тұруға өте ыңғайлы ұлттық киімдерін аудан көлеміндегі түрлі мерекелерде киіп шығады. Дегенмен, жергілікті жерге және климаттық жағдайларға байланысты өзгерістер енгізуге болады, дейді өздері.
Мереке күндері олар дастарқанға міндетті түрде дәстүрлі тағамдарын қояды. Ол “Бозбаш” деп аталады. Күнделікті тұрмыста олар сүт және ет тағамдарын, көкөніс пен жемісті тұтынады. Күрдтер мал шаруашылығымен айналысып, тері илейді, әйелдері жүннен бұйымдар (кілем, киіз, тоқыма бұйымдар) тоқуға икемді келеді.
Құрбан айтқа олар қой немесе өгіз шалады. Ал өздерінің ұлттық мейрамдары – “Қыдыр-нәби”.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін тойлауды күрдтер бір апта бұрын бастайды. “Огра Нәврузиге”, яғни жаңа жылға, жаңа күнге жеткендеріне от жағады. Қызыл жалынның үстінен секіріп, “өткен күндердің қиыншылығы отпен кетсін” деп ырымдайды. Ұлттық билерінің 300 түрі бар. Олардың біразын Наурызда нақышына келтіріп орындайды. Дастарқанға алдымен күрдтердің 9 түрлі тағамнан әзірленген наурызкөжесі – “Грар” қойылады. Содан кейін көрісу салты басталып, үлкендері үй-үйді аралайды. Қарттары бір дастарқанда бас қосып, оларға жастар жағы ұлттық киімдерін киіп, қызмет көрсетеді. Күрдтердің – “Говенд” деп аталатын ұлттық биі бар. Шынтақ пен шынтақты байлап ұстап, билеу арқылы бірлікті, достықты дәріптейді. Бұл биді олар ұлттық мерекелерде орындайды.
Зағипа АХМЕТОВА,
журналист.
Қызылжар ауданы.