«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАУ ТҰЛҒА

Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда есімі республика жұртшылығына жақсы таныс қоғам және мемлекет қайраткері Еркін Әуелбековтің 95 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Оған Ақмола, Қызылорда, Қызылжар, Торғай өңірлерінен арнайы өкілдер, марқұмның туыстары, еңбек ардагерлері, ұстаздар, мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Салтанатты жиын басталар алдында аудан орталығында ор­наласқан Еркін Нұржанұлының мүсініне гүл шоқтары қойылды. Орталық алаңда орнатылған ес­керткіш – бар ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған тұлғаға де­ген терең құрмет пен алғыстың белгісі.

Ғылыми конференцияны об­лыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов кіріспе сөзбен ашып, өңір басшысы Ғауез Нұрмұ­хамбетовтің құттықтау хатын оқып берді. Тау тұлғаның халқы үшін сіңірген еңбегіне айрықша тоқталып өтті.

«Еркін Нұржанұлы басқарған кезеңде Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Торғай, Қызылорда өңірлері әлеуметтік-экономика­лық дамуы жағынан өркендеп, инфрақұрылым айтарлықтай жақсарды, қала мен ауыл келбеті өзгерді. Ол қай салада қызмет ат­қарса да, мәселелерді білгірлік­пен шеше білді. Артына өшпес мұра, жарқын із қалдырды», – деді өз сөзінде Жүсіп Рахатұлы.

Солтүстік Қазақстан мемле­кеттік мұрағатының директоры Сәуле Мәлікова «Еркін Әуелбе­ков – дара тұлға» тақырыбында баяндама жасады. Парламент Мәжілісінің экс-депутаты Бәкір Әбдіжәлел, Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азама­ты Құдайберген Қалиев, «Тіл сақшысы» республикалық га­зетініңалқа мүшесі Аңсат Сәдуа­қас, марқұмның туған қарында­сы Күләш Әуелбекова, тағы бас­қалары естеліктерімен бөлісті, бұра тартпайтын турашылдық, жаны мен арының тазалығы, іс­керлік қасиеттері жайлыкеңінен сыр шертті.

Ауданның құрметті азаматы Мәрияш Тасмағанбетова Жаңа­су ауылындағы Еркін Нұржанұлының есімімен аталатын мек­тептің жабылып қалғанына қын­жылыс білдіре келіп, аудан орта­лығындағы Новоишим қазақ орта мектебіне атын беру жөнін­де бастама көтерді. Ұсыныс қол­дау тапты.

Республикалық ғылыми- практикалық конференция Со­циалистік Еңбек Ерінің кіндік қаны тамған жерінде жалғасып, жұртшылық ән мен күй кешін, ұлттық спорт түрлері бойынша жарысты тамашалады. Құйрық- жалы таралып, тұяғымен жер тарпыған сәйгүліктер дүбірлі ала­ман бәйгеге қосылды. Білектері білеудей балуандар боз кілемде арыстандай алысып, қазақша кү­рестің көрігін қыздырды.

Мерейтойлық іс-шаралар Еркін Әуелбековтің тұлғасына деген құрметтің, халық бірлігінің, ұрпақтар сабақтастығы мен мәдени мұраны сақтау идея­сын дәріптеудің айқын көрінісі­не айналды.

Шолпан САЛЫҚОВА.

Ғабит Мүсірепов атындағы аудан.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp