… Оның дүниеден көшкен уақыты алыстаған сайын қысқа ғана ғұмырындағы қызметі барлық қырымен айқындала түскендей. Иә, ол бар болғаны 58 жасында дүниеден өтті. Қайтыс болған соң мұрағатымен айналысып, есте қалғандарды жаңғыртуға кіріскен алғашқы уақытта ағамның өмірі мен қызметін ғұлама адамдармен салыстыру артықтау көрінетін. Соңғы уақыттың бедерінде Қ. И. Сәтбаевтың 100 жылдығына орай шығарылған кітаптарды оқып, академиктің жүріп өткен өмір жолымен мұқият танысқаннан кейін ағайдың ол кісіге көп жағынан ұқсас екенін түйсіндім. Тек олардың қызмет ауқымы ғана әртүрлі.
Сыртқы келбеті жағынан екеуі де бір-біріне ұқсас, ұзын бойлы, бастары үлкен, ер тұлғалы, келбетті, кең маңдайлы. Олар кез келген ортада ерекше көзге түсіп, бір көргеннен сырт бейнелері есте қалады.
1960 жылы жас кандидат Е.А. Букетов аты аңызға айналған ғалым Қ. И. Сәтбаевпен кездеседі. Осыдан соң Евней Арыстанұлы Сәтбаевтың ұсынысымен Ғылым академиясына ауысып, үлкен ғылыммен айналыса бастайды. Бұдан соң Евней Арыстанұлы Қазақ ССР Ғылым академиясының Қарағандыдағы химия-металлургия институтының директоры болып тағайындалады. Евней бұл жерде ғалым және іскер ұйымдастырушы ретіндегі өзінің қабілетін жан-жақты көрсетті.
Екі алыптың ұлан-ғайыр еңбегінің нәтижесі ТМД көлеміндегі халық шаруашылығының ең басты салаларында өз бейнесін тапты. Сәтбаевтың барлық ғылыми қызметінің ішінде шоқтығы биігі минералдық-шикізаттық ресурстарды іздеп табу болса, Букетовтің кенді қалдықсыз өңдеу жолындағы еңбегі ерекше.
Хамзабай БӨКЕТОВ,
Евней Арыстанұлының інісі.
(“Орталық Қазақстан” газетіндегі мақаладан үзінді. 2000 жыл, 29 наурыз).