Жасыратыны жоқ, тарихқа үңілсек, еліміздің түрлі қиындықтарды бастан өткергенін байқаймыз. Қолдан жасалған нәубеттер, саяси қуғын-сүргін, сұрапыл соғыс – осының бәрі бізді ұлттық болмысымыз бен келбетімізден айыруға шақ қалды.
Бірақ біз өзіміздің ұлттық құндылықтарымыздың, ғасырлар көшінде қалыптасқан тарихи мұраларымыздың арқасында бүгінге аман-есен жетіп отырмыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақаласы арқылы уақыт пен кеңістіктің тоғысуынан пайда болған жауһар мұраларымызды сақтауға, олар туралы дұрыс көзқарас қалыптастыруға шақырып отыр. Өте құптарлық. “Бүгінде төл тарихымызға оң көзқарас керек. Бірақ қандай да бір тарихи оқиғаны таңдамалы және конъюнктуралық тұрғыдан ғана сипаттаумен шектелуге болмайды. Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Бұлар өзара бірлескенде жеке адамдардың да, тұтас халықтардың да өміріне қайталанбас реңк береді”, – деп атап көрсетті Президент.
Мемлекет басшысы мақаласында тарих ғылымының басымдықтарымен қоса, оның әдістемесін, алты бағыттағы кешенді іс-шараларды ұсынып отыр. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылатын бұл шаралар халықтың, жас ұрпақтың таным-түсінігінің берік қалануына алғышарт жасайды. Елбасы мақаласын: “Төл тарихын білетін, бағалайтын және мақтан ететін халықтың болашағы зор болады деп сенемін. Өткенін мақтан тұтып, бүгінін нақты бағалай білу және болашаққа оң көзқарас таныту – еліміздің табысты болуының кепілі дегеніміз осы”, – деп тұжырымдайды. Бұл ұлтын сүйетін, қазақ болғанын мақтаныш ететін әрбір адамның жүрегіне қуаныш сезімін ұялатқаны сөзсіз. Өйткені, тарих дегеніміз – тек өткеннің сабағы ғана емес, тағдыр тезінде сыналған ұлтының бүгінгіге дейінгі өмірінің мазмұны, болашаққа деген ұмтылысы. Оны ардақтау – парыз.
Президент бастамалары, шын мәнінде, еліміздегі тарих пен руханият дамуының жаңа белесіне жол ашып отыр. Осы арқылы қоғамдық ой жетіліп, отаншылдық идеясы жаңғырады. Отаншылдық қасиет мемлекетшілдікке бастайтыны ақиқат. Мемлекетшіл ұрпағы бар ел тек биіктерді бағындырады. Бұл, әсіресе, біздің ғалымдарымыз бен тарихшыларымыз, оқытушыларымыз үшін зор мүмкіндік деп ойлаймын. Олар алыс-жақын шетелдегі мұрағаттармен, ғылыми-зерттеу институттарымен, тарихшылармен тығыз байланыс орнатып, қазақ тарихына қатысы бар кез келген дерек, құжаттарды елге әкелуге, ұлт жылнамасындағы “ақтаңдақтардың” жұмбағын ашуға, Қазақстан тарихын толыққанды жасап, оқытуға бар күш-жігерін салуы тиіс. Біздің міндетіміз – мақалада көтерілген бастамалар мен міндеттерді ойдағыдай орындап, халықты, осы мақсатқа бір кісідей жұмылдыру болмақ.
Нұрлан РАХИМОВ,
Қызылжар аудандық мәслихатының депутаты.